Біз күнде жаңалықтардан парламент сөзін естиміз. Ол не өзі?

Ол немен айналысады және неге оны білу маңызды?


28/07/2020
12:40 5719 0

 


 

Біз парламенттің заң талқылап, қабылдап жатқаны туралы жиі естиміз. Мәжілісмендер мен сенатторлардың шешімдері қоғамда айқайға айналады, айтқан пікірлері цитата болып таралады. Алайда парламенттің нақты немен айналысатынын және не үшін керек екенін екінің бірі білмейді. Ендеше осының басын ашып алайық.

ПАРЛАМЕНТ ДЕГЕН НЕ?

Демократияның екі түрі бар: 

 

— Тікелей: халық референдумдар немесе жиналыстар арқылы өз шешімін өзі қабылдайды. 

Өкілдік: адамдар билік органдарына өз өкілдерін (депутаттарды) сайлап, елді басқару және заң шығару тізгінін соларға сеніп тапсырады. 

 

Теория жүзінде мемлекетте бұл механизмдердің екеуі де жұмыс істеуге тиіс. Мысалы, Қазақстан Конституциясының(1) 3-бабында:

 

Халық өз билігін тікелей республикалық референдум мен еркін сайлау арқылы жүргізеді, сол құқықты мемлекеттік органдарға береді, — делінген.

 

Парламент — ҚР өкілдер жүйесінің жоғарғы органы. Оның басты мақсаты — заң шығару. Парламенттен басқа, президент пен үкімет те заң шығару бастамасын білдіріп, заң жобасын ұсына алады. 

 


 

Қазақстанда мемлекеттік билік үш тармаққа бөлінген: заң шығарушы, атқарушы және сот. Бұл тармақтардың әрқайсы туралы мына жерден толығырақ оқи аласыздар. 

 


 

ПАРЛАМЕНТ ҚҰРЫЛЫМЫ

 

 

Қазақстан парламентінде екі палата бар: Сенат (жоғарғы) және Мәжіліс (төменгі). Олар өкілет мерзімімен, депутаттарды сайлау ережесі және құрамы жағынан ерекшеленеді. Палаталар өз ішінде салалық комитеттер мен кеңестерге бөлінеді.   

 

Сенат

 

Жоғарғы палатада 49 депутат отырады. Олардың 34-і әр облыстан, республикалық маңызы қалалар (Алматы және Шымкент) мен астанадан сайланады. Оларды тікелей халық емес, жанама сайлаушылар — мәслихат (жергілікті өкілдер органы) депутаттары сайлайды. Қалған 15 депутатты президент тағайындайды. Жоғарғы палатаға мүше болу алты жылға созылады, бірақ сенаторлардың тең жартысы әр үш жыл сайын сайланып отырады.   

 

Сенатқа төраға басшылық етеді (оны спикер деп те атайды). Бұл лауазымнан үміткерді президент ұсынады. Кейін депутаттар жасырын дауыс беру арқылы оны қолдайды немесе қолдамайды. Заң бойынша, Сенат спикері қазақ тілін білуге тиіс.  

 

Қазақстанда Сенат төрағасын президенттен кейінгі екінші адам деуге болады. Егер мемлекет басшысы орнын мерзімінен бұрын босатса, оның өкілеті бас сенаторға өтеді.  

 

2019 жылдың наурызында дәл осындай жағдай болды. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз орнынан кеткеннен кейін оның міндеттерін сол тұстағы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев уақытша атқарды. Жоғарғы палата төрағасының орнын Дариға Назарбаева басты. Бір жылдан кейін Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) оның өкілетін тоқтатты. Бұрынғы президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жаңа спикер болды.  

 

Мәжіліс

 

Мәжілісте 107 депутат отырады. Оның 98-і жалпы сайлауда сайланады. Олар міндетті түрде саяси партияға мүше болуға тиіс. Сайлау жүйесі — пропорцианал. Бұл — халық партияға неғұрлым көп дауыс берсе, парламентте оның депутаттары соғұрлым көп болады деген сөз. Мәжіліске кіру үшін партия кем дегенде дауыстардың 7 %-ын жинауға тиіс. Басқа тоғыз депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжілісмендердің өкілет мерзімі — бес жыл. Екі палатаға бір уақытта депутат болуға тыйым салынған.  

 

Мәжіліс төрағасы лауазымынан үміткерлерді палата депутаттарының өзі тағайындайды. Артынша жасырын дауыс беру өтеді. 

 

 

ПАРЛАМЕНТ НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ?

Парламент білім беруден бастап қоршаған ортаны қорғау, азаматтардың құқығы пен бостандығы, қорғаныс пен қауіпсіздікті барлық дерлік саланы қамтитын заңдарды шығарады. Депутаттар палата мүшелері толық жиналатын пленарлық (лат. plenum — «толық») отырыстарда заң жобалары мен тағы басқа мәселелерді талқылайды. Сонымен қатар екі палатаның ортақ отырыстары да тұрақты түрде өткізіліп отырады. 

