Адамға құқықты мемлекет «бермейді». Сонда кім береді?

Құқық қайдан және қалай пайда болады, оны адамнан тартып алуға бола ма


25/07/2020
19:43 6542 0


 

Кез келген адамның құқығы болады. Әдетте біз оны ойлап бас қатырмаймыз. Жұмысқа барамыз, достарымызбен сөйлесеміз, саяхаттай отырып, осыған, ең бастысы өмір сүруге құқығымыз бар екенін сезбейміз. Бірақ бұл құқықты бізге кім берді: ата-ана ма, мемлекет пе, әлде табиғат па?

 

Адам құқығы — бізді қорғап, өмірімдің қолайлы ететін, қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін ережелер жиынтығы. Оның негізі — теңдік пен адамгершілік.  

 

ҚҰҚЫҚ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

 

Адам құқығының тарихы тереңде жатыр және сан түрлі оқиғаға толы. Бірақ ең маңызды жаңалығы XX ғасырдың 40-жылдарында болды. 

 

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ескі қағидалардың жарамайтыны айқындалды. Миллиондаған адам қаза тапты, қалғандарының өмірі астан кестен болды. Сондықтан осындай трагедияны тағы да бастан кешірмеу үшін Жердегі барлық халықты қорғайтын және мемлекеттердің іс-әрекетін қадағалайтын әмбебап ережелер ойлап табу керек болды.  

 

1948 жылғы 10 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассемблеясы адам құқықтарының Дүниежүзілік декларациясын(1) қабылдады. Адамның: 

 

  • өмір сүруіне, бостан болуы және жеке басына қол сұғылмауына;
  • құлдықтан, жәбір көру мен шеттетілуден еркін болуға;
  • әділ сотқа;
  • еркін жүріп-тұруға, тұратын жерін өзі таңдауға;
  • еркін ойлауға, қалаған сенімі мен дінін ұстануға;
  • пікірі болуына, оны ашық айтуына;
  • бейбіт жиналыстарға қатысу және қауымдастыққа мүше болуға;
  • елді тікелей не жанама түрде басқаруға қатысуға құқылы. 

 

ОҒАН ҚАЛАЙ ИЕ БОЛАМЫЗ?

Дүниеге адам болып келдіңіз бе? Керемет, себебі бұл құқыққа ие болу үшін жеткілікті.

 

Біз өз құқығымызды туған бойда аламыз. Басқа сұрақ — бұл нені білдіреді? Перзентханада біреу «мә, мынау сенің құқығың» деп бір қорап сыйламайды не «мынадай құқыққа ие» деп туу туралы куәлігімізде жазылмайды ғой. Тіпті адам қандай құқыққа ие екенін, оның қорғалып, бұзылып жатқанын мүлдем білмей өмір сүруі мүмкін. 

 

 

Шын мәнінде адам құқығы — абстракция, бірақ өте маңызды абстракция. Дүниежүзілік декларацияның заңды күші жоқ, ол тек ұсыныс ретіндегі құжат. Бірақ ол азаматтық және саяси құқық пен экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқық туралы екі халықаралық пактіге (келісім) негіз болды. Оларға БҰҰ-ға барлық мүше қол қойды. Оның ішінде Қазақстан да бар. Осылайша елдер адам құқығын қорғауға жауапты екенін және қорғайтынын білдірді. 

 

Мысалы, Қазақстан Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы — демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемелекет. Оның басты құндылығы — адам, оның өмірі мен бостандығы» деп жазылған. Оны 12-бап толықтырады: «Адам құқығы мен бостандығы оған туғаннан бері тиесілі болады, оны олардан ешкім тартып ала алмайды, заңдар мен өзге де құқықтық норматив актілер осыған сүйеніп жазылады», яғни заң «адам құқығы мен бостандығы сақталуы керек» дейді. 

 

ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫ КІМ БҰЗА АЛАДЫ?

