Тәуелсіздік тарихындағы амнистиялар: 35 жылда кімдердің жазасы кешірілді?

Қазақстанда 1991 жылдан бері қанша рет амнистия жарияланды, жазадан кімдер босатылды, кімдерге кешірім берілген жоқ?


18/03/2026
12:52 65 0

Президент Тоқаев биыл Қазақстанда тағы да рақымшылық жасалатынын мәлімдеді. 2025 жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға амнистия жарияланса,  енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жасалмақ.

 

Осы орайда Masa media тілшісі Қазақстан егемен ел болғалы жарияланған 14 амнистияға шолу жасап, олардың кейбірі неге тек «таңдаулыларды» қамтығанына ой жүгіртті.

 

1991 жыл: ең алғашқы амнистия

 

Тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы алғашқы рақымшылық 1991 жылы жасалды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі амнистия туралы заң бойынша, амнистия ең алдымен соғысқа қатысушыларға, кеңестік орден-медаль иегерлеріне, мүгедектерге, қарттарға, жүкті әйелдерге, балалы аналарға және кәмелетке толмағандарға қатысты болды.

 

Алғаш рет сотталған және бес жылға дейін жаза алған әйелдер жазасының үштен бірін өтеген жағдайда мерзімінен бұрын босап шықты. Осындай жеңілдік жасөспірімдер мен абайсызда қылмыс жасағандарға да берілді.

 

Фото: РИА Новости

 

Алайда аталған санаттағы қылмыскерлердің барлығы бірдей жауапкершіліктен босатылған жоқ. Заң амнистия қолданылатын тұлғалар шеңберін қатаң шектеді. Кісі өлтіргендер, зорлық-зомбылық жасағандар, парақорлар, рецидивистер, сондай-ақ есірткі немесе алкогольге тәуелділіктен емделмегендер түрмеде қалды. Бұған дейін амнистия немесе кешірім алғанымен, қайта қылмыс жасағандардың да жазасы жеңілдетілген жоқ.

 

Бұл амнистия төрт ай бойы күшінде болды. Ол тек сотталғандарды ғана емес, ісі әлі қаралып жатқан адамдарды да қамтыды. Дегенмен, нақты қанша адамның босатылғаны туралы дерек жоқ.

 

1994 жыл: Халықаралық отбасы жылына орай жарияланған рақымшылық

 

1994 жылдың қазанында Қазақстанда Халықаралық отбасы жылына орай тағы бір амнистия жарияланды. БАҚ мәліметінше, ол 1380 адамды қамтыды: бір бөлігі босатылды, өзгелерінің жаза мерзімі қысқартылды, соттылығы алынды немесе істері тергеу кезеңінде тоқтатылды.

 

Амнистияға іліккендер:

 

  • үш жылға дейін жаза алған кәмелетке толмағандар;
  • жүкті әйелдер мен 16 жасқа дейінгі балалары бар аналар;
  • әскери қызметшілердің жесірлері және соғыс мүгедектерінің жұбайлары;
  • ардагерлер, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қарттар;
  • жалғызбасты әкелер;
  • колония-қоныста жазасының жартысын өтегендер;
  • абайсызда қылмыс жасағандар – олардың мерзімі екі есеге дейін қысқартылды.

1996 жыл: 12 мыңнан астам адамды қамтыған амнистия

 

1996 жылдың шілдесінде Конституцияның қабылданғанына бір жыл толуына орай ауқымды амнистия жарияланды. БАҚ деректеріне сәйкес, 11 мыңға жуық адам жазадан босатылып, тағы 2,3 мыңнан астам адамның мерзімі қысқартылды.

 

Фото: dzen.ru

 

Бұл жолы да назар әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға аударылды. Бостандыққа шыққандар қатарында:

 

  • Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
  • жас баласы бар және жүкті әйелдер;
  • зейнеткерлер мен мүгедектер;
  • кәмелетке толмағандар;
  • алғаш рет сотталғандар болды.

Толық босатуға ілікпеген, бірақ талаптарға сай келгендердің жазасының үштен бірі немесе жартысы қысқартылды. Ал ауыр қылмыс жасағандар, рецидивистер мен режимді қасақана бұзғандар бұл амнистиядан тыс қалды.

 

1999 жыл: гуманизмнің шарықтау шегі

 

1999 жылғы 13 шілдеде экс-президент Назарбаев «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» аясында амнистия туралы заңға қол қойды. БАҚ мәліметінше, 15 705 адам бостандыққа шығып, тағы 2270 сотталғанның жазасы қысқартылды.

 

Фото: vecher.kz

 

Бұл амнистияның ерекшелігі – алғаш рет қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлері, онкологиялық ауруға шалдыққандар және туберкулездің ауыр түрімен ауыратындар толық босатылды.

 

Сондай-ақ әскери сипаттағы жеңіл және орташа қылмыс жасаған әскери қызметшілер мен әскерден жалтарғандар да жеңілдікке ие болды.

 

2001 жыл: «көлеңкелі» капиталдың заңдастырылуы

 

2001 жылы жарияланған амнистия сотталғандарға емес, азаматтардың «көлеңкелі» қаржысын заңдастыруға бағытталды. «Ақшаны заңдастыруға байланысты ҚР азаматтарына амнистия туралы» заң экономиканы қосымша қаражатпен қамтамасыз етуді көздеді.

