Халықаралық сот деген не? Қазақстан оның процестерінде тарап болып көрді ме?

Халықаралық соттарға кім арыздана алады және олардың маңызы қандай


17/09/2020
17:27 79147 0


 

Мемлекеттер өзара немесе мемлекет пен азамат бір мәмілеге келе алмағанда олар халықаралық сотқа жүгінеді. Дүниежүзінде осындай сот органдарының 20-дан астамы бар. 

 

Үлкен халықаралық соттардан Қазақстан тек БҰҰ халықаралық сотына мүше. Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің пікірінше, Қазақстанға басқа ірі соттардың құзыретін мойындау тиімсіз, себебі мемлекет әр сот ісінде жеңіліп, нәтижесінде қомақты қаражат төлеуге мәжбүр болар еді. 

 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СОТ ДЕГЕН НЕ? 

 

Халықаралық сот — елдер немесе елдер мен азаматтар арасындағы дау-жанжалды бейбіт жолмен шешетін немесе қалай шешу керек екенін айтатын сот. Оны критерийлер бойынша түр-түрге бөлуге болады.

 

Географиялық тұрғыдан: универсал және өңірлік. Универсал халықаралық сотқа БҰҰ халықаралық соты (ХС), Теңіздегі құқық жөніндегі халықаралық трибунал (ТҚХТ), Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС), Дүниежүзілік сауда ұйымының соты және тағы басқа кіреді. Ал өңірлік халықаралық соттардың қатарында Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты (ЕАҚС), Еуразия экономикалық одағының соты, ТМД экономикалық соты және басқалар бар.

 

Құзыреті жағынан халықаралық соттар жалпы құзыретті және арнайы құзыретті болып бөлінеді. Бірінші топқа БҰҰ Халықаралық соты кіреді. Ал арнайы соттарға Теңіздегі құқық жөніндегі халықаралық трибунал, Халықаралық қылмыстық сот, ТМД экономикалық соты мен Еуразия экономикалық одағының соты жатады.

 

Сонымен қатар оларды қызмет ету мерзіміне байланысты екі бөлуге болады: тұрақты және уақытша сот. 

 

Тұрақты сот — ол үнемі жұмыс істейтін сот. Оның қатарына Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық соты, Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты, Халықаралық қылмыстық сот және тағы басқасы кіреді. 

 

Уақытша сот тек бір немесе бірнеше іске байланысты құрылып, мәселе шешілгенде жабылады. Мысалы, Гитлер тұсындағы Германияға жақтас болған тұлғаларды соттаған Нюрнберг әскери трибуналы.  

 

ОЛАР НЕ ҮШІН КЕРЕК?

 

Қазір көп мемлекет өз арасындағы дау-жанжалды қарудың күшімен емес, бейбіт жолмен шешуге тырысады. Мұндай жағдайда көмекке халықаралық соттар келеді. Олар мәселелерді тікелей шешеді немесе тараптарға қалай шешу керек екені туралы кеңес береді. 

 

Халықаралық соттар көбіне адамзатқа жасалған қылмыстар (геноцид, аннексия, репрессия), адам құқығын бұзу мен жерге қатысты дау-жанжалды қарайды. 

 

Өз елінің сотынан әділет таппаған адам да белгілі бір халықаралық соттың көмегіне жүгіне алады. Мысалы, елдегі сот адамның бейбіт жиналысқа шығу құқығын бұзып, митиң не пикетті заңсыз деп табуы мүмкін. Азамат бұл үкіммен келіспей, мемлекетті халықаралық сотқа беріп, өтемақы талап ете алады. Азаматтар әдетте Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына шағымданады, бірақ Қазақстан тұрғындары оған жүгіне алмайды. Себебі біздің ел бұл соттың құзыретін мойындамайды. 

 

ОЛАР ШЕШІМДІ НЕГЕ ЖҮГІНІП ШЫҒАРАДЫ?

 

Соттарда негізгі құқық көзі болады. Судьялар оларды негізгі ала отырып шешім шығарады. Олар  халықаралық келісімшарт, құжаттар мен конвенциялар. Мысалы, Рим статуты (Халықаралық қылмыстық сот), БҰҰ халықаралық сотының жарғысы, Еуропа адам құқығы мен бостандығын қорғау туралы конвенциясы (Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты) және тағы басқа. 

 

Бұл құжаттардың басқа да атқаратын қызметі бар. Оларға мемлекет қол қоя отырып, белгілі бір соттың құзыретін мойындайды.

 

БҰҰ халықаралық соты. Фото: dw.com

 

ОЛАРДЫ КІМ ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ?

 

Әдетте оны құрған ұйым немесе тараптар.

 

СОТҚА КІМ АРЫЗДАНА АЛАДЫ? 

 

Оның құзыретін мойындайтын мемлекеттер және солардың азаматтары мен ұйымдары. Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына мемлекет үстінен тек адам немесе мемлекеттік емес ұйым шағымдана алады. БҰҰ Халықаралық сотына тек мемлекеттер арыздана алады. Еуразия экономикалық одағы сотының көмегіне осы одақ мүшелері ғана жүгінеді. 

 

КІМДІ СОТҚА БЕРУГЕ БОЛАДЫ?

 

Азаматты, ұйымды және мемлекетті. 

 

ОЛАР КІНӘЛІЛЕРДІ ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАЙДЫ?

