Жәрдемақыдан тұрақ ақысына дейін: 1 қазаннан бастап Қазақстанда не өзгереді

Бүгіннен бастап Қазақстанда бірқатар жаңа талап пен өзгеріс күшіне енеді.


01/10/2026
11:28 0

Жұмыссыз мәртебесін алу тәртібі өзгереді

 

2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмыссыз мәртебесін рәсімдемес бұрын лайықты жұмыс іздеу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзарады.

 

Осы уақыт аралығында Еңбек мобильділігі орталығының мамандары азаматтың еңбек өтілін, білімі мен кәсіби дағдыларын зерделеп, оған сәйкес келетін бос жұмыс орындарын ұсынады. Қажет болған жағдайда жұмыс берушілермен де байланыса алады.

 

Егер азаматқа лайықты жұмыс 13 күн өтпей тұрып табылса, белгіленген мерзімнің аяқталуын күтудің қажеті жоқ.

 

Жұмыс іздеуші ретінде Еңбек мобильділігі орталығы, eGov порталы немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы тіркелуге болады.

 

Жұмысынан айырылғандарға берілетін төлемнің мерзімі қысқарады

 

2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгереді.

 

Төлем ең көбі үш айға тағайындалады. Оның ай сайынғы мөлшері 267 750 теңгеден аспайды. Бұл өзгеріс әлеуметтік төлем алу құқығы 2026 жылғы 1 қазаннан кейін пайда болған азаматтарға қатысты.

 

Төлемді әрі қарай алу үшін азамат жұмыссыз мәртебесін сақтауы керек. Егер Еңбек мобильділігі орталығы үш лайықты жұмыс орнын ұсынса, ал азамат олардың бәрінен бас тартса, оны жұмыссыз ретінде тіркеуден шығаруы мүмкін. Мұндай жағдайда әлеуметтік төлем де тоқтатылады.

 

Онлайн несие алушыларды тексеру күшейтіледі

 

1 қазаннан бастап интернет арқылы тұтынушылық несие рәсімдейтін қазақстандықтарға жеті сұраққа жауап беру қажет болады.

 

Банктер осылайша азаматтың алаяқтардың ықпалымен әрекет етіп отырмағанын және алған қарызын «қауіпсіз шотқа» аударуға ниетті емес екенін тексереді.

 

Жаңа талап кепілмен қамтамасыз етілмеген және онлайн рәсімделетін банктік тұтынушылық қарыздарға қатысты.

 

Кәсіпкерлер маңдайшаны алдын ала келісуі керек

 

1 қазаннан бастап кәсіпкерлер дүкендеріне маңдайшаны алдын ала келісімсіз орната алмайды.

 

Маңдайша орналастырмас бұрын оның эскизін әзірлеп, eGov арқылы немесе әкімдікпен келісу қажет болады.

 

Сонымен қатар маңдайшалардың заңнамадағы тіл талаптарына сәйкестігі де тексеріледі.

 

Қажетті келісімсіз орнатылған маңдайшаға қатысты оны алып тастау талабы сияқты шаралар қолданылуы мүмкін.

 

Алматыда су қымбаттайды

 

1 қазаннан бастап «Алматы Су» сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне жаңа тариф енгізеді.

 

Халық үшін ҚҚС-ты қоса есептегенде:

  • 1 текше метр су – 178,06 теңге;
  • су бұру – 119,46 теңге.

Бизнес үшін:

  • сумен жабдықтау – 362,18 теңге;
  • су бұру – 264,75 теңге.

Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар үшін:

  • сумен жабдықтау – 649,60 теңге;
  • су бұру – 189,14 теңге.

 

Ақылы тұрақ бағасы да өседі

 

2026 жылғы 4 қазаннан бастап Алматыдағы ақылы тұрақтардың тарифтері өзгереді. Баға көшелердің жүктемесі мен тұрақ орындарына деген сұранысқа қарай белгіленеді.

 

Жаңа тарифтер үш санатқа бөлінеді:

  • сағатына 100 теңге – көлік аз жүретін учаскелерде;
  • сағатына 150 теңге – орташа жүктемедегі аймақтарда;
  • сағатына 200 теңге – тұрақ орны тапшы, сұранысы жоғары учаскелерде.
  •  

Ақылы тұрақтарға жақын үйлердің тұрғындары үйінің маңына бір көлігін тегін қоя алады. Ол үшін арнайы рұқсат рәсімдеу қажет.

 

Нысандардың атауын өзгерту тәртібі жаңарады

 

Қазақстанда әуежай, вокзал, метро станциясы, автовокзал және басқа да нысандардың атауына қатысты жаңа талаптар белгіленді. Атау таңдаған кезде нысан орналасқан өңірдің тарихы, мәдениеті мен ерекшеліктері ескеріледі.

 

Нысанның атауын бұрынғы өзгерістен кейін кемінде 10 жыл өткен соң ғана қайта өзгертуге болады.

 

Белгілі тұлғалардың есімін нысандарға олар қайтыс болғаннан кейін кемінде 5 жыл өткен соң беруге рұқсат етіледі. Егер нысанға белгілі бір адамның есімі берілсе, оның аты-жөні қазақ тілінде жазылуы тиіс.

 

Жаңа атауларды Республикалық ономастика комиссиясы қарайды. Соңғы шешімді тиісті мемлекеттік органдар қабылдайды. Бұл жаңа ережелер 2026 жылғы 9 қазаннан бастап күшіне енеді.

 

Қазан айында қазақстандықтар қанша күн демалады?

 

25 қазан – Қазақстан Республикасының күні. 2026 жылы бұл мереке жексенбіге түседі. Сондықтан демалыс күні 26 қазанға ауыстырылады.

 

Бес күндік жұмыс аптасында қазан айында 10 демалыс және 21 жұмыс күні болады. Алты күндік жұмыс аптасында 5 демалыс және 26 жұмыс күні қарастырылған.

 

Оқушылар күзгі демалысқа шығады

 

Қазақстан мектептерінде бірінші тоқсан 8 оқу аптасына созылады. Күзгі каникул 26 қазаннан 1 қарашаға дейін жалғасады. Оқушылар 7 күн демалады.

 

фото: vechastana.kz

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

01/10/2026 11:28
0

Уведомление