Құжат дайын: Конституция жобасын референдумға шығару ұсынылды

Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Конституциялық сот төрағасы жаңа Ата заң жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруға болатынын мәлімдеді.


11/02/2026
17:18 339 0

«Оң бағаланған» құжат

 

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндері барынша жетілдірілді. Терминологиялық және мағыналық бірізділік қамтамасыз етілді.

 

 Құқықтық нормалардың тұжырымдары нақты беріліп, мазмұны әр азаматқа түсінікті болатындай жазылды. Жоба комиссия мен оның жұмыс топтарының аясында жан-жақты талқыланып, қолдау тапты. Комиссия мүшелерінің қоғам өкілдерімен кездесулері барысында да құжат негізінен оң бағаланды. Жаңа негізгі заңымыз қоғам мен мемлекет игілігіне қызмет етеді деп сенемін, – деді Бақыт Нұрмұханов.

 

Комиссия жұмысы тәмам

 

Қорытынды сөз сөйлеген Конституциялық сот төрағасы  Эльмира Әзімова комиссия мүшелерінің басым бөлігі жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығару бастамасын қолдағанын мәлімдеді.

 

– Комиссия – президент жанындағы консультативтік орган. Сондықтан көпшіліктің пікірін ескере отырып, пысықталған жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруды мемлекет басшысына ұсыну қажет деп санаймын, – деп түйіндеді Әзімова.

 

Оның айтуынша, комиссия жұмысының қорытындылары президентке ұсынылады. Жаңартылған жоба мәтіні бұқаралық ақпарат құралдарында қайта жарияланып, сондай-ақ ресми сайттар мен арналарда жарық көреді.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

11/02/2026 17:18
339 0

Уведомление