  

Басты мәселелерді алдымен Мәжілісте, кейін Сенатта қарайды. Мысалы, депутаттар: 

 

  1. заңдар мен конституциялық заңдарды қабылдайды; 
  2. мемлекеттік бюджетті бекітіп, оған түзету енгізеді;
  3. салықты бекітіп, жояды;
  4. елдің әкімшілік-аумақтық құрылымына қатысты мәселелерді шешеді. Мысалы, елді мекендердің атауын ауыстыру немесе облыс шекарасын өзгерту туралы шешім қабылдайды;  
  5. мемлекеттік марапаттар мен құрметті атақтарды тағайындайды; 
  6. мемлекеттік қарыз және өзге елдерге көмек көрсету мәселелерін шешеді; 
  7. жаза кесілгендерге рақымшылық беру мәселесін шешеді; 
  8. халықаралық келісімдерді ратификациялап, күшін жояды; 
  9. республикалық бюджет туралы есепті талқылайды; 
  10. президенттің қол қоймай, қайтарып берген заңдар немесе заң баптары бойынша қайта талқылау өткізеді және қайта дауыс береді; 
  11. республикалық референдум өткізу туралы бастама көтереді.  

 

Әр палатаның өз міндеті бар. 

 

Сенат Жоғарғы сот төрағасы мен судьяларды және адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындайды, алып тастайды; Ұлттық банк, бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасын тағайындау жөнінде президентпен келіседі (немесе келіспейді); бас прокурорды, Жоғарғы сот төрағасы мен соттарды дербес құқықтылығынан айырады; егер Мәжілістің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтаса, заңдарды қабылдайды.    

 

Ал Мәжіліс үкімет енгізген заң жобаларын қарастырады; премьер-министрді тағайындауға дауыс береді; кезекті президент сайлау туралы хабарлайды.

 

Төменгі палата депутаттардың кем дегенде бестен бірінің бастамасынан кейін үкіметке сенбейтінін айта алады. 

 

 

ДЕПУТАТТАР: ТАЛАПТАР МЕН БАСЫМДЫЛЫҚТАР

Парламент депутаттығына елде кем дегенде тұрақты он жыл бойы өмір сүрген Қазақстан азаматы сайлана алады. Жоғарғы және төменгі палатаның әлеуетті мүшелеріне әртүрлі талап қойылады.

 

Мысалы, жоғары білімі бар және кемінде бес жыл еңбек еткен, 30 жастан асқан адам Сенат депутаты бола алады. Ол сайлау болғанға дейін кемінде үш жыл бойы өзін ұсынып отырған аймақта тұруға тиіс.   

 

Мәжіліс мүшелеріне азаматтықтан бөлек, мына бір талап қойылады: олардың жасы 25-тен асқан болуы керек. Қазір Қазақстан парламентте 30 жастан кіші саясаткерлер жоқ. Орындардың үштен екісін 50–60 жас аралығындағы адамдар иеленген.   

 

ҚР Конституциясында парламент депутаттары басқа өкілді органның (мысалы, мәслихаттың) депутаты болуға, кәсіпкерлікпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ делінген. Сонымен қатар олар (оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа) ақы төленетін жұмыстарда істей алмайды.

 

Сенатор мен мәжілісмен болудың бірқатар басымдылықтары бар. Мысалы, егер олар қылмыс үстінде ұсталмаса немесе ауыр/аса ауыр қылмыс жасамаса, палатаның келісімінсіз оларды қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.

 

Парламент астанада орналасқан, сондықтан аймақтан келген барлық депутатқа қызметі кезінде тегін тұрғылықты орын беріледі. Сонымен қатар депутаттар едәуір жоғары жалақы алады. Көлемі кейінгі статистика бойынша, айына 700 мың теңге. Бұл елдегі ең төменгі жалақыдан (42 500 теңге) 16,5 есе жоғары, ең жиі төленетін жалақы көлемінен (58 мың теңге) 12 есе артық. 

 

 

 

ПАРЛАМЕНТКЕ САЙЛАУ ЖӘНЕ ЛЕГИТИМДІЛІК

 

Қазіргі мәжілістің мерзімі 2021 жылы аяқталады. ҚР Конституциясының 63-ші бабына сәйкес, президент парламентті тарата алады. Таратылғаннан кейін екі ай ішінде кезектен тыс сайлау өткізіледі. 

 

Қазақстандағы ең киінгі парламентке кезектен тыс сайлау 2016 жылы болды. Оған алты партия қатысты, үшеуі парламентке өтті. Nur Otan партиясы дауыстардың 82,2 %-ын, «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы 7,2 %-ын, Қазақстанның Коммунистік Халықтық партиясы (ҚКХП) 7,1 %-ын жинады.    

 

Қазақстан парламентіне сайлау пайда болғаннан бері, оны бір де бір рет ЕҚЫҰ/ДИАҚБ халықаралық стандарттар мен елдің адал және еркін сайлау жүргізу міндеттемесіне сай деп өтті деп таныған емес. Мысалы, 2016 жылғы сайлауда халықаралық бақылаушылар сайлаушылардың тым көп келуіне күмәнмен қарап, сайлау комиссияларының құрылу процесін ашық емес деді. 

 

2020 жылдың 6 мамырында «парламенттегі оппозиция» деген түсінік ресми түрде пайда болды. Мәжілісмен Азат Перуашевтің сөзінше, бұл парламент көпшілігіне кірмеген фракция депутаттарының өкілетін арттырады. 

 


 

Иллюстрация: Анар Бакенова. 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

28/07/2020 12:40
5719 0

Уведомление