 

Оны әр сот өзі шешеді. Олар айыппұл салудан бастап бас бостандығынан айыру жазасына дейін қолданады. Кейбір сот тараптарға тек істі шешу туралы кеңес береді.    

 

Халықаралық қылмыстық сот бас бостандығынан айыру жазасын қолданса, Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты адам құқығын бұзды деп тапқан мемлекетке моральдық өтемақы төлеттіреді. БҰҰ халықаралық соты жеңілген тараптың жеңген тараптың талаптарын орындауға үндейді.  

 

Дегенмен бұл кінәлілер немесе жеңілген тарап шын мәнінде жазаға тартылады немесе сот талабын орындайды деген сөз емес. Халықаралық қылмыстық сот бас бостандығынан айырған қылмыскерлердің көбі жасырынып жүр. 

 

Ұлыбритания БҰҰ халықаралық сотының Маврикияның Чагос архипелагына қатысты талабын елемеді. Бұл сот «Ұлыбритания аралды заңсыз иемденіп алды» деген шешім шығарып, ол жерді босатуды талап еткен еді.  

 

КІНӘЛІЛЕР ЖАЗАНЫ НЕМЕСЕ ТАЛАПТЫ ОРЫНДАМАСА, НЕ БОЛАДЫ? 

 

БҰҰ халықаралық сотының талабын орындамаған елдің үстінен айып таққан тарап Қауіпсіздік кеңесіне шағымдана алады. Ал Халықаралық қылмыстық сот ештеңе істей алмайды. Кейбір сот тек кеңес бере алатындықтан шешіміне құлақ аспаған тарапқа шара қолдана алмайды. 

 

ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СОТТАРДА ТАРАП БОЛЫП КӨРДІ МЕ?

 

Қазақстан ірі халықаралық соттардан тек БҰҰ халықаралық сотына арыздана алады. Бірақ онда мемлекет ешқашан жауапты да, арызданушы да болып көрмеді. 

 

Қазақстан ірі халықаралық сот органдарының бірі саналатын Халықаралық қылмыстық сот пен Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотында тарап бола алмайды. Себебі ол Рим статуты мен Еуропа адам құқығы мен бостандығын қорғау туралы конвенциясына қол қоймады, сол себепті бұл соттардың құзыретін мойындамайды. Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры, құқық қорғаушы Евгений Жовтистің ойынша, бұл құжаттарға қол қою Қазақстанға тиімсіз. 

 

Бұл құжаттарға қол қойса, Қазақстанның азамат алдындағы жауапкершілігі, азаматтың өз құқығын қорғау мүмкіндігі артады. Олардың үкімі БҰҰ комитеттерінің шешімі сияқты ұсыныс емес, міндетті. Одан жалтаруға болмайды. Қазақстан Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотында жауап беретін болса, оның кез келген отырысында ұтылып қалар еді, әр іс бойынша өтемақы төлер еді. Себебі адам, сөз құқықтарына қатысты заңдарымыз халықаралық стандарттарға сай емес. Саясат пен экономика жағынан бұл тиімсіз. Ал Рим статуына қол қоятын болсақ, онда бүкіл сот жүйесін өзгертуге тура келер еді, — дейді заңгер.  

 

Қазақстан азаматтары өз құқықтары бойынша халықаралық сотқа жүгіне алмаса да, БҰҰ-ның төрт комитетіне шағымдана алады. Олар адам құқықтары, әйелді кемсітуді жою, нәсілшілдікті жою жөніндегі және азаптауға қарсы комитеттер. Бірақ олар мемлекетке талап қоя алмайды, тек кеңес береді, сондықтан халықаралық сот болып есептелмейді. Соған қарамастан, Жовтистің пікірінше, бұл комитеттердің шешімі халықаралық соттың үкіміндей қүшке ие болуға тиіс. 

 

— Комитеттердің конвенцияларында шешімдерді орындау міндетті делінбесе де, Қазақстан бұл құжаттарға қол қойды, оның құзыретін мойындады. Демек, ол комитет қандай үкім шығарса да, соған бағынуы керек, — дейді құқық қорғаушы. 

 

«Қадір-қасиет» қоғамдық ұйымының директоры Аида Жүсіпқалиеваның айтуынша, БҰҰ 2011 жылдан бері Қазақстанға қатысты 43 шешім шығарған, оның 32-і арызданушының пайдасына шешілген. 

 

— Дегенмен мемлекет бұл шешімдерді орындамайды. Біріншіден, оны орындайтын орган жоқ. Екіншіден, бұл шешімдерді орындау реті заңнамада жазылмаған. Қазір осы мәселені шешудің жолын қарастырып жатырмыз, — дейді Жүсіпалиева «Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы экстремизмге қарсы саясат. Салыстырмалы талдау» деп аталатын баяндамасында. 

 

Евгений Жовтистің айтуынша, Қазақстан адам құқықтарын қатаң қорғайтын халықаралық сотқа мүше болуы үшін автократиясы бар ел демократиялануы керек, билік адам құқықтарын қағаз жүзінде емес, шын мәнінде қорғауға ынталануы керек.  

 

– Мемлекет бұл құжаттарға қол қойса, үлкен қадам болар еді. Себебі елдегі сот жүйесі, адам құқығын қорғау ісі түбегейлі өзгерер еді, — дейді Жовтис.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

17/09/2020 17:27
79147 0

Уведомление