Қырғызстанда энергетикалық сусындар саудасына тыйым салынбақ
Шенеуніктердің айтуынша, бұл шектеу балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғауға бағытталған.
Қырғызстан үкіметі энергетикалық сусындарды алты ай бойы елге әкелуге тыйым салу туралы қаулы жобасын әзірледі. Алайда бірқатар ерекшелік қарастырылған. Атап айтқанда, транзитпен өтетін жүкке шектеу қойылмайды. Ал кәсіпкерлерге бұған дейін ақысын төлеп қойған және жолда келе жатқан тауарларды жеткізу үшін бір ай уақыт беріледі. Бұл туралы Kaktus.media хабарлады.
Қырғызстанның Экономика және коммерция министрлігі бұл шектеу балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғауға, энергетикалық сусындардың қолжетімділігін азайтып, тұтынылуын шектеуге бағытталғанын мәлімдеді.
Құжатқа сәйкес, уақытша тыйым ЕАЭО сыртқы экономикалық қызмет тауар номенклатурасындағы 2202 кодына жататын және белгіленген құрамдық талаптарға сай келетін энергетикалық сусындарға қатысты болады. Атап айтқанда, құрамында мына заттар бар өнімдерге шектеу қойылуы мүмкін:
кофеин мөлшері литріне 150 миллиграмнан асатын;
құрғақ заттардың үлесі 10 пайыздан жоғары;
таурин, L-карнитин, глюкуронолактон секілді энергетикалық алмасуды ынталандыратын заттар бар сусындар.
Дегенмен қаулы жобасында бірқатар ерекшелік көзделген:
- Қырғызстан аумағы арқылы транзитпен өтетін тауарларға тыйым салынбайды;
- шектеу күшіне енгенге дейін Қырғызстандағы алушыларға жөнелтіліп, жолда келе жатқан өнімдерге рұқсат беріледі;
- қаулы күшіне енгенге дейін ақшасы төленген тауарларға да шектеу қолданылмайды;
- энергетикалық сусындар санатына жатпайтын сергітетін алкогольсіз сусындарға тыйым салынбайды.
Қырғызстан билігінің есебінше, бұл тыйым салдарынан республикалық бюджет 1,5 миллиард сом салық түсімінен қағылады. Алайда Жапаров экономиканы әлеуметтік жәрдемақыға тәуелді науқас азаматтар емес, дені сау адамдар алға сүйрейтінін айтқан.
12:15
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.