Президентке тағы бір өкілет: Сенат елдің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заңға өзгерту енгізді
Фото: vlast.kz
3 желтоқсанда парламенттің жоғары палатасы — Сенат елдің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заңға өзгерту енгізді. Мұны ҚазАқпарат хабарлады.
Депутттар енгізген өзгерістер мынадай:
— халық саны 400 мыңнан асқан облыстық/республикалық маңызы бар қалалар мен астанада аудан құрылады;
— аудандық маңызы бар қала, кент пен ауылдың белгілері нақтыланады. Осылайша аудандық маңызы бар 13 қала «ауыл» дәрежесін алуы мүмкін. Сенаторлардың ойынша, бұл қалалар «аудандық маңызы бар қала» дәрежесіне сай емес. Себебі олардың халық саны 10 мыңға жетпейді.
— президент республикалық/облыстық/аудандық маңызы бар қалаларды басқа елді мекенге айналдырады. Мысалы, облыстық маңызы бар қаланы республикалық маңызы бар қала қыла алады. Бірақ әуелі ол үкіметтің ұсынысы мен әкімдіктер, мәслихаттардың пікірін ескеруге тиіс.
— үкімет президентке республикалық/облыстық/аудандық маңызы бар қалаларға басқа дәреже берейік деп ұсыныс айта алады.
Енді осы өзгерістер күшіне енуі үшін заң жобасына президент қол қоюы керек. Мемлекет басшысының парламент шығарған заңға қол қоймай, депутаттарға қайтарып беру құқы бар.
Кішігірім сөздік:
Республикалық маңызы бар қала — халық саны 1 миллионнан асқан елді мекен: Астана (Нұр-Сұлтан), Алматы мен Шымкент.
Облыстық маңызы бар қала — ірі экономикалық және мәдени орталық саналатын, халық саны 50 мыңнан асқан елді мекен. Мысалы, Ақтау, Талдықорған.
Аудандық маңызы бар қала — өнеркәсібі, медицина, білім және сауда жүйесі дамыған, халық саны 10 мыңнан асқан елді мекен. Мысалы, Үштөбе, Жетісай.
Пікірлер жоқ.