Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында айтты.
Ресми қабылдау
Мемлекет басшысы бүгін Ата заңға және Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды.
– Бүгін баршаңыз тарихымыздағы аса маңызды, мән-мағынасы айрықша, ел өмірінде өшпес із қалдыратын оқиғаның куәсі болдыңыздар.
Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық.
Еліміздің барша халқына Ата заңымыз құтты болсын дегім келеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Конституция – мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат екенін айтты.
– Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастады. Кейін мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды. Конституциямыз — табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі. Біз бүгін бір ел болып ұлт жылнамасының жаңа межесіне өттік, түбегейлі өзгерістердің сапасы және мазмұны ерекше бірегей кезеңіне аяқ бастық, – деді ол.
Референдум қорытындысы
Еске салайық, 15 наурызда Қазақстанда жалпыхалықтық референдум өтті. Референдумның қорытындысы бойынша, дауыс берушілердің 87,15%-ы жаңа Ата Заңның қабылдануын қолдаған.
Жалпы, ел бойынша 9 млн 127 мың 192 адам немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың 73,12 пайызы дауыс берген. Олардың 7 млн 954 мың 666-сы Конституцияның қабылдануын жөн деп санаса, 898 099-ы қарсы болған.
15:58
37
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.