Қарапайым қазақстандық заңның қабылдануына немесе жойылуына ықпал ете ала ма?

Оның амалдары қандай?


02/09/2020
10:00 2418 0

 


 

Қазақстанда қарапайым азамат заңның қабылданып-жойылуына әсер ете алмайды деген пікір тараған. Бұл қате ой. Қазақстандық өз сөзімен, бастамасымен тек қана заңға емес, саяси өзгерістерге де ықпал ете алады.

 

ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ ЗАҢНАМАНЫҢ ӨЗГЕРУІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕ АЛАДЫ?

 

Республикада заңға ықпал етудің екі түрі бар: ресми және бейресми. Ресми түріне саяси партияға мүше болу, кейін сайлауға түсіп, заң қабылдайтын орган — парламентке өту және бүкілхалықтық референдум жатады. Бірақ бұл байланыс түрі тек сөз жүзінде ғана. Іс жүзінде, партия тіркеп, парламентке өткісі келген адам көп қиыншылыққа тап болады. 2019 жылы әділет министрлігі жеті саяси партияны тіркеуден бас тартқан. Тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай өзіне және партияның басқа белсенділеріне қысым жасалып жатқанын айтты

 

Қазақстанда жеті тіркелген партия бар. Оның үшеуі Парламентте орын алып отыр. Олар Мәжілісте ең көп орын алып отырған Nur Otan (107 орынның 84-і), «Ақжол» (7) мен Коммунистік партия — мәжілісте 7 орынға ие болған. 

 

РЕФЕРЕНДУМ

 

Кез келген сұрақ бойынша халықтың қалауын білдіретін ресми байланыс құралы. Қазақстанда референдум (болса, әрине) заңнамаға кішкентай болса да, өзгеріс енгізе алады. Себебі ол — тікелей демократияның маңызды бөлігі. Бірақ соңғы отыз жылда Қазақстанда референдум тек екі рет қана өткізілді – 1995 жылдың 29 сәуірі (президенттің өкілет мерзімін ұзарту) мен 30 тамызында (жаңа Конституция қабылдау).  

 

2003 жылы опозиция тобы жер туралы референдум өткізу туралы бастама көтерген болатын. Орталық сайлау комитеті өтінішті қабылдамады. Бастамашыл топтың жетекшісі, бұрынғы ауыл шаруашлығы министрі Балташ Тұрсымбаев сол кезде былай деген еді: «Қазақстанның заңдары қашан сақталып еді? Ешқашан. Мұны білеміз. Референдум тек ел президентіне керек кезде ғана өткізіледі».

 

Тіпті өткізілсе де, референдум қорытындыларының бұрмалану ықтималы жоғары. Бірінші рет бүкіл халықтық референдум 1995 жылдың сәуірінде өтті. Онда азаматтарға «Президент өкілетінің мерзімін ұзартылуына келісесіз бе?» деген сұрақ қойылды. Биліктің хабарлауынша, оған сайлаушылардың 91,21 %-ы келіп, оның 95,46 %-ы «иә» деп жауап берген. Бірақ Human Rights Watch халықаралық ұйымы ресми емес дереккөздерге сүйеніп, референдумға қазақстандықтардың 20-30 %-ы қатысқанын айтты

 

Тек Қазақстанда емес, кез келген жерде референдум нәтижелері қатты бұрмалануы мүмкін. Сондай-ақ сайлауларын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтамақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) әділ өтті деп есептемейтін елде референдумның дұрыс өтуі екі талай. 

 

Заңнамаға бейресми ықпал етуде жағдай біраз басқаша. Азаматтар бұл коммуникация арқылы тек заңға ғана емес, басқа да саяси шешімдерге әсер етуі мүмкін. 

 

БЕЙБІТ ЖИНАЛЫСТАР

 

Заңнамаға бейресми ықпал етуге бейбіт жиналыстар — митиңдер, демонстрациялар, пикеттер жатады. Мұнда азамат немесе халық өз ойын, пікірін, талабын билікке тікелей немесе БАҚ арқылы айта, наразылығын білдіре алады. 

 

Олардың ең басты тиімділігі — БАҚ олар туралы жаза бастайды, кейін жұрт соны оқып, кез келген жерде талқылайды — үйде, университетте, жұмыста, әлеуметтік желіде. Осылайша билік (парламент, үкімет, президент, сот) халықтың дауысына құлақ түре бастайды, олардың қысымымен қабылдаған заңын қайта қарауға, тіпті жоюға дейін барады. 

 

2016 жылы Атырауда халық жерді шет елдерге сатуға және жалға беруге мүмкіндік беретін Жер кодексіндегі өзгерістерге қарсы шықты. Оған бес мыңдай адам қатысты. Кейін мұндай наразылық Қазақстанның басқа қалаларында болды. Нәтижесі — кодекске өзгеріс енгізуге 2021 жылға дейін мораторий (уақытша тыйым) салынды, ұлттық экономика, ауыр шаруашылығы министрлері отставкаға кетті.

