«Ұятты деректерді ашық айту оңай емес»: Тоқаев ғалымдарға ескерту жасады
Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесуінде ғылымды қаржыландыру ісіндегі кемшіліктерді сынға алды.
Бөлінген 500 млн доллардың нәтижесі қайда?
Президенттің айтуынша, мемлекет соңғы алты жылда ғылымға арналған қаржыны бірнеше есе ұлғайтты.
– Жыл сайын ғылымға 200 миллиард теңгеден астам, тіпті, бұдан да көп, 500 миллион доллардан аса қаржы бөлінеді. Бұл – Қазақстан үшін қомақты ақша. Алайда ғылымды қаржыландырудың нақты нәтижесін әзірге көре алмай отырмыз. Бас прокуратура салалық министрлікте және Ғылым қорында көптеген әрі ауқымды қаржылық заңбұзушылықтарға жол берілгенін әшкереледі, – деді Тоқаев.
Жемқорларға тосқауыл жоқ
Мемлекет басшысының сөзінше, грант алушыларды аккредиттеуден бастап қаржыландыру үдерісінің барлық кезеңінде кемшіліктер көзге көрініп тұр. Мемлекет қаржысын жымқырғысы келетін кез келген әрекетке тосқауыл қоятын сүзгі не кедергі жоқ.
– Ғылыми үдерісті дамытудың тұжырымды көзқарасы қалыптаспаған. «Әйтеуір қаражатты қалайда игерсек болды» деген ұстаным тамыр жайған. Ғылыми жұмыстың нақты пайдасы, жаңашылдығы қандай? Оған ешкім бас қатырмайды. Бұған қоса, сараптама ұзаққа созылады. Жобалар уақтылы іске аспайды. Үкімет аталған мәселелерді егжей-тегжейлі тексеріп, жағдайды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет, – деді президент.
Ғылым бар, бірақ пайдасы жоқ
Мемлекет басшысы ғылыми әзірлемелер елге нақты пайда әкелуі керегін айтты.
– Ғылым қорына инновацияны ынталандыруға арналған жаңа құзыреттер берілді. Бірақ жұмыстың нәтижесі жоқ. Қордың қызметін қайта саралау қажет. Өзімізді алдаудың не қажеті бар? Ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пайдасын көрмей отырмыз. Маған үш мыңнан астам қолданбалы ғылыми жобаның тек 193-і ғана коммерцияландыруға лайық деп танылғаны, ал нарыққа бар-жоғы 29 жоба шыққаны баяндалды. Өкінішке қарай, индустрияға әсері, қайтарымы өте аз, – деп сынға алды Тоқаев.
Ғылым қорының былығы
Президент тағы бір келеңсіз жайтты тілге тиек етті.
– Заманауи өндіріс құруға бөлінген жер телімдері бос жатыр. Ал жұмысында олқылықтарға жол берген Ғылым қоры мемлекет қаржысын қайтармағаны өз алдына, тіпті, құқық қорғау органдарына да шағымданбаған. Ештеңе болмаған сияқты. Алайда құқық қорғау органдары грант ретінде алынған ақшаның кейін Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы мен Ғылым қоры қызметкерлеріне аударылғанын әшкереледі. Тексеріс нәтижесі бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында өзім шынайы құрметпен қарайтын ғылыми қызметкерлер туралы осындай ұятты деректерді ашық айту оңай емес, – деп түйіндеді мемлекет басшысы.
19:18
64
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.