Біреулер Назарбаев даңғылында бірінші президент күніне орай баннер іліп кеткен

Олар «ҚР тұңғыш президенті — Елбасы туралы» заңын жоюға үндеді


01/12/2020
07:38 47828 0

Фото: the-village.kz

 

1 желтоқсанда таңғы алтыда Алматының Назарбаев даңғылында біреулер тұңғыш президент күніне орай баннер асып қойды деп The Village Қазақстан хабарлады. 

 

Баннерде «47,3 млрд~ ₸ на имя» ([Нұрсұлтан Назарбаев] атына 47,3 миллиард теңге — ред.) деп жазылып, #Qazaqkoktemi мен #cancelElbasy деген хештегтер көрсетілген. 

 

«Біз 2019 жылғы наурызда Қазақстан үкіметі халықпен санаспай, астана мен оның орталық көшелерінің атын өзгерткенін ұмытқан жоқпыз. Әртүрлі дерекке сенсек, Назарбаев есімін тарихта қалдыру үшін 47,3 миллиард теңге жұмсалған. Бүгін ол және оның жақтастары осы күнді тойлап жатыр. Ал мұны мереке санамайтын азаматтар болса, осы жеке басқа табынуды қалай тоқтатсақ деп ойлап жүр. 

 

Қазақстан Республикасының Конституциясында былай делінген: “Билік бастауы — халық”. Біз Қазақстанның әр азаматы ел басқаруға араласуы, таңдау еркіндігіміз бен сөз бостандығымыз сақталуы керек деген пікірдеміз.  

 

Ортақ үйімізде барлығы заң алдында тең, сондықтан “Елбасы” туралы заңды жою керек», — деп баннер авторлары текст қалдырып кеткен. 

 

Осындай сарындағы акциялар бұрын да болған. Тура бір жыл бұрын біреулер Сайын көшесі бойында «Ел басынан шіриді» деген баннер асып кеткен. Ал биыл 29 ақпанда Көктем-2 ауданындағы бір үйдің қабырғасына экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың суретін салып, астына «Паразиты, у которых нет Оскара» (Оскары жоқ паразиттер — ред.) және #Qazaqkoktemi деп жазған.

 

2011 жылдан бері Қазақстанда 1 желтоқсанда бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев күні тойланады. Ал 2000 жылда оған ресми түрде «Елбасы» деген атақ беріліп, ол туралы жеке заң бекітілді. 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

01/12/2020 07:38
47828 0

Уведомление