Қуаныш пен қайғы, кек пен серт: Аятолланың өлімінен кейін Иранның күйі қандай?
Кешелі бері төрткүл дүние назары Иранға ауды. Аятолла Хаменеидің өлімінен кейінгі елдің ахуалы қандай боларын, Израиль мен АҚШ әрі қарай қалай әрекет етерін бүкіл әлем сілтідей тынып бақылап отыр.
фото: reuters
«Тарихтағы ең зұлым адам»
Иранның рухани көсемі Әли Хаменеидің өлімі 28 наурызда болжам ретінде айтылса, 1 наурызға қараған түні Трамп оның резиденцияға жасалған шабуылдан мерт болғанын сенімді түрде мәлімдеді. Көп ұзамай Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары аятолланың қаза тапқанын растады.
«Тарихтағы ең зұлым адамдардың бірі Хаменеи мерт болды», – деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіне.

фото: Ақ үй
Ақ үй басшысының мәлімдеуінше, аятолла америкалық «барлау мен технологиясы жоғары іздеу жүйесінен қашып құтыла алмаған».
«Иран халқы үшін елді өзіне қаратудың ұлы мүмкіндігі туды. Ислам революциясы сақшылары корпусыны, армия және басқа да қауіпсіздік күштері, полиция бізден соғысқысы келмейтінін, бізден қорған іздейтінін естіп отырмыз», – дейді ол.
АҚШ пен Израильден кек алу
Трамп ирандықтарды зұлымдықтан құтқардым десе, аятолланың маңайындағылар АҚШ пен Изарильді «ирандықтардың жүрегіне соққы жасады» деп айыптап, америкалықтар мен израильдіктерден кек алатындарын мәлімдеді.

Иран ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджани бұл туралы мемлекеттік телеарна эфирінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
«Ұлтымыз өзгелердің Иранды бөлшектеуіне жол бермейді. АҚШ пен Израиль иран халқының жүрегіне соққы жасады. Біз де олардың дәл жүрегіне соққы береміз», – деп мәлімдеді ықпалды саясаткер.
CNN телеарнасының мәліметінше, Лариджани Әли Хаменеидің басты кеңесшілерінің бірі болды, Иран билігінде шешім қабылдайтын ықпалды саясаткер.
Оның мәлімдеуінше, Иран қарулы күштерінің қарымта әрекеті одан бетер қатаң болады.
Трамп мұны жауапсыз қалдырмады. Ақ үй басшысы Иран билігіне қатаң ескерту жасады.
«Иран жаңа ғана бүгін өте қатты қарымта соққы жасайтынын мәлімдеді. Дегенмен олай жасаудың қажеті жоқ. Өйткені олар осындай әрекетке барса, біз бұрын болмаған өте ауыр соққы жасаймыз», – деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісіне.
Ирандықтардың аятолла өліміне реакциясы
Дәл қазір дел-сал күйдегі Иранның әскери һәм саяси қауқары қандай екенін тап басып айту қиын. Өйткені Израиль мен АҚШ соққысынан аятолла ғана емес, Иран қарулы күштері Бас штабының басшысы Абдулрахим Мусави мен қорғаныс министрі Әзіз Насырзаде де қаза тапты. IRNA қарулы күштердің басқа да командирлері мерт болғанын хабарлады.
Елдің рухани көсемі мен әскери шенділерінің қазасы халықтың бір тобы қайғыра қабылдаса, екінші топ бөркін аспанға атып, қуанып жатыр. Елде 40 күндік Жалпыұлттық аза тұту жарияланды. Аятолланың суретін құшақтаған мыңдаған адам Иран қалаларында аза тұту акцияларын өткізіп, «Америкаға өлім» деп ұрандатты. Әлеуметтік желілерде жарияланға видеолардан қайғырушылардың «Израильге өлім» деген айғайын да естуге болады.

фото: hindustantimes.com
Ал ел халқының екінші тобы көшеде ән айтып, аятолланың өліміне шаттанып жүр. Бір-бірін құттықтап, би билеген жастардың видеосы да желіде тез тарап, қызу талқыланып жатыр. Саяси сарапшылардың айтуынша, ирандықтардың адам өліміне мұншалықты қуануы халықтың Хаменеи режимінен қаншалықты зәрезап болғанын көрсетеді.
Келесі көсем кім болады?
Хаменеидің орнын басатын адам сайланғанша Иран президенті Масуд Пезешкиан жоғары көсем қызметін қоса атқаратыны мәлім болды. Иран Конституциясының 111-бабында мұндай жағдайда өтпелі үкіметті президент, сот билігінің басшысы және Иран сақшылары кеңесінің мүшесі басқаратыны айтылған. Жаңа көсемді 88 дін басшысынан тұратын үлемдер кеңесі сайлайды.

CNN телеарнасының болжамынша, Әли Хаменеидің орнын төменде аталған бес адамның бірі басуы ықтимал:
Моджтаба Хаменеи – аятолланың 56 жастағы екінші ұлы.
Әлиреза Арафи – 67 жастағы дін қызметкері, Үлемдер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
Мұхаммед Мехди Мирбагер – үлемдер кеңесінің мүшесі, қасиетті Құм қаласындағы Ислам ғылым академиясын басқарып отыр.
Хасан Хомейни – аятолла Рухолла Хомейнидің немересі. Хомейни кесенесін басқарады.
Хашем Хоссейни Бушери – үлемдер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары.
Иран әуе кеңістігі жабық: соғыс аймағындағы қазақстандықтар қайтпек?
Таяу Шығыстағы ахуал жақын арада тұрақталмайтын секілді. АҚШ пен Израиль Иранның қазіргі режимін құлатпайынша сабасына түспейтінін анық ұқтырды. Осы орайда Иран аумағында жүрген Қазақстан азаматтарына қауіпсіздік шараларын күшейту туралы үндеу жасалды.

фото: tass.com
Қазақстан елшілігі осы елде уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан қазақтарға Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерімен байланысу ұсынылды.
Елдің әуе кеңістігі жабылып, әуе қатынасы уақытша тоқтатылғанына байланысты елден шығу Иранның құрлықтағы шекаралары арқылы жүзеге асырылуы мүмкін:
Иран — Әзербайжан;
Иран — Армения;
Иран — Түркия;
Иран — Түрікменстан.
14:42
66
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.