Тіпті бинт пен физерітінді жоқ: Рудный дәрігерлері науқастарға қажетті заттарды үйлерінен тасиды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі белгілі блогер Татьяна Турлайдың үндеуіне жауап берді, деп хабарлайды Masa media.


16/02/2026
11:50 66 0

Блогердің үндеуі

 

Блогер желідегі парақшасында Рудный қалалық ауруханасында дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың жетіспейтінін айтып, жауаптыларға жүгінген. Жазбадан кейін министрліктің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті аталған мекемеге жоспардан тыс тексеріс бастағаны белгілі болды.

 

Өз үндеуінде Татьяна Турлай «Рудный қалалық көпбейінді ауруханасы» КМК-ның терапия бөлімінде ем қабылдап жатқан анасының жағдайына алаңдаушылық білдірген. Оның айтуынша, медициналық заттарды кейбір медбикелер өз үйлерінен тасуға мәжбүр.

 

«Әңгіме ең қарапайым заттар туралы болып отыр: физерітінді, бинттер, тамшылатқыш жүйелер мен дәрі-дәрмектер… Тапшылық жағдайында медбикелер өңдеу мен таңу үшін қолда бар амалдарды қолдануға мәжбүр. Кейбір қызметкерлер жалақыларының төмендігіне қарамастан, науқастарға көмек көрсету үшін қажетті материалдарды үйлерінен әкеледі. Сонымен қатар, медициналық сақтандыруға тұрақты түрде жарна төленгеніне қарамастан, дәрілердің бір бөлігін пациенттер өз қаражатына сатып алып жатыр», – дейді блогер.

 

Дәрігерлердің ауыр жағдайда жұмыс істеп жатқанына назар аударған автор өз жазбасында салалық ведомство мен үкіметтен денсаулық сақтау саласындағы жүйелі мәселелерге назар аударуды өтінген.

 

«Рудный қалалық ауруханасының дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуіне тексеріс жүргізіп, пациенттерге тиісті деңгейде медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауды сұраймын. Үкіметімізден денсаулық сақтау саласындағы жүйелі түйткілдерге көңіл бөлуді өтінемін. Осындай мәселелердің салдарынан кейде жақындарымыздан айырылып жатамыз, бұл жанға батады», – деп жазды Татьяна Турлай.

 

Министрліктің мәлімдемесі

 

Резонанс тудырған үндеуге жауап ретінде Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жоспардан тыс тексеріс басталғанын хабарлады. Ресми мәлімдемеде аудит «блогер Татьяна Турлайдың жарияланымында келтірілген деректер бойынша» жүргізілетіні атап өтілген.

 

Комитет медициналық ұйымның дәрілік заттар мен медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз етілуін тексереді. Ведомство бұл жағдай министрлік басшылығының жеке бақылауында екенін мәлімдеді.

 

Ал Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы қазіргі уақытта аурухана бөлімшелері медициналық көмек көрсетуге жеткілікті көлемде дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілгенін хабарлады.

 

Тексеріс қорытындысы бойынша комитет халыққа сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қабылдауға уәде берді.

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

16/02/2026 11:50
66 0

Уведомление