«Ауыл» партиясы: мемлекетшілдер мен патриоттар партиясы, ауыл шаруашылығын қолдаушылар

Мәжілісті сайлау қарсаңында Қазақстанда тіркелген партиялар туралы айтып береміз


13/11/2020
10:41 9278 0

2021 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан азаматтары парламенттің төменгі палатасы — Мәжіліс депутаттарын сайлайды. Бізде сайлау партиялық тізім бойынша өтеді: сайлаушы өз дауысын жеке үміткерге емес, оның партиясына бере алады. 

 

Біз бұрын парламент, Сенат пен Мәжіліс не екенін, оның депуттатарының міндеті мен жалақысы туралы мына жерде, ал Мәжілісті сайлау қалай өтетінін мына жерде жаздық. 

 

Осыған байланысты біз сайлаушыларға Қазақстанда қандай партиялар бар екенін айтып береміз. Өткен жолы Жалпыұлттық социал-демократиялық партия туралы жаздық. Бұл жолы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы туралы сөз қозғаймыз. 

 


 

ДИСКЛЕЙМЕР: masa.media редакциясы ешқандай партияға жақтас емес және агитациясы бар материалдар ешқашан жарияламайды. Оқырмандарымызға сайлау, партия және саясат туралы мақалалар мен жаңалықтарды тек ақпарат ретінде береміз.

 


 

Идеологиясы: Елді дамыту үшін ауылдар мен ауыл шаруашылығын жаңғырту қажет, экономиканы мемлекет реттеп отыруы керек дейді. 

 

Құрылған жылы (тіркелген жылы): 2002 жылы 1 наурызда тіркеліп, 2003 жылы 2 сәуірде тіркеуден қайта өтті. 

 

Сайлауларда жинаған дауысы: 2007 жылы — 1,51 %, 2012 — 1,19 %, 2016 — 2,01 %. Партия парламентке өтіп көрмеді.  

 

Қанша адам мүше: 298 мың

 

Бұрынғы және қазіргі танымал мүшелері: Төлеутай Рахымбеков — 2019 жылы президентті сайлауда кандидат болды. 

 

Төрағасы: Әли Бектаев — қазіргі Сенат депутаты

 

Ұсынған заң жобалары: Мәжіліске бірде бір рет өтпегесін ұсынған заң жобалары жоқ

 

Партияның бағдарламасынан: 

 

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы — мемлекетшілер мен патриоттар партиясы.

Біз әрқашан аграрлық қызметкерлер мен ауыл еңбеккерлерінің, барлық қазақстандықтың мүдделерін қолдап келдік және қолдаймыз да.

Біз билікке қара бастың қамы үшін емес, өзіміздің бағдарламамызды іске асыру, халыққа тиімді қызмет ету үшін араласамыз. 

Партияның басты мақсаты — «ауыл тұрмыс-тіршілігі, ауыл шаруашылығы, ауыл тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқаты мәселелерін шешу, ауыл шаруашылығын дамытуға әрекет жасаған мемлекеттік органдарға көмек беру».

 

Фото: vlast.kz

 

«Ауылды» «сайлаудан сайлауға әрең жетіп жүрген», келешегі жоқ партия деп жиі сынайды

 

2011 жылы президентті сайлауға өз үміткерін ұсынамыз деп хабарлаған, бірақ бұл партиядан сайлауға ешкім түспеді. 

 

2012 жылы партия парламентке өте алмағанда оның төрағасы Ғани Қалиев «сайлауда күтпегендік болмады — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқарып отырған Нұр Отан жеңетінін бәріміз білген едік» деп мәлімдеді. 

 

2015 жылы «Ауыл» партиясы Қазақстан патриоттары партиясымен бірікті. 

 

2016 жылы да парламентке өте алмады. Партия «сайлау әділ, бәсекелестікке толы өтті» деп хабарлады. Сонымен бірге сол жылы «Ауылдың» 38 өкілі мәслихат депутаты болды. 

 

2019 жылы партия атынан президентті сайлауға Төлеутай Рахымбеков түсті. Ресми деректер бойынша оған сайлаушылардың 3,08 %-ы дауыс берген. «Ауыл» «сайлау ашық, бәсекелестікке толы өтті» деп хабарлады. 

 

Партия биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жолдауында сөз еткен Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ұлттық бағдарламасын жасауға қатысты. 

 

Сонымен қатар қыркүйекте «Ауыл» «Адал» (бұрын «Бірлік» деп аталады) партиясының бірігу туралы ұсынысынан бас тартты. Партияның орталық аппаратының жетекшісі Қуаныш Сейітжановтың сөзінше, «Бірлік» елдің саяси-әлеуметтік істеріне белсенді араласпайды, филиалдары мен бөлімшелерінің жұмысы бір жүйеге келтірілмеген. 

 

Ал «Адал» болса «Ауыл» партиясын сынады«Агроөнеркәсіптік кешенде тыңғылықты іс атқармаған, тіпті карантин кезінде фермерлер шығынға батқанда өз-өзін көрсете алмаған партиямен бірігу қосымша артықшылық бермес еді». 


5 қарашада Орталық сайлау комиссиясы «Ауыл» партиясына сайлауға түсуге рұқсат берді. Партияның сайлауға қатысатын ниеті бар.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

13/11/2020 10:41
9278 0

Уведомление