Конституция жобасын талқылау: азаматтар желідегі қандай жазбасы үшін жазаланады?

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде Конституция жобасына қатысты жалған әрі арандатушылық ақпарат таратқандарды қандай жаза күтіп тұрғанын айтты.


03/02/2026
10:35 302 0

Жалған ақпарат тарату фактілері

 

Ведомствоның хабарлауынша, қоғамдық кеңістікте, соның ішінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасына қатысты фактілерді әдейі бұрмалау және жалған мәлімет тарату деректері тіркеліп отыр.

 

«Мұндай әрекеттер азаматтарды жаңылыстырып, қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны интернетте жаңа Конституция жобасында жерді шетелдіктерге сатуға тыйым алып тасталды деген жалған ақпарат таратқан. Ішкі істер департаментінің басшысы Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді және оларды жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ресми түрде жоққа шығарған. Осыған байланысты азамат жауапқа тартылды», - делінген хабарламада.

 

Сондай-ақ Абай облысы Семей қаласының тұрғыны жаңа Конституция жобасында мемлекеттің унитарлығы мен аумақтық тұтастығына күмән келтіретін түзетулер бар деген жалған ақпарат жариялағаны үшін жауапқа тартылған.

 

«Аталған қағидаттар жаңа Конституция жобасында керісінше тікелей бекітіліп, күшейтілген", – дейді министрліктегілер.

 

Ұстанымыңды білдіру заң бұзушылық па?

 

Ішкі істер министрлігінің Конституция жобасын талқылау, азаматтардың өз пікірлері мен ұстанымдарын білдіруі заң бұзушылық болып саналмайтынын атап өтті. Жауапкершілік тек көрінеу жалған ақпарат тарату және фактілерді әдейі бұрмалау үшін көзделеді.

 

«Қазір азаматтарды жаңылыстыруға және қоғамдық ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған өзге де жалған ақпарат тарату фактілері анықталып жатыр. Азаматтарды арандатуға ермеуге, тек ресми әрі тексерілген ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз», - дейді полицейлер.

 

ІІМ көрінеу жалған ақпарат тарату мен арандатушылық әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

 

Еске салайық, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия жаңа Конституция жобасын әзірлеп, қазақстандықтардың назарына ұсынды. Бұдан бұрын Ата Заңның жаңа мәтініндегі басты 9 өзгеріске тоқталғанбыз.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

03/02/2026 10:35
302 0

Уведомление