Біреу интим фото/видео не хаттарыңды желіге салам деп бопсалап жатыр. Қайтейін?

Masa нұсқаулығы


28/07/2021
14:16 4446 0

Біреу ақша бермесең не айтқанымды орындамасаң, интим фото (нюдс) не видео, хаттарыңды желіге салам не туыстарыңа көрсетем деп бопсаласа, не істеу керек? masa.media айтып береді. 

 

Бопсалаушылар интим фото/видеомды қалай алуы мүмкін?  

 

Түрлі жолы бар. 

 

  • Телефон не компьютерді қашықтан бұзып, бүкіл фотогалереяңыз, мессенжеріңізге қол жеткізеді. 
  • Бопсалаған адамға өзіңіз жіберген болуыңыз мүмкін. Мысалы, бұрынғы қызыңыз не жігітіңізге. Адамдар айырылысып кеткен қыз не жігітінен кек алмақ болып, оның интим фото/видеосын жариялауы мүмкін. Мұны порно кек (ағылшынша porn revenge) дейді. 
  • Хакерлер сіз видео/фото жіберген адамның телефонын бұзуы да мүмкін. 

 

Менің мұндай фото не видеом жоқ, секстиңмен айналыспадым да 

 


 

Секстиң (секс + текст) — интим фото-видео, хат алмасу. 

 


 

Иә, бопсалаушылардың қолында сізге қарсы ешнәрсе болмауы мүмкін. Құр сөзбен ақша талап етпек болған шығар. 

 

Қазір технология дамыған кезде алаяқтар дипфейк арқылы суретіңізді басқа фото не видеоға салып жатады. Одан бөлек, жаңа айтқанымыздай, хакерлер компьютеріңіздің камерасы арқылы (жартылай) жалаңаш түріңізді түсіріп алуы да ғажап емес. 

 

Енді не істейін? Айтқанын орындайын ба? 

 

Сабыр сақтаңыз. 

 

Бопсалаушы не талап етсе де, көнбеңіз. Сұраған сомасын берсеңіз, сізге сөзі өтетінін көріп, одан да қомақты ақы талап етуі мүмкін. 

 

Есіңізде болсын: біреуге интим сурет не видеоңызды жіберудің еш әбестігі жоқ. Ол — сіздің өміріңіз, ешкімнің соған бола жазғырып, сынау құқығы жоқ. Оның үстіне, бұған заңнамада тыйым салынбаған. 

 

Біреу нюдсіңізді жариялаймын деп бопсалап жатқанын айтып әлеуметтік желіде пост жазсаңыз болады. Болған жайтты басынан бастап айтып беріңіз. Бопсалаушы кім екенін білсеңіз, айтыңыз. Адам телефон соғып бопсаласа, диктофонға жазып алыңыз, хаттардың скринін сақтап қойыңыз. 

 

Бірақ сол үшін ақталып, кешірім өтінбеңіз. Тағы да айтайық, интим фото/видео жібересіз бе не секстиңмен айналысасыз ба, бұл — тек сіздің шаруа. 

 

Посты оқығаннан кейін бопсалаушы одан ары үркіте алмайтынына көз жеткізеді. 

 

Егер ата-анаңыз не туыстарыңызға көрсетеміз деп қорқытып жатса, әуелі сенім артатын жақыныңызға мәселенің жай-жапсарын түсіндіріп, көмек сұраңыз.  

 

Ал сіз ата-ана болсаңыз, балаңыз, әсіресе кәмелетке толмаған балаңыз осындай жағдайға тап болса, қолдап, қорғайтыныңызды көрсетіңіз. Психологқа апарып, траумасынан арылуға жәрдемдессеңіз тіпті жақсы. 

 

Полицияға барайын ба? 

 

Барыңыз. Ұялмаңыз. Шағым түсіріңіз. Бопсалаушының үстінен «Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты бұзу» (ҚК 147-бабы), «Хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзу» (ҚК 148-бабы) бойынша іс қозғасын. 

 

Адам сізден ақша талап етсе, оны «Қорқытып алу» бабы бойынша жауапқа тартуға болады. 

 

Полицейлер арыз-шағымыңызды қабылдап, күдіктіні жауап алуға шақыруға міндетті. Басқаларына бопсалауға ұшырағаныңызды айта алатыныңызды көрген бопсалаушы сізге дегенін істете алмайтынын түсініп не жауапқа тартылам деп қорқып ойынан қайтуы мүмкін. 

 

Қайдан психологиялық көмек алуға болады? 

 

Еске тағы сала кетейік, ешқандай кінәңіз жоқ. Интим фото не видео жіберу не секстиңмен айналысу — ұяты жоқ нәрсе. Өзіңізді осыған сендіріп көріңіз. 

 

Басқалардан көмек алам десеңіз:

 

 

Мұндайды болдырмау үшін не істеген жөн?

 

Телефон не компьютеріңіз, электрон пошта, бұлт серверіңіздің құпиясөзі әртүрлі әрі күрделі болсын. 

 

Хатты барлық жерден өшіруге болатын мессенжерлерді қолданыңыз. Мысалы, Telegram. 

 

Интим фото/видеоңызды ешкімге жолдамауға тырысыңыз. Жолдайтын болсаңыз, танитын, сенетін адамға ғана жіберіңіз. 

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

28/07/2021 14:16
4446 0

Уведомление