Мені жауап алуға шақырып жатыр. Не білуім керек?

Masa нұсқаулығы


30/06/2021
13:02 4894 0

Жауап беруге (алуға) барғанда не істеген жөн? Астана (Нұр-Сұлтан) адвокаттар алқасының адвокаты Гүлдана Жармағамбетовамен бірге жауап бердік. 

 

Бұрын полиция үйіңізді тінткен жағдайда не істеу керегін жазғанбыз. Оқи отырыңыз. 

 

Жауап алу деген не? 

 

Куә, жәбірленуші, күдікті не айыпталушыдан қылмыстық іске қатысты ақпарат алу процесі. 

 

Жауап алуға кім және қалай шақырады? 

 

Сотқа дейінгі тергеу жүргізетін құқық қорғау органы қызметкері: анықтаушы, тергеуші не прокурор куә, қорғалу құқығы бар куә, жәбірленуші мен күдіктіні шақыру қағазы арқылы шақырады. 

 

Онда:  

 

  • сіздің және тергеушінің аты-жөні;
  • тергеу өтетін жер, күн мен уақыт;
  • адвокат шақыру құқығыңыз бары;
  • себепсіз келмесеңіз сізге қарсы қандай шара қолданылатыны жазылып тұруға тиіс. 

 

Тергеушілер шақыру қағазын өзіңізге береді не пошта арқылы жөнелтеді. Хат кейде SMS арқылы келіп жатады. 

 

Егер құжат табысталарда үйде болмасыңыз, қағаз кәмелетке толған жақыныңызға не үй/жұмысыңыздың әкімшілігіне тапсырылады. 18-ге толмаған болсаңыз, қағаз заңды өкілдеріңізге (ата-ана, асырап алушы, қорғаншы, қамқоршы) беріледі. 

 

Есіңізде болсын: тергеушінің қызмет куәлігі, сол тергеуді жүргізуге тағайындалғанын дәлелдейтін қаулы, сізді тергеуге шақыруға негіз болған қандай да бір ақпараты болуға тиіс. 

 

Адвокат қажет бола ма?

 

Кім ретінде шақырылғаныңызға қарамастан (куә, қорғалу құқығы бар куә, күдікті не айыпталушы) жауап алуға адвокатыңызбен бірге барған дұрыс. Ол сізге тергеушінің сұрағына қалай жауап беру, құқығыңызды қалай қорғау керегін айтып отырады. 

 

Сіз бірнеше адвокат шақыра аласыз. 

 

Жеке адвокатыңыз жоқ болса, тергеушілер мемлекеттік адвокат тағайындайды. Бірақ өзіңіз танитын қорғаушыңыз болғаны жөн. 

 

Жауап беруге бармасам бола ма? 

 

Жоқ, баруға міндеттісіз. Шақыру қағазында келмесеңіз, қандай жауапқа тартылатыныңыз жазылып тұрады. 

 

Бірақ баруға мұршаңыз болмаса, мысалы, ауырып жатсаңыз, басқа елді мекенде болсаңыз, тергеушіге алдына ала ескерту керек. 

 

Себепсіз келмей қалсаңыз, күштеп алып кетуі мүмкін. 

 

Жауап беру қалай өтеді? 

 

Тергеу амалы көп дегенде сегіз сағатқа созылады. Тамақтануға, дәретханаға баруға бір сағат үзіліс беріледі. Егер кәмелетке толмаған болсаңыз, көп дегенде төрт сағат тергелесіз

 

Жүкті не кішкентай баласы бар, 58-ден асқан әйелдер, 63-ке толған ерлерді үздіксіз тергеу уақыты үш сағаттан, жалпы ұзақтығы бес сағаттан аспауы керек. 

 

Сізді тек бір тергеуші тергей алады: екі қызметкер кезекпен кезек сұрақ қоя алмайды. 

 

Жауап алуда не болады?

 

  • Тергеуші өз аты-жөнін айтады; 
  • Сіз жеке куәлігіңіз не төлқұжатыңызды көрсетесіз;
  • Тергеуші не үшін және кім ретінде шақырылғаныңызды түсіндіреді. Күдікті не айыпталушы ретінде барсаңыз, оған не негіз болғанын айтады. 
  • Сіздің қандай құқығыңыз барын айтады. 
  • Іске қатысы бар сұрақ қояды. Мысалы, осы күні, осы уақытта қайда болдыңыз? 
  • Жауап алу аяғында қызметкер хаттама толтырады. 
  • Сіз соған қол қоясыз.  

 

Маңызды: қай тілде сөйлегіңіз келеді, сол тілде сөйлей аласыз. Егер тергеуші айтқанын түсінбесеңіз, сізге аудармашы тағайындалады. 

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУ КЕРЕК ПЕ, ӘЛДЕ ОРЫСША МА: ҚАЗАҚСТАН ЗАҢНАМАСЫ ТІЛДЕР ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?

 


 

Жауап алу кезінде қайткен жөн?

 

Айғақ беруден (дача показаний) бас тарту құқығыңыз бар болса, пайдаланыңыз: Куә өзіне, жұбайы не туысына қарсы айғақ бермесе, яғни жауап бермесе болады. Айғақ берем десеңіз, адвокатыңызбен бір кеңесіп алыңыз. 

 

Күдікті не айыпталушы болсаңыз, айғақ беруден бас тарта аласыз. 

 

Сыпайы, дауыс көтермей жауап беріңіз. Сұрақ қоятын адам арандатса, елемей отыра беріңіз. Өзіңізге психологиялық қысым жасауға, үркітуге жол бермеңіз. 

 

Сұрақты дұрыстап түсінгенде ғана жауап беріңіз, түсінбесеңіз, қайталауды сұраңыз. 

 

Бірнәрсені ұмытып қалсаңыз не берер жауабым қате болуы мүмкін десеңіз: «...білмеймін, есімде жоқ» деп жауап беріңіз. 

 

Тағы да айта кетейік, жауап берерде адвокатпен кеңесіңіз. 

 

Хаттамаға қол қоярда, мұқият оқып шығыңыз. Қандай да бір қате кеткен болса, мысалы, сіз айтпаған сөздер жазылып тұрса, тергеушіге айтыңыз, түзетсін. Кейін прокуратураға сол тергеушінің үстінен шағым түсірсеңіз болады. Өйткені тергеуші сіздің атыңыздан ойына келгенін жаза алмайды, мұнысы заңға қайшы. 

 

Парақта бос орын қалмағаны жақсы, кейін тергеушілер өздері толтырып алмасын.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

30/06/2021 13:02
4894 0

Уведомление