 

Құжат азаматтарға декларацияланбаған қаражатты салық төлемей және қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупінсіз заңдастыруға мүмкіндік берді. Заң аясында азаматтар 20 күн ішінде қолма-қол ақшаны арнайы шоттарға сала алды немесе аударым жасады. Бұл қаражат уақытша «тоқтатылып», банктер олардың заңды екенін растайтын құжат берді.

 

 

Егер ақша қылмыстық жолмен табылмаған болса, құпиялылық пен құқықтық қорғаныс кепілдендірілді. Ал өзге тұлғаларға тиесілі немесе несие ретінде алынған қаражат анықталса, заңдастыру жойылып, ақша мемлекет пайдасына тәркіленді.

 

Амнистия салық төлеуден жалтару, жалған кәсіпкерлік және басқа да экономикалық құқықбұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатты. Бірақ тергеліп жатқан адамдарға қолданылған жоқ.

 

2006 жыл: заңсыз еңбек мигранттарына рақымшылық

 

2006 жылы Қазақстанда еңбек мигранттарына арналған ерекше амнистия жүргізді. Ол ТМД елдерінен келген заңсыз жұмысшылар мен олардың жұмыс берушілеріне қатысты болды.

 

Мақсат   еңбек нарығын заңдастыру және «көлеңкеден» шығару. Амнистияға заң күшіне енгенге дейін 60 күн бұрын елге кірген әрі ресми тіркелмей жұмыс істегендер ілікті. 1 тамыз бен 31 желтоқсан аралығында жұмыс берушілер оларды тіркей алды.

 

 

Тексерістен кейін мигранттарға арнайы карточка беріліп, олардың еңбегі үш жылға дейін заңды деп танылды. Қатысушылар бұрынғы заңбұзушылықтары үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Алайда жалған мәлімет бергендерге, құжатсыз жүргендерге және лицензия талап етілетін қызметпен айналысқандарға бұл мүмкіндік берілген жоқ.

 

Мерейтойлық амнистиялар

 

Ел тәуелсіздігінің мерейтойлық кезеңдерінде 5 амнистия жарияланды.

 

  • 2000 жыл – егемендіктің 10 жылдығы. 7791 адам жазадан босатылды, оның ішінде 964-і   сотталғандар.
  • 2002 жыл – тәуелсіздіктің 10 жылдығы. 10 мыңнан астам адам рақымшылыққа ілікті, 693 адам бостандыққа шықты.  Алғаш рет ауыр қылмыс жасаған кейбір тұлғаларға да кешірім берілді (жазасының үштен бірін өтеген жағдайда).
  • 2006 жыл – тәуелсіздіктің 15 жылдығы. Екі жыл ішінде 1406 адам бостандыққа шықты.
  • 2011 жыл – тәуелсіздіктің 20 жылдығы. 3487 адам қамтылып, 859-ы колониядан шықты.
  • 2016 жыл – тәуелсіздіктің 25 жылдығы. 2338 адамға жеңілдік беріліп, 1220-сы түрмеден босатылды.

 

2022 жыл: Қатар жүргізілген екі амнистия

 

2021 жылғы 7 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай амнистия туралы заңға қол қойды. Ол 2022 жылдың басында күшіне еніп, алты ай бойы кезең-кезеңімен жүзеге асырылды.

 

Бас прокуратура мен ҚАЖК дерегінше:

 

  • шамамен 1300 адам түрмеден босатылды;
  • 11 мыңнан астам адамға амнистия қолданылды (мерзім қысқарту, соттылықты жою).

Алайда 5 қаңтарда елде жаппай тәртіпсіздіктер болып, тонау мен қирату оқиғаларына қатысқан көп адам жазаға тартылды. Осыған байланысты Президент 1 қыркүйектегі Жолдауында олардың қатысушыларына арналған жеке амнистия жариялады.

 

 

Негізгі шектеулерді нақты белгіленді: тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғандар, мемлекетке опасыздық жасағандар, билікті күшпен өзгертуге әрекеттенгендер, сондай-ақ терроризм мен экстремизмге қатысы барлар амнистиядан тыс қалды. Азаптаушылар мен рецидивистерге де кешірім берілген жоқ.

 

Заң 2022 жылғы 2 қарашада қабылданды. Желтоқсан айындағы мәлімет бойынша, 1071 адам амнистияға іліккен: 60-ы колониядан босатылып, 68-і пробациядан шығарылды, жүздеген адамның жазасы қысқартылды.

 

2025 жыл: Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылық

 

2025 жылғы 23 маусымда Президент Конституцияның 30 жылдығына байланысты амнистия туралы заңға қол қойды.

 

 

ҚАЖК мәліметінше, бұл амнистия аясында соттар 15 970 ұсынысты қараған. Нәтижесінде 2 мыңнан астам адам босап шықты (оның ішінде әйелдер мен кәмелетке толмағандар бар). 11 мыңнан астам сотталушының жаза мерзімі азайтылды. Пробация есебінде тұрған 2 888 адам жазадан толық босатылып, тағы 7 600-ден астам адамның мерзімі қысқарды.

 

Амнистия ең алдымен әлеуметтік осал топтарға бағытталды. Олардың қатарында кәмелетке толмағандар, балалы және жүкті әйелдер, мүгедектігі бар жандар мен қарттар бар.

 

Жемқорлар, экстремистер мен террористер, педофилдер, азаптау әрекеттерін жасағандар, қылмысты қайталап жасаған рецидивистер рақымшылыққа іліккен жоқ.

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

18/03/2026 12:52
65 0

Уведомление