Лас ауадан әлемде жылына жеті миллион адам көз жұмады — БҰҰ
Коронавирус пандемиясы ауаның ластануын азайта алмады

Фото: korrespondent.net
Ауаның ластануынан әлемде жылына жеті миллион адам қайтыс болады. Бұны Біріккен Ұлттар Ұйымы хабарлады.
Ұйымның сарапшылары лас ауаны «көрінбейтін өлтіруші» деп атайды.
— Ауаның ластануы тыныс алу, инфекция, жүрек аурулары, инсульт, өкпе қатерлі ісігіне әкеп соғады. Балаларда астма, диабет, артық салмақ пайда болып, ақыл-есі кеми бастайды, — дейді олар.
Пандемия кесірінен транспорттардың тоқтауы кейбір жерде ауаның тазаруына ықпал еткен. Мысалы, Испания астанасы Мадридте ауаның ластануы 50 %-ға кеміген. Десе де БҰҰ Еуропалық комиссияның хабарлауынша, транспорт — ауа сапасына әсер ететін жалғыз фактор емес. Мысалы, оған үйлерді жылыту мен жерді тыңайтудың ықпалы зор.
— Сондықтан көлік саласына қатысы жоқ ауаны ластайтын факторлармен күресу қажет, — дейді мамандар.
Сонымен қатар, олардың айтуынша, лас ауа экономикаға да зарар береді екен. Еуропаның он елінде ауаның ластануынан келген шығын ұлттық жалпы ішкі өнімінің 20 %-ына тең болған.

Пікірлер жоқ.