Қытай Жаңа жылы басталды: бүгін елдің 285 млн тұрғыны жолға шығады
Бүгін, 17 ақпанынан бастап Қытай халқы Жаңа жыл мерекесін тойлауды бастады. Бұл мейрам екі аптаға жалғасып, жаңа ай күнтізбесінің алғашқы толған айымен аяқталады.
Бұл қандай мереке?
Қытай Жаңа жылы – төрт мың жылдан астам тарихы бар ежелгі мереке. Ол ай күнтізбесіне сәйкес тойланады және әр жылдың басталуы қысқы күн тоқырауынан кейінгі алғашқы жаңа айға байланысты белгіленеді. Мейрам көктемнің басталуымен сәйкес келеді және Қытайда Чуньцзе («Көктем мерекесі») деп аталады.
2025 жылы Қытай Жаңа жылы 29 қаңтарда басталып, 12 ақпанда аяқталса, биыл 17 ақпанда басталып 3 наурызда шамдар фестивалімен тәмамдалады. Бұл елдегі ең басты мейрам болғандықтан, алғашқы жеті күн Қытайда ресми түрде демалыс болып жарияланған.
Қытай Жаңа жылының шығу тарихы
Мерекенің пайда болуы Нянь (年, Nián) атты мифтік құбыжыққа байланысты. Аңыз бойынша, Нянь жыл сайын ауылдарға келіп, адамдарға шабуыл жасайтын. Оны тек қызыл түс, қатты дыбыстар және от қорқытатын болған. Сол себепті қытайлар Жаңа жылда қызыл түсті безендірулер іліп, отшашулар атып, арыстан билерін ұйымдастыру дәстүрін қалыптастырды.

Қытай Жаңа жылында көшелер, үйлер, ғимараттар қызыл фонарьлармен, ленталармен, ою-өрнектермен безендіріледі. Қызыл түс – сәттілік пен байлықтың символы.
Жыл символы – От Жыланы
Қытай күнтізбесі бойынша әр жыл белгілі бір жануар мен мезгілге сәйкес келеді. Барлығы 12 жануар белгісі бар: тышқан, өгіз, жолбарыс, қоян, айдаһар, жылан және т.б. Сонымен қатар ағаш, от, жер, металл, су сияқты табиғи элементтер әр жануармен үйлесіп, 60 жыл сайын қайталанып отырады.
2024 жыл Жасыл ағаш айдаһары жылы болса, 2025 жыл Жасыл ағаш жыланы жылы болды. Ал биылғы жыл символы – От жыланы.
Мерекелік дәстүрлер
Қытайлар үйлерінің есіктеріне «Фу» (福) – «Береке» иероглифін және арнайы жұп өлеңдер (чуньлянь) жапсырады. «Фу» иероглифін кейде төңкеріп қояды, бұл «сәттілік келді» деген мағынаны білдіреді.
Мерекенің соңғы күні аспанға қағаз шамдар ұшырылады, бұл өткен жылмен қоштасу мен жаңа үміттерді білдіреді.

Қытай Жаңа жылында адамдар отбасыларымен жиналып, дәстүрлі тағамдар жейді. Бұл «туаньюань фан» (团圆饭) – «қайта қауышу асы» деп аталады.
Үлкендер балаларға және жас адамдарға ішіне ақша салынған «хунбао» (қызыл конверттер) береді. Бұл дәстүр сәттілік пен молшылық тілеу мақсатында жасалады.
Қытай қалаларында Айдаһар және арыстан билері ұйымдастырылады. Бұл билер зұлым рухтарды қуып, сәттілік әкеледі деп сенеді.

Қытай Жаңа жылындағы дәстүрлі тағамдар қатарында цзяоцзы (тұшпара), няньгао (күріштен жасалған тәтті бәліш), юй (балық тағамдары) және көктем бәліштері бар. Бұл тағамдардың әрқайсысында мағына бар. Мысалы, балық тағамдары молшылықты білдірсе, көктем бәліштері бақыт пен гүлденудің символы.
Мерекеге қатысты қызықты фактілер
Қытай Жаңа жылында 3 миллиардтан астам адам саяхаттайды, бұл – әлемдегі ең үлкен көші-қон құбылысы.
Елдің көлік министрлігінің мәліметінше, бүгін Қытайда 285 миллион адам жолға шығады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға жоғары.
Қытайлықтар Жаңа жылда шаш қидырмайды, себебі «шаш қию» сөзі «байлықтан айырылу» деген мағынамен үндес.
Жаңа жыл қарсаңында бүкіл үйді тазалау – ескі жылдың сәтсіздігінен арылу деген сенім бар.
Мерекеде 4 саны мен ақ түсті сыйлықтар беруге болмайды, себебі Қытайда «төрт» сөзі «өлім» сөзінің айтылуымен ұқсас.
11:20
49
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.