Балалардың қандай құқығы бар?
Қазақстанда бала қандай құқыққа ие
1 маусым — балаларды қорғау күні. Осыған орай Қазақстан балаларының қандай құқығы барын айтып береміз.
Ескерту: бұл материалды Қазақстан заңнамасына сүйеніп жаздық. Мұнда жазылғандар өмір шындығымен қабыспауы мүмкін :)
Қазақстанда бала дегеніміз — 18-ге толмаған азамат.
Қазақстан БҰҰ-ның Бала құқығы туралы конвенцияға қол қойып, ратификациялаған еді. Бұл дегеніміз — мемлекет сол құжатта көрсетілген барлық бала құқығын қорғауға міндетті. Мына жерден толығырақ оқыңыз.
1. Өмір сүру құқығы. Қазақстанда (дүниежүзінде) кез келген бала өмір сүруге құқылы. Ешкімнің олардың жеке өміріне қол сұғуға, қадір-қасиетін таптауға хақы жоқ.
2. Отбасында өсу, ата-ана тәрбиесін көру құқығы. Әр бала отбасында ержетіп, ата-анасы мен жақын туыстарын білуге, олардың қамқорына бөленуге құқылы. Егер бала ата-анасынан бөлек тұрса, олар туралы ақпарат алуға, араласып тұруға хақы бар. Бірақ бұл оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуі керек.
3. Денсаулық сақтау құқығы. Мемлекет балаларға тегін медкөмек беруге міндетті.
4. Даралық ерекшелікке ие болу және оны сақтау құқығы. Әр бала туған бойда есім, тек, әкесінің аты, ұлт пен азаматтыққа ие болуға және оны сақтауға құқылы.
5. Пікір айту, ақпарат алу, қоғам өміріне араласу құқығы. Әр бала ойын еркін айту, қоғам ісіне белсенді араласу, жасына қарай ақпарат алып-тарату, қоғамдық бірлестіктерге мүше болу, рұқсат етілген бейбіт жиындарға қатысуға құқылы.
6. Тұрмысы жақсы жерде тұру құқығы. Бала физикалық, психологиялық, рухани жағынан толықтай дамуы үшін қолайлы ортада тұруға құқылы. Ата-ана соған жағдай жасауға: бағып-қағуға, асырауға, үймен қамтамасыз етуге міндетті.
7. Еңбек ету құқығы. 14 жастан асқан әрбір бала ата-ана не заңды өкілдерінің рұқсатымен жұмысқа тұра алады. Бірақ бұл жұмыс оның білім алуына кедергі, денсаулығына зиян келтірмеуі керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ: БАЛАЛАР ЕҢБЕГІНЕ ҚАТЫСТЫ FAQ-ҚА ЖАУАП
8. Мүлікке ие болу құқығы.
Кәмелетке толмағандардың:
- ата-анасы мен отбасының басқа мүшелерінен қаражат алу;
- ата-анасы не заңды өкілдері арқылы келісімшартқа отыруға, банкте шот ашуға;
- шәкіртақысын не жалақысын жұмсауға;
- сыйға не мұраға алған, қаражатына сатып алған мүлікке иелік етуге құқылы.
9. Үй не пәтерге иелік ету құқығы. Әр бала жылжымайтын мүлікке ие бола алады. Ата-анасыз қалса да, ол бұл мүліктің иесі болып қала береді.
10. Білім алу құқығы. Кез келген Қазақстан азаматы тегін бастауыш және орта білім алуға, конкурс арқылы тегін жоғары, техникалық не кәсіптік білім алуға құқылы.
11. Жұмыстағы эксплуатациядан қорғалу құқығы.
Жұмыстағы не экономикалық эксплуатация (қанау) деген — бала еңбегінің заңсыз түрлері, мысалы, кәмелетке толмағандарды саудалау, қылмысқа, порнографиялық сурет не видео шығаруға, секс қызмет көрсетуге тарту, 14-ке толмағандарды жұмысқа алу.
12. Әлеуметтік көмек алу құқығы. Мемлекет әлеуметтік көмек алу құқығы барларға ай сайын қаражат бөледі. Мысалы, көпбалалы отбасына берілетін көмек. Ата-ана осы көмекті тек бала қажетіне жұмсауға тиіс.
13. Демалу және бос уақытын пайдалану құқығы. Жасына, денсаулығы мен қажетіне қарай балалар демалып, бос уақытын қалағанынша өткізе алады.
Иллюстрация: Лейла Тапалова
Нет комментариев.