 

Көптеген сарапшы мен халықаралық ұйым «адам құқығы саласы — жеке тұлға мен биліктің қатынасы» деген пікірде. Мысалы, БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша комитеті немесе Адам құқығы жөніндегі Еуропа соты адамның адамға емес, билікке жасаған шағымын қарайды. Азамат биліктің әрекеті немесе әрекетсіздігінің үстінен арыз бере алады. Еуропа сотында барлық іс «Адам билікке қарсы» деп аталады.  

 

 

Иә, адамға құқықты мемлекет бермейді, бірақ оны реттеп, қорғауы керек. Сонымен бірге тек билік адам құқығын шектеп, бұза алады. 

 

Адам құқығы жөніндегі халықаралық құқық бойынша кеңесші, заңгер Татьяна Чернобиль: 

 

— Адамның құқығын тек билік өкілдері бұза алатынын ұмытпау қажет. Олар — барлық дәрежедегі мемлекеттік қызметкерлер, бюджет жұмысшылары, мемлекет тағайындаған, белгілі бір құзыреті бар адамдар, мемлекеттен қаржы алатын тапсырыс орындаушылар, онымен қандай да бір байланысын дәлелдеуге болатын барлық адам. Ал оларды осы үшін жауапқа мемлекеттің өзі тартуға тиіс. Заң сол үшін жазылады. Онда өз өкілетін пайдаланып құқық бұзатындарды қатаң жауапқа тарту көзделген. Сонымен қатар Қылмыс кодексінде билігін асыра пайдалануға қатысты бап бар. Қинау туралы бөлек бап бар, ал қинау — қызмет кезіндегі қылмыс. Билік өкілдерін жауапқа тартуға болады және тарту керек. Сондай-ақ қоғамда биліктің әр әрекетін бақылайтын азаматтар қажет. 

 

Адамдар бір-бірінің құқығын бұза алмайды. Себебі олардың қарым-қатынасын азаматтық құқық(2) реттейді, бұл енді басқа әңгіме. Теңдік қағидасы деген бар. Бір адам басқа адамға әмір ете алмайды. Ол қылмыс жасауы мүмкін, бірақ жапа шеккен тараптың әділ сотқа құқығы бар. Демек қылмыскер жазаланады. 

 

Бастысы — елде әділ соттың болуы, мемлекеттің адам құқығын сақтап, қорғауы. 

 

АДАМНАН ҚҰҚЫҒЫН ТАРТЫП АЛУҒА БОЛА МА?

 

Жоқ. Мемлекет кейде оны шектей алады, бірақ тартып ала алмайды. Билік адам құқығын қалағанынан емес, шынымен де қажет кезде шектей алады. Қандай жағдайда құқық шектелетіні әр елдің өз заңында жазылған. 

 

Мәселен, коронавирус пандемиясы кезінде көптеген ел карантин мен төтенше жағдай режимін енгізді, азаматтардың жүріп-тұруын шектеді. Себебі, барлық үкімет вирустың таралуын төмендеткісі келді. Бірақ бір-екі айдан кейін шектеулер біртіндеп алып тасталып, барлығымыз қалаған жерімізге бара алатын болдық. 

 

 

Әрине, кейбір мемлекет «бейбіт» заманда да адам құқығын шектеп, бұзады. Мұндай үрдісті әдетте заң шығарушы органы (парламент) адам құқығын бұзатын заңдар қабылдайтын елдерде байқауға болады. Ал сол заңдарды орындайтын орган (үкімет, әкімдіктер, полиция) заңсыз адам тұтқындайды, билік жақтырмайтын БАҚ пен ұйымдарды жауып тастайды. Сот билігі істі дер кезінде қарамайды, әділ болмайды. 

 

Мұндай жағдайда мемлекет халықтан құқығын тартып алатын сияқты болып көрінеді. Бірақ шындығында олай емес. Адамнан құқығы мен бостандығын тартып алу мүмкін емес, Декларацияда олардың ажырамас екендігі жазылған.  

 

Егер билік өз міндетін орындамаса, адамдар қорғана, мемлекеттен құқық пен бостандықтық сақталуын талап ете алады. Азаматтардың кімге міндетті екенін мына жерде жаздық. 

 


 

Иллюстарция: Анар Бакенова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

25/07/2020 19:43
6542 0

Уведомление