Трамп Иранға тағы үзіліс берді

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның энергетикалық нысандарына жоспарланған соққыларды уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Алайда бұл шешімнің мән-жайына қатысты тараптардың мәлімдемесі бір-біріне қайшы, деп хабарлайды Masa.media.  


27/03/2026
07:39 84 0

Трамптың мәлімдемесі

 

Трамп Truth Social желісіндегі жазбасында Иран үкіметінің өтінішін ескеріп, электр станцияларына бағытталған шабуылдарды 10 күнге тоқтата тұратынын хабарлады.

«Иран үкіметінің өтінішін ескере отырып, Ирандағы электр станцияларын жоюға бағытталған әрекеттерді 10 күнге – 2026 жылғы 6 сәуір, дүйсенбі, шығыс уақыты бойынша сағат 20:00-ге дейін тоқтата тұратынымды хабарлаймын. Келіссөздер жалғасып жатыр және кейбір “жалған жаңалық” тарататын БАҚ пен басқа да дереккөздердің мәлімдемелеріне қарамастан, олар өте жақсы өтіп жатыр. Назар аударғандарыңызға рақмет!» – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

 Кейінірек ол Fox News телеарнасына берген сұхбатында Тегеран бастапқыда 7 күн сұрағанын, бірақ өзі 10 күн бергенін айтты. «Олар жеті күн сұрады, мен он күн беремін дедім. Себебі олар маған кемелер берді», – деп түсіндірді Трамп.

 

Иранның жауабы

 

Алайда The Wall Street Journal басылымы келіссөздерге қатысы бар делдалдарға сілтеме жасап, Иран 7 күндік үзіліс сұрамағанын жазады. Сонымен қатар, Тегеран АҚШ ұсынған 15 тармақтан тұратын бейбіт жоспарға әлі нақты жауап бермегені айтылған.

 

Бұған дейін Ақ үй басшысы Иран Ормуз бұғазын ашпаса, энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасалатынын ескерткен еді. Алайда 23 наурызда ол келіссөздер жүріп жатқанын алға тартып, шабуылды алғашында 5 күнге кейінге қалдырған.

 

Сондай-ақ осы аптада Трамп Иран АҚШ-қа мұнай-газға қатысты «өте үлкен сый» жасағанын мәлімдеді. Кейін ол бұл сөзін нақтылап, Иран билігі Ормуз бұғазы арқылы он мұнай танкерінің өтуіне рұқсат бергенін айтты.

 

Осылайша, Вашингтон мен Тегеран арасындағы жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр: ресми мәлімдемелер мен тәуелсіз ақпарат көздерінің деректері арасында қайшылық көп, ал келіссөздердің нақты нәтижесі әзірге белгісіз.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

27/03/2026 07:39
84 0

Уведомление