Қай елде дінге тіл тигізгендер жауапқа тартылады?

Еуропа мен Қазақстанда адамдардың діни сезімін қорлағандар қалай жазаланады?




Ескерту: masa.media-ның ешқандай діни бірлестікке қатысы жоқ. Редакциямыз алауыздық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы. Бұл материалды біз тек ақпарат ретінде жасадық. 

 

Дінге тіл тигізу деген не?  

 

  • адамдарды дініне қарап алалау; тіл тигізу; қудалау;
  • діни жоралғы, символ, кітапқа құрметсіздік білдіру, дін ұстануға кедергі келтіру және тағы басқасы.

 Тізім мұнымен бітпейді. Нақты кейстерді төменде көрсетеміз.

 

Қазір елдердің 20 %-ы дінге тіл тигізіп, құрметсіздік көрсеткендерді жазалайды: айыппұл салып, түрмеге қамаудан бастап өлім жазасына кесіп жатады. Олардың арасында зайырлы мемлекеттер де, мемлекеттік діні бар елдер де бар. 

 

Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар дінге тіл тигізді деп азаматтарды жауапқа тартуға болмайды дейді. Мысалы, 2007 жылы Еуропа кеңесінің Парламент ассамблеясы дінге тіл тигізгендер жазаланбауы керек деген қарар шығарды. 

 

Сонымен қай елде адамдардың діни сезімін қорлағандар қалай жазаланады? 

 

Қазақстанда дінге тіл тигізу не діни сезімдерді қорлау сияқты әрекеттер Қылмыстық кодекстің 174-бабына («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру») сай жазаланады: 

 

«азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлағандар 2–7 мыңға дейінгі АЕК (20 миллион теңгеге дейін, 2021 жылы 1 АЕК = 2 917 теңге) айыппұл төлейді не екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығы шектеледі не айырылады». 

 

Өзбекстанда да осындай бап бар. Жазасы — бес жылға дейін түрмеге қамау. 

 

Ресейде адамдардың діни сезімін қорлағандарға 300 мың рубльге (1,6 миллион теңге) дейін айыппұл салынады не бір жыл міндетті жұмысқа жегіледі не сол мерзімге абақтыға қамалады

 

Қырғызстанда діни алауыздық туғызған адам бес жылдан 7,5 жылға дейін түрмеге қамалады. 

 

Германияда дінге тілге тигізіп, қоғам тәртібін бұзғандар үш жылға дейін абақтыға қамалады. 2006 жылы осы айыппен 61 жастағы зейнеткер бір жыл бас бостандығынан айырылып, 300 сағат қоғамдық жұмысқа жегілді. Ол «Құран, Қасиетті Құран» деген жазуы бар әжетхана қағазын 22 мешітке жолдаған. 

 

Ал Грекияда діни сезімдерді қорғауға қатысты бір бап бар, бұрын үшеу еді. Сол баптарға сай дінге, әсіресе Грек Ордокс шіркеуіне тіл тигізгендер екі жылға бас бостандығынан айырылатын еді.  

 

2003 жылы «хиппи» Иса пайғамбардың суреті бар кітаптарды сатқаны үшін аустриялық Герхард Хадерер 10 жылға қамалған еді. Бірақ екі жылдан кейін апелляция шағым жазып, босап шықты.  

 

Польшада дінге тіл тигізгендерге айыппұл салынады не екі жылға бас бостандығы шектеледі не одан айырылады. Дәл осы бап бойынша 2012 жылы әнші Доротаға «Інжілді ішіп-шегіп алғандар жазған» дегені үшін 5 мың злотый айыппұл салынды. 

 

Дания, Франция, Швеция, Исландия, Норвегия, Англия, Уэльс пен Ниделандта діни сезімдерді қорлау қылмыс емес, ал Италияда әкімшілік құқық бұзушылық, кінәліге тек айыппұл салынады. 

 

Мұсылманы көп елдер дінге, құдайға, Құранға тіл тигізгендерді өте қатаң жауапқа тартады, тіпті азаматтары сотсыз-ақ та жазалап жатады. 

 

2010 жылы Пәкістанда 50 жастағы кристиан Әсия Бибі «мұсылман» құдықтан су ішті деп өлім жазасына кесілген еді. Бірақ мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар араша болып, 2018 жылы босап шықты. 

 

Жалпы, бұл елде дінге құрметсіздікке қатысты 10 бап бар. Соның бірі Құранды қор қылу туралы. Ол үшін түрмеге өмір бойына қамалуға болады. 

 

Сауд Арабиясы — ресми түрде мұсылман ел, заңдары да шариғатқа (дін заңдарына) сүйенеді. Онда дінге тіл тигізгендер өлім жазасына кесілуі мүмкін.  Халықаралық ұйымдар бірнеше рет бұл елді сөз және дін бостандығын шектейді деп сынаған. Сауд Арабияда басқа дінге сенгендер де жазалануы ғажап емес. 

 

Түркия «дінге құрметсіздік» білдіргендерді алты айдан бір жылға дейін түрмеге қамайды. 


Ал Мьянмада екі жыл түрмеге қамайды не айыппұл салады не қоғамдық жұмысқа жегеді. 2015 жылы үш жігіт өз барының жарнамасында құлаққап тағып отырған Будданың бейнесін көрсеткені үшін 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды.


16/04/2021 14:28 4654 0

16/04/2021
14:28 4654 0

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

Уведомление