Сайлауда қайтіп дауыс береміз?
Кімдер дауыс бере алады, сайлауға қандай құжат әкелу керек — парламентті сайлауға қатысты барлық сұраққа жауап береміз
2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан азаматтары заң шығарушы орган — парламенттің төменгі палатасы мен жергілікті өкілдер органы — мәслихат депутаттарын сайлайды.
Сол сайлауда кімдер дауыс бере алады, сайлау учаскеңізді қайдан табуға болады, қолыңызда қандай құжат болуы керек — сайлауға қатысты барлық сұраққа жауап береміз.
КІМДЕР ДАУЫС БЕРУГЕ ҚҰҚЫЛЫ?
Қазақстанның 18-ге толған, тұрақты мекенжайы бар кез келген азаматы. Бірақ ол бас бостандығынан айырылса не өзін сот «қабілетсіз» деп таныған болса дауыс бере алмайды.
ҚАЙ ЖЕРДЕН ДАУЫС БЕРУГЕ БОЛАДЫ?
Әр адам дауысты өз сайлау учаскесіне барып береді. Оны тұрақты мекенжайыңызға қарап іздейсіз.
ҚАЙДАН ІЗДЕЙМІН?
Өзіңіз тұрып жатқан жердің әкімдігіне хабарласып не сайтына кіріп тексере аласыз. Одан бөлек кей әкімдік арнайы сайт/Telegram ботын/колл орталығын іске қосты.
Бүкіл әкімдіктің мекенжайын, телефон нөмірлері мен сайлау учаскеңізді табуға болатын басқа да сервистер мына жерде көрсетілген.
Өзіңіз сайлаушылардың қай тізіміне кіретініңізді жеке сәйкестендіру нөміріңіз (ЖСН не орысша ИИН) арқылы тексересіз.
ӨЗІММЕН БІРГЕ ҚАНДАЙ ҚҰЖАТ ӘКЕЛУІМ КЕРЕК?
Жеке куәлігіңіз не паспортыңызды. Сонымен бірге мекенжай анықтамаңызды алып жүріңіз — есіміңіз сайлаушылар тізіміне кірмей қалса, сайлау комиссиясы мүшелеріне сол қағазды көрсетіңіз. Жалпы, мұндай жағдай болмасын десеңіз, сайлау учаскеңіз қайда екенін алдын ала біліп алыңыз.
ТҰРАҚТЫ МЕКЕНЖАЙЫМ БОЛМАСА ШЕ?
Тұрып жатқан жеріңізге уақытша тіркелген/мүлдем тіркелмеген болсаңыз/сайлау кезінде басқа жерде болсаңыз, қай жерде дауыс бергіңіз келеді, сол жердің әкімдігіне 10 желтоқсанға (!) дейін барып, өзіңізді сайлаушылар тізіміне қосуын жазбаша өтініңіз.
САЙЛАУ КЕЗІНДЕ БАСҚА ЕЛДЕ БОЛСАМ ШЕ?
Қай елдесіз, сол жердегі Қазақстанның кез келген консулдығы мен елшілігіне сайлау күні барып дауыс бере аласыз.
САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРДІҢ ЖҰМЫС УАҚЫТЫ ҚАНДАЙ?
Сайлау учаскелері 10 қаңтарда жергілікті уақытпен 7:00–20:00 аралығында ашық болады. Сіз осы уақыт ішінде дауыс беріп үлгеруіңіз керек.
Бірақ аумақтық сайлау комиссиялары сайлау сағатын өзгертуі мүмкін. Өзгертсе, оны сайлаушыларға сайлауға кемінде 10 күн қалғанда, яғни 1 қаңтарға дейін хабарлауға тиіс.
ҚАЙТІП ДАУЫС БЕРЕМІН?
- Өз сайлау учаскеңізге барасыз.
- Комиссия мүшелерінен партиялар тізілген бюллетеньді аласыз.
- Жабық кабинкаға кіріп, партияңызды таңдайсыз: әр партия атауының жанында шаршы тұрады, соған кез келген белгі саласыз. Белгіні тек қаламмен қою керек. Әйтпесе дауысыңыз саналмайды.
Сіз тек бір партияға және бір рет дауыс бере аласыз.
БЮЛЛЕТЕНЬДІ АБАЙСЫЗДА БҮЛДІРІП АЛСАМ, ДАУЫС БЕРУ ҚҰҚЫМНАН АЙЫРЫЛАМ БА?
Жоқ, комиссия мүшелеріне бүлінген бюллетеньді тапсырып, жаңасын ала аласыз. Бірінші бюллетеніңіз қолданылмаған бюллетеньдермен бірге санау кезінде жойылады.
БАСҚА БІРЕУДІҢ АТЫНАН ДАУЫС БЕРЕ АЛАМ БА?
Жоқ, қолыңызда сенімхат болса да дауыс бере алмайсыз. Әр азамат өз бюллетенін жәшікке өзі салуға тиіс.
Біреуді дауыс беруге мәжбүрлеуге де болмайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: УНИВЕРСИТЕТ САЙЛАУДА ДАУЫС БЕРУГЕ МӘЖБҮРЛЕСЕ, НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
ДАУЫС БЕРГІМ КЕЛЕДІ. БІРАҚ ДЕНСАУЛЫҒЫМА БАЙЛАНЫСТЫ ҮЙДЕН ШЫҒА АЛМАЙМЫН. ҚАЙТЕМ?
10 қаңтарда сағат 12:00-ге дейін өз сайлау учаскеңізге өтініш жазасыз. Онда неге келе алмайтыныңызды түсіндіріңіз. Бірақ қолым тимейді деп комиссия мүшелерін үйге шақырта алмайсыз. Өтінішті өзіңіз сенетін адамға тапсырыңыз — ол жазғанызды сайлау учаскесіне апарып берсін.
Өтініш қабылданса:
- комиссия мүшелері үйіңізге келеді;
- сіз өз партияңызды таңдап, бюллетеньді сайлау жәшігіне саласыз. Болды.
АЛ АУРУХАНАДА ЖАТСАМ ШЕ?
Ауруханаларда жеке сайлау учаскелері жасақталады. Сол жерден дауыс бере аласыз.
САЙЛАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ҚАШАН ШЫҒАДЫ?
Қорытынды сайлау біткеннен кейін он күн ішінде, яғни 20 қаңтарға дейін шығады. Оны Орталық сайлау комиссиясы БАҚ арқылы жариялайды. Жалпы, біз парламентті сайлау қалай өтетінін бұрын толығырақ жазған едік.
Ал парламент пен Мәжіліс не деген сұрағыңыз туындаса, жауабын мына жерден таба аласыз.
Иллюстрация: Лейла Тапалова
Нет комментариев.