Армения, Әзербайжан мен Ресей Таулы Қарабақтағы соғысты аяқтау туралы келісімге қол қойды
Арменияда жаппай наразылық басталды
Фото: tvc.ru
Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжан және Ресеймен Таулы Қарабақтағы атысты аяқтау жөнінде келісімге қол қойғанын хабарлады. BBC мәліметі бойынша Ереван Бакуге бірнеше жерді қайтарып береді, ал екі арасындағы өңірге Ресей бітімгерлері барады.
— Әзербайжанның мемлекет басшысы және Ресей президентімен Қарабақ соғысын тоқтату жөнінде келісімге келдік. Ондағы шарттар өзіме де, халқыма ауыр тимек (...) Бірақ біз жеңілмедік те, жеңіске жетпедік те, — деген Пашинян өз Facebook парақшасында.
Соғысты тоқтату жөніндегі келісім жасалғанын Ресей президенті Владимир Путин де растады.
Үш тарап нақты не туралы келісті?
— Ресей сарбаздары екі ел арасындағы жерде бес жыл тұрмақ. Бұл мерзім кейін ұзартылуы мүмкін.
— Армения 15 қарашаға дейін Келбажар ауданын, 1 желтоқсанға дейін Лачин ауданын Әзербайжанға қайтарып береді. Ереванда ұзындығы бес шақырым болатын Лачин дәлізі қалмақ. Бұл өңір Армения мен Таулы Қарабақ байланысы үшін қолданылады.
— Таулы Қарабақ пен оның іргесіндегі аумаққа соғыс кезінде бас сауғалап кетіп қалған тұрғындар қайтып келеді. Процесс БҰҰ бақылауында болады.
Арменияда тұрғындар осы келісімге қарсы болып, Ереванда жаппай наразылық басталды. Парламент үйіне бірнеше мың адам басып кіріп, терезелері мен есіктерін сындырған. Кейбір наразы парламент спикері Арарат Мирзоянды ұрып тастаған.
Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ үшін бірнеше жылдан бері қақтығысып келеді. Олар арасында кейінгі атыс 27 қыркүйекте басталған. Соғысқа не себеп болғанын біз мына жерде толығырақ жазғанбыз.
Нет комментариев.