 

Атыраудағы жер митиңі. 2016 жыл. Фото: baribar.kz

 

Алайда Қазақстанда бейбіт митиңдер, пикеттер, шерулерге шығатын болсаңыз,  кейін құқық қорғау органдарына (ішкі істер министрілігі, прокуратура, полиция, сот) соғатыныңызды ұмытпаған жөн. Жер митиңін ұйымдастырушылар Макс Боқаев пен Талғат Аян (кейін босап шықты) бес жылға түрмеге қамалған еді, ал 2019 жылы президентті сайлаудың әділ өтуін талап еткен жүздеген митиңге қатысушы ұсталды. Бұл практика әлі күнге дейін жалғасып келеді. 

 

Сонымен қатар карантин кезінде бейбіт жиналыстар туралы заң қабылданды. Қазақстандық құқық құрғаушылар мен белсенділер оның халықаралық стандартарға сай емес дейді.  

 

САЯСИ ЫҚПАЛ ЕТУШІЛЕР

 

Заңға бейресми ықпал етудің тағы бір тәсілі — зиялы қауым мен белсенді саясаттанушылардың сараптамалық пікірлерін тарату. Бұл пікірлерде саясатқа ықпал ету әдістерінің барлық түрі бар: ғылыми зерттеулер, түйген ойы мен қарапайым логика. Олардың тиімділігі Қазақстанның интернет кеңістігінде ерекше. Досым Сәтпаев, Ғазиз Әбішев, Оразғали Селтеев, Қасымхан Қаппаров сияқты сарапшылар — саясаттану мен экономиканың зиялылары және көп адам олардың пікіріне жиі құлақ түреді. Әсем Жапишева, Әсия Тулесова, Айсана Әшім сияқты белсенділер қоғамдағы белгілі бір демократиялық құндылықтарды насихаттау үшін өздерінің ақпарат алаңын пайдаланады. 

 

Сондай-ақ Facebook, Instagram және VK сияқты платформалардағы өз пікірін әр түрлі форматта айтатын комментаторлар мен контент жасаушыларды атап өткен жөн. Олар мемлерден бастап толыққанды мақалалар, оппозициялық бейнелер қолданады. Олар әлеуметтік мәселелерде бір немесе бірнеше позицияны ұстанатын топ ретінде маңызды.

 

Бірақ бұл әдісте де проблема жоқ емес. Қазақстанда сөз бостандығы шектелген. «Шекарасыз репортерлар» 2020 жылғы рейтингісінде Қазақстан 180 елдің ішінде 157-орын алды. Былтыр бір орын төмен еді, десе де ұйым Қазақстанды сөз бостандығы жағдайы «нашар» деп санайды

 

Биыл танымал белсенді, заңгер Әлинұр Ильяшев Facebook парақшасында билікті сынаған. Оны төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратты деп соттады. Нәтижесінде бас бостандығы шектеліп, қоғамдық жұмысқа тартылды. 

 

БІЛІМ ДЕҢГЕЙІН АРТТЫРУ 

 

Адамның білімі артқан сайын оның саясатқа, әлеуметтік істерге араласпауы, ойын айтпауы, сайлауда дауыс бермеуі, өз құқығын қорғамауы екі талай. Білім деңгейі өскенде, табыс та өседі. Ал табыс өссе, адам қоршаған ортадан, қоғамдағы жаңалықтардан хабардар болғысы келеді.  Оларды басқару қиын болады, тиісінше биліктің олардың айтқанына баруына тура келеді.

 

Ал дәл осындай белсенділер қоғамын қалыптастыруда үлкен рөлді мұғалімдер, оқытушылар, ғалымдар мен зерттеушілер атқарады. Ұстазы қандай болса, келер ұрпақ та солай болады, сәйкесінше қоғам да солай болады. Бұл жолда оларды белсенділер деп атаса болады.  

 

Бұл әдіс басқаларына қарағанда қауіпсіз. Қазақстанда бейбіт митингіге шығу немесе кез келген жерде билікке ашық сын айтудың арты сотпен бітуі мүмкін. 

 

ҚАЗАҚСТАНДА ЗАҢҒА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗЕ АЛУ ҚҰҚЫҒЫ ҮШІН КҮРЕСУ ҚАЖЕТ ПЕ?

 

Иә, қажет. 

 

Парламентке оппозиция ретінде өту қиын, бейбіт жиналыстардың арты сотқа ұласуы, билікке ашық сын айтқандар жұмыстан, университеттен қудалануы, шеттетілуі мүмкін. Десек те бұл қарапайым азамат саясатқа, әсіресе заңнамаға әсер ете алмайды деген сөз емес. Жер туралы кодекс — соған дәлел.  

 

Қаншалықты көп адам қоғамдағы мәселелерді елемесе, оларды шешу үшін күреспесе, билік соншалықты көп адам құқығын бұзатын заң ойлап табады, кейбіреуін қандай жағдай болмасын қорғайтын, кейбіреуінің құқығын таптайтын институт құрады. Саясат пен қоғамдағы жәйттарға немқұрайлы бола отырып, адам мемлекеттегі авторитаримзің кең қанат жаюына, ең бастысы, оның адамнан ажырамас құндылығын — құқығы пен бостандығын — тартып алуына мүмкіндік береді. Осыны ұмытпаған жөн.

 


 

Иллюстрация: Анар Бакенова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

02/09/2020 10:00
2418 0

Уведомление