Қазақстан жері үшін Хрущевқа қарсы тұрған Жұмабек Тәшенов

Саясаткердің өмірі мен жер үшін күресі


19/03/2021
12:05 7709 0


 

Жұмабек Тәшенов — мемлекет және қоғам қайраткері, Хрущевтің «Тың өлкесі» жобасына қарсы шығып, Қазақстанның солтүстік облыстарын сақтап қалуға, қуғын-сүргінге ұшыраған ақын-жазушыларды ақтауға үлес қосқан адам.

 

20 наурызда оның туғанына 106 жыл толды. Осыған орай masa.media саясаткердің өмірі мен Қазақстан жері үшін күресін еске алды. 

 

Жұмабек Тәшенов Ақмола облысы, Танагүл деген ауылда туды. 1934–1955 жылдары түрлі қызметте істеді: Ақмола облысы жер бөлімінің бастығы, Солтүстік Қазақстанның партия комитеті хатшысының орынбасары, атқару комитетінің төрағасының орынбасары, төрағасы, Ақтөбе облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болды. 

 

1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі (парламент) төралқасының төрағасы, 1960 жылы елдің Министрлер кеңесінің төрағасы (бізше премьер-министр) болды.

 

ХРУЩЕВ VS ТӘШЕНОВ — 1

 

1950 жылдары Өзбекстан Кеңес Одағының басшысы Никита Хрущевқа жүгініп, оңтүстік Қазақстандағы Бостандық ауданын өзіне беруін сұрайды. Мәселе аясында Қазақстан Компартиясы арнайы комиссия құрып, оны Тәшенов басқарды. Комиссия мынадай қорытындығына келді: 

 

«Бостандық ауданы мал шаруашылығын дамытуға арналған жер. Онда құрылыс материалдарын шығаруға, су энергетикасын дамытуға, демалыс үйлері мен көмір, қорғасын және көлік өндірісінің жұмысшыларына арнап санаторий салуға барлық жағдай жасалған. Осының бәрін ескере отырып, Бостандық ауданын Өзбекстанға бергеніңіз жөн емес». 

 

Бірақ бұған қарамастан 1956 жылы оңтүстік Қазақстандағы 500 мың гектар жер мен 370 мың бас мал Өзбекстанға өтті. 

 

— Бұл жердің басқаның қолына өткені Қазақстанға ауыр тиді. Әр қазақ жері үшін ақырына дейін арыстандай күрескен Тәшеновтің талпынысының нәтижесі болмады,дейді экономика ғылымдарының докторы Рәшид Қаренов.  

 

Қазір бұл жер Ташкент облысына жатады. 

 

ХРУЩЕВ VS ТӘШЕНОВ — 2

 

1960 жылы Хрущев Қазақстанда әкімшілік реформасын жасады. Елді үш өлке мен төрт облысқа бөлді. Үш өлкенің бірі — Тың өлкесінің (орысша Целинный край) құрамына Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстары кірді. Орталығы Ақмола (қазіргі Астана) болды. Өлкені Мәскеу мен елдің астанасы Алматы қатар басқаратын болды. 

 

Тәшенов бұл бастамаға қарсы шықты. Бірінші министр өзінің Ақмоладағы Хрущев пен сол кездегі ҚазКСР басшысы Дінмұхамед Қонаевпен сөйлескені туралы былай жазды: 

 

«Хрущев Қазақстан шекарасын өзгерту керек екені туралы сөз қозғады. Нені меңзеп тұрғанын түсінген бойда былай дедім: “Никита Сергеевич, мұндай мәселелерді шешпек түгілі, оны талқылауға да болмайды. Мен, әлбетте, қарсымын. (...) Егер ұлттық республикалардың шекарасын қалай болса солай өзгерте берсек, олардың Конституциясы неменеге бар? Ешкім, ешқандай орган республикалардың Конституциясын өзгерте алмайды. Егер оның нормалары бұзылатын болса, халықаралық ұйымдарға жүгінуге тура келеді”. Осы әңгімеден кейін Қонаев маған “Батыл екенсің” деді». 

 

Бірнеше айдан кейін, 1961 жылы Ақмолаға тағы келген Хрущев Тәшеновті Министрлер кеңесінен алып тастап, Семей облысы атқару комитетінің басшысы (әкімі) қылып тағайындады. Бұған Жұмабек келіспей, Мәскеуден жоғары лауазым беруін талап етті. Хрущев оны Шымкент облысы атқару комитетінің басшысы қылды. Тәшенов бұл қызметте 1975 жылға дейін істеді. 

 

Тәшеновтің бұл қарсылығы нәтижесіз қалмады. 1965 жылы Қазақстан басшысы Ысмайыл Юсупов Тың өлкесін тарқатып жіберді. 

 


 

Хрущев 1962 жылы Маңғышлақ түбегін Әзербайжан не Түрікменстанға беру керек деп бастама көтерді. Қонаев «жерді бермеуге көндір» деп Мәскеуде өтетін отырысқа Қазақстан геология министрі Шахмардан Есеновті жіберді. Есенов басшыларға Қазақстан газ бен мұнай өндірісін игере алатынын айтып, Маңғышлақты бермеуге көндірді. 

 


 

РЕПРЕССИЯ ҚҰРБАНДАРЫ, ҚАЗАҚ МАМАНДАРЫ МЕН «АБАЙ ЖОЛЫ»

 

— Бес жыл Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі президиумінің төрағасы, бір жыл Министрлер кеңесінің төрағасы болған Жұмабек басқалары ондаған жылда істей алмағанын істеп үлгерді,дейді Қаренов. 

 

Оның сөзінше, Тәшенов «орыстанған» мемлекеттік органдарға қазақ мамандарын жұмысқа тұрғызған, оның арқасында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы Ленин сыйлығын алған. Бұл кейін шығарманың басқа тілдерге аударылуына себеп болды. 

 

ХХ ғасырдың 30–50-жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған ақын, жазушыларды ақтауға үлес қосқан. Соның арқасында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің аты ақталған. 

 

Тәшенов арнайы комиссия құрып, бірнеше ғалым, саяси қайраткер мен жазушыны түрмеден шығарып, айдаудан қайтарған. Олардың арасында тарихшы Ермұхан Бекмаханов, әдебиетші Есмағанбет Ысмайылов, жазушылар Ғалина Серебрякова мен Александр Солженицын бар еді. 

 

Одан бөлек, Жұмабек ұлттық мәдениетті қолдап, қазақ тіліндегі бірнеше республикалық газетті жабылудан құтқарып қалған. Мемлекеттік қызметкерлерге салынған пәтерлерді зиялы қауым өкілдеріне, соның ішінде халық жауы атанған, ақын Мағжан Жұмабаевтың отбасына берген. 

 

Тәшенов 1975 жылы мемлекеттік істен кеткеннен кейін Қаракөл шаруашылығы институтының директорының орынбасары, Ғылыми-техникалық ақпарат институтының басшысы болды. 1986 жылғы 18 қарашада саясаткер дүниеден өтті.

 


 

Фото: adebiportal.kz

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

19/03/2021 12:05
7709 0

Уведомление