Жаңа Конституцияның «Президент» бөліміне қандай өзгеріс енеді

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның алтыншы отырысында жаңартылған Ата заңның жобасында президент лауазымына қатысты қандай өзгерістер енгені белгілі болды.


30/01/2026
20:20 491 0

Қандай норма енді?

 

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, құжат жобасында «ел президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының ҚР біртұтас халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді» деген норма енген.

 

Сондай-ақ, республика президенті болуға үміткерлерге қойылатын талаптар нақтыланған.

 

«Ең жоғары лауазымды тұлға болып тумысынан ҚР азаматы болып табылатын, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын, жоғары білімді, мемлекеттік, сайланбалы мемлекеттік лауазымда кемінде бес жыл тәжірибесі бар ҚР азаматы сайлана алады», – деді Нұрмаханов.

 

Еспаеваның ұсынысы

 

Еске салайық, конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 29 қаңтардағы отырысында Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаева Ата заңға өзгеріс енгізгеннен гөрі жаңа мәтін қабылдауды ұсынған.

 

Оның сөзінше, конституциялық комиссияға түскен 2 мыңнан астам өтініш құжат ережелерінің жартысынан көбін қамтиды.

 

«Жекелеген түзетулер өзгерістерді орнықты іске асыру үшін қажетті тұтастық пен айқындықты қамтамасыз етпейді», – деп есептейді депутат.

 

Тоқаевтың пайымы

 

Мемлекет басшысы Волонтерлер форумында Конституциялық реформа мүшесінің бұл ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

 

«Шын мәнінде, ұсынылған түзетулер жобасы елді институционалдық-құқықтық тұрғыда жаңғыртумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашады. Түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасты», – деп мәлімдеді президент.

 

Президенттің пікірінше, Конституцияға қандай да бір өзгеріс енгізу керек болса, мұндай қадамды тек референдум арқылы жасау қажет.

 

«Комиссия Конституцияға қатысты ұсыныстың бәрін мұқият саралап шықты. Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның барлық негізгі бөлімдері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтиды», – деді Тоқаев.

 

 

 

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

30/01/2026 20:20
491 0

Уведомление