«Аға, бүйткенше өліп қалсамшы»: Лондондағы сотта Қытай қазақтары Шыңжаң лагерінде азап көргенін айтты

Қазір Шыңжаң мұсылмандарын қудалау бойынша сот тыңдауы өтіп жатыр


13/09/2021
17:12 40414 0

Фото: azattyq.org

 

Лондонда Шыңжаң мұсылмандарын қудалау ісі бойынша сотта куәгерлерді тыңдау процесі жалғасып жатыр. 12 қыркүйекте онда ұлты қазақ Бақытәлі Нұр, Ерғазы Отарбай мен Орынбек Көксебек куәлік беріп, Шыңжаң лагерінде азап көргенін айтты. Мұны «Азаттық радиосы» хабарлайды.

 

Орынбек Көксебек лагерьде төрт ай, кейін екі ай үйқамақта отырғанын айтты. 

 

Олар Қытай тілін білмегенім, Қазақстан азаматы болғаным үшін тұтқындады. Қалай қинағанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қазақстанға қайтқаннан кейін әлдекімдер қоқан-лоқы көрсетті, — дейді ол. 

 

Бақытәлі Нұр өзін полиция 2017 жылы «24 террорист елдің біріне» бардың деп лагерьге алып кеткенін, ал бала көтергеніне алты ай болған жұбайына аборт жасатқанын жеткізді. Сарапшылардың сұрағына жауап бергенде ол қамауда болған ұйғыр жігітінің көрген азабын айтып берді: 

 

«Бір күні оны (ұйғыр жігітін) түнгі сағат 12 жарымда алып кетті. Содан төрт күннен кейін бір-ақ әкелді. Оның екі қолы жансызданып қалған. Ертесіне басқарушы қытай маған "Мына баланың екі қолы істемейді. Cол үшін оны дәретке отырғызып, тамағын бересің" деп бұйырды. Осылайша оған тамақ ішкізіп, дәретке отырғызып жүрдім. Біз отырған жердің бәрі толған (бейне)камера. Ол жерде сөйлей алмайсың. Әжетханаға апарған кезде ғана әңгімелесуге мүмкіндік болды. Ол жігіттен сені қайда апарды деп сұрап едім, "Бір жерге апарып, төрт күн асып қойды, басында аяғым жерге тимеді. Төрт күннен кейін сіңірім созылып, тиді. Содан екі қолым жансызданып қалды" деді. “Бақытәлі, жейдемді түрші" деді ол. Қарасам, денесінде электрошокерден күймеген жері қалмапты. "Аға, бүйткенше өліп қалсамшы, мен не істедім..." деді ол. Сонда оның бар қылмысы — ұйғырлар "мәшірап" дейтін достар отырысына барғаны. "Терроршылар не деді, қылмысыңды мойында" деп оны қинаған». 

 

Қазір үш куә Қазақстанда тұрады, үшеуі де осы жақтың азаматы. 

 

Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалау ісі бойынша екінші сот тыңдауы 10 қыркүйекте басталды. Біріншісі маусымда өтті. 

 

БАҚ Ұйғыр трибуналы деп атаған сот процесінде елдер Қытайдың мұсылман азаматтарын қудалаған фактілерін,  Бейжіңнің саясаты геноцид туралы конвенцияға сай ма, жоқ па, соны тексеріп жатыр. 

 

2018 жылы БҰҰ Қытайда Шыңжаң ұйғырлары мен басқа да азшылық топтар (қазақ, қырғыз) лагерьлерге қамалып жатыр деп хабарлаған еді. Басында Қытай билігі мұны жоққа шығарды, бірақ кейін мойындады. Олар онда «экстремизмге бейім азаматтарды қайта тәрбиелеп жатырмыз» дейді. 

 

Біз бұрын сол лагерьлердің бірінде қытай тілінен сабақ берген қазақ Сайрагүл Сауытбайдан сұхбат алғанбыз. Ол бізге не көргенін, онда отырғандар ұйғырлар мен қазақтардың халін айтып берді. 

 

Ал мында Шыңжаңнан келген қазақ әйелдері аборт жасатуға мәжбүр болғанын айтып берді.

Поделиться

Нет комментариев.

13/09/2021 17:12
40414 0

Уведомление