Қарағандыда зауыт жұмысшылары өндірістің бір бөлігін бұзу керек деген сот шешіміне қарсы шықты
«Соның кесірінен табыстан айырыламыз» дейді олар
Фото: Азаттық радиосы
7 қыркүйекте Қарағанды маңындағы көмір байытатын «KAZ Феррит» зауытының жұмысшылары наразылыққа шықты. Олар фабриканың конвейері орналасқан бөлігін бұзу қажет деген сот шешіміне қарсы. Ол үкім бойынша, жер «СВХ-Портал» компаниясына тиесілі. Наразылар «соның кесірінен жұмысымыздан айырыламыз» дейді. Бұны Азаттық радиосы хабарлады.
— Біз жұмыссыз қаламыз ба деп қорқамыз. Фабриканы жауып тастай ма дейміз. Біздің әрқайсымыздың отбасымыз, бала-шағамыз, несиеміз бар. Жұмысты қайдан табамыз? Фабриканы жабуы мүмкін екенін білген кезде бәріміздің көңіліміз түсіп кетті, — деген наразы жұмысшы Олег Цейтер.
«СВХ-Портал» компаниясы «жер біздікі» дейді.
— Біз де жұмыс істегіміз келеді, біздің де жұмысшыларымыз бар, пайда тапқымыз келеді. Жалға алу шарттарын ұсынсақ та, олар келіспей отыр. Сот шешімі шыққаннан кейін жарты жылдан соң сотқа жүгініп отырмыз, қазір сот орындаушылары жұмыс істей бастады. Келіссөз үстеліне отыру керек, — деген «СВХ-Портал» заңгері Алма Машанова Азаттыққа.
Қарағанды әкімдігі тараптар кезінде бірігіп жоба жасап, кейін бөлініп кеткенін және атаулы жер телімін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қаралып жатқанын хабарлады.
Пікірлер жоқ.