Жаңа Конституция жобасы: Бас құжаттың түбірімен түрленген тоғыз тұсы
Екі күннен бері Қазақстанда Ата заңның жобасы қызу талқыланып жатыр. Өзгерістер мәтіннің 84 пайызын қамтыған. Masa media елдің басты құжатына енген негізгі түзетулерге шолу жасады.
Президенттің жаңа құзыреті
Қазір президент Конституциялық соттың төрағасын, Ұлттық банк төрағасын, Жоғары сот кеңесінің төрағасын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын және Бас прокурорды Сенаттың келісімімен тағайындайды.
Жаңа құжатта аталған тұлғаларды, сондай-ақ Жоғарғы соттың төрағасын, Орталық сайлау комиссиясының төрағасын, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасын, Мемлекеттік күзет қызметінің басшысын және Адам құқықтары жөніндегі уәкілді мемлекет басшысы тағайындап, қызметінен босата алатыны көрсетілген. Алайда енді бір палаталы Құрылтайдың келісімі талап етілмейді.
Құрылтайдың өкілеттіктері
Құрылтай 145 депутаттан тұрады.
Президенттің ұсынуымен олар Жоғарғы сот судьяларын сайлап, қызметінен босатады, сондай-ақ олардың антын қабылдайды.
Депутаттар көпшілік дауыспен мемлекет басшысының вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауына келісім береді. Егер келісім екі рет берілмесе, президент Құрылтайды тарата алады.
Қолданыстағы тәртіп бойынша парламент премьер-министрді тағайындауға келісім беруден екі рет бас тартса ғана таратылады.
Вице-президенттің міндеті қандай?
Құжатта жаңа лауазым – вице-президент қызметін енгізу көзделген. Ол мемлекеттегі президенттен кейінгі екінші тұлға болады.
Оның саяси партия мүшесі болуына, кәсіпкерлікпен айналысуына тыйым салынады. Міндеті – Қазақстан Республикасының мүддесін халықаралық деңгейде білдіру, президент атынан Құрылтаймен, үкіметпен және өзге органдармен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ мемлекет басшысының басқа да тапсырмаларын орындау.
Президент қызметінен кеткенде, әрекетке қабілетсіз болғанда немесе қайтыс болған жағдайда оның өкілеттігі вице-президентке жүктеледі. Бұл мүмкін болмаса – Құрылтай төрағасына, ал ол да мүмкін болмаса – премьер-министрге беріледі.
Бірақ президенттік өкілеттікті қабылдаған тұлға Конституцияға өзгеріс енгізуге бастамашы бола алмайды және Құрылтайды таратуға құқылы емес.
Сөз бостандығы және БАҚ
Сөз бостандығына қатысты баптағы шектеулер кеңейтілген. Құжатта бұл құқық өзге адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығына, қоғамның адамгершілік қағидаларына нұқсан келтірмеуі және қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс екені жазылған.
Ақпаратты еркін алу және тарату құқығы заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен жүзеге асырылады, мемлекеттік құпиялар бұған жатпайды деп нақтыланған.
Митингілер мен ереуілдер
Бейбіт жиналыстарды шектеу негіздерінің тізімі кеңейтілген.
Қазір мұндай шектеулер мемлекеттік (жаңа редакцияда — ұлттық) қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, халықтың денсаулығын қорғау және өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүддесінде қолданылуы мүмкін.
Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, енді конституциялық құрылыстың негіздерін және қоғамның адамгершілік құндылықтарын қорғау мақсатында да шектеу енгізілуі ықтимал.
Еңбек туралы баптан еңбек дауларын шешу тәсілі ретінде ереуіл жасау құқығы жөніндегі нақты норма алып тасталған.
Үкіметтік емес ұйымдарды шетелдік қаржыландыру
Халықаралық және шетелдік заңды тұлғалардан, шетел азаматтарынан және азаматтығы жоқ адамдардан алынған қаражат пен активтердің қозғалысы туралы мәліметтер ашық әрі қолжетімді болуы тиіс деген норма енгізілген.
Халықаралық шарттар және әскери күш
Халықаралық шарттардың заңдардан басымдығы туралы ереже алынып тасталған. Сондай-ақ қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тарту нормасы да жойылған.
Жемқорлықпен сотталғандар сайлауға түсе алмайды
Сайлау туралы бапқа сот заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныған азаматтардың сайлануға құқығы болмайтыны туралы норма енгізілген.
Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға және сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырғандарға да осындай шектеу қолданылады.
Тағы бір орган заң шығару бастамасы құқығына ие болады
Жобаға сәйкес, заң шығару бастамасы құқығы президентке, Құрылтай депутаттарына және үкіметке ғана емес, сондай-ақ Қазақстан Халық кеңесіне де беріледі. Бұдан бөлек, бұл орган жалпыұлттық референдум тағайындау туралы, оның ішінде Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі бойынша бастама көтере алады.
Халық кеңесі – Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына келетін жоғары консультативтік орган.
18:38
629
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.