Украина егемендігіне қол сұғу: Сабуров «Миротворець» базасына енді

Қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуровтың есімі украиналық «Миротворець» ресурсының базасына енгізілді, деп хабарлайды Masa media.


15/02/2026
17:05 197 0

Украинадағы тергеу

 

Ресейге 50 жыл мерзімге кіру құқығынан айырылғалы әзілкештің есімі көптің құлағында. Кеше Украинаның қауіпсіздік қызметі Сабуровтың есімін сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне енгізгені мәлім болды. Бұған Украиналық адвокат Евгений Прониннің үндеуі себеп болған. Әзілкеш Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қол сұқты және Ресей Қарулы күштерін қаржыландырды деп айыпталып отыр.

 

Сабуровтың істі болуына 2025 жылдың жазында түсірілген видео негіз болды. Онда әзілкештің Ресей әскерилеріне мотоциклдер бергені айтылады. Әлеуметтік желілерде видеоның түпнұсқалығына қатысты дау туындаған, алайда Factcheck.kz порталы бейнежазбадан монтаждау немесе цифрлық генерация белгілері табылмағанын мәлімдеді.

 

«Миротворець» қандай ресурс?

 

Украина қауіпсіздігіне қарсы азаматтарды тізімдейтін «Миротворець» сайты 2014 жылы ашылған. Онда Украинаның аумақтық тұтастығына қарсы мәлімдеме жасаған, әрекет еткен азаматтарды енгізу тәртібі қалыптасқан. Басты мақсат – агрессорды жақтаушыларды әлемге көрсетіп, оларға қарсы заңдық механизмдері қолдану мүмкіндігін қарастыру дейді базаны жасақтаушылар. Осы арқылы оларға санкция салу, Украина аумағына кіруге тыйым салу сынды әрекеттер іске асады.

 

Қазақстанда іс қозғала ма?

 

Бұдан бұрын белсенді Марат Тұрымбетов даулы видеоға құқықтық баға беруді сұрап, Қазақстанның Бас прокуратурасына өтініш жолдады. Заңгер Бауыржан Оңғаров бұл әрекеттер 12 жылға бас бостандығынан айыруды көздейтін ҚР ҚК-нің 170-бабына сәйкес келуі  мүмкін деген болжамын айтты.

 

Қазақстанда әзілкештің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде дерек жоқ. Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, Сабуровтың әрекетін тексеру ҰҚК құзыретіне кіреді.

 

 

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

15/02/2026 17:05
197 0

Уведомление