WhatsApp: Ресей 100 млн адамның қауіпсіздігіне қол сұқпақшы
WhatsApp өкілдері Ресейдің мессенджерді толық бұғаттауға тырысу әрекетіне қатысты мәлімдеме жасады.
Роскомнадзордың DNS-серверлерінен WhatsApp доменінің жойылғаны жөнінде ақпарат мессенджерді талай жыл тұрақты қолданып келе жатқан ресейліктерді тығырыққа тіреді.
WhatsApp өкілдерінің айтуынша, Кремль хабар алмасу қосымшаларына шектеулерді күшейтуді жалғастырып жатыр.
«Ресей билігі азаматтарды аңду мүмкіндігі бар мемлекеттік қосымшаға көшіру мақсатында WhatsApp-ты толық бұғаттауға тырысты. 100 млн қолданушыны жеке және қауіпсіз байланысу құқығынан айыру – кері қадам. Бұл Ресейдегі адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Біз қолданушылардың байланыста қалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деп мәлімдеді WhatsApp.
Еске салайық, 2022 жылы Ресейде Meta-ға тиесілі Instagram және Facebook қосымшалары бұғатталды және оларды тек виртуалды жеке желілер арқылы пайдалануға болады.
Telegram жұмысы да шектелді
Бұдан бұрын Telegram мессенджерінің негізін қалаушы кәсіпкер Павел Дуров Ресейдегі өз жобасына қатысты шектеулер жөнінде пікір білдірген.
«Ресей билігі азаматтарын аңдуға және саяси цензура жүргізуге арналған мемлекеттік қосымшаға көшіруге тырысып, Telegram-ға қолжетімділікті шектеп отыр. Сегіз жыл бұрын Иран да дәл осындай тәсілді қолдануға әрекет жасаған, бірақ сәтсіздікке ұшырады. Олар ойдан шығарылған сылтаулармен Telegram-ды бұғаттап, халық мессенджердің мемлекеттік баламасына көшеді деп үміттенді. Тыйым салынғанына қарамастан, ирандықтардың басым бөлігі әлі күнге дейін Telegram пайдаланады (цензураны айналып өтіп) және бақылауға алынған қосымшалардан гөрі осы платформаны таңдайды», – деп жазды ол.
10:37
307
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.