«Өте қиын болды»: Елге тарихи алтын сыйлаған Шайдоров ағынан жарылды

Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Италияда өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарында чемпионы атанды.


14/02/2026
11:27 164 0

Тарихи алтын

 

Михаил Шайдоров өзінің еркін бағдарламасында рекордтық 198.64 ұпай жинап, алтын медальді жеңіп алды. Жарыс барысында Михаил Шайдоров бірінші мәрте 5 рет төрттік секіру элементін сәтті орындады.

 

Турнир қорытындысы мынадай:

 1-орын. Михаил Шайдоров – 291.58 ұпай

 2-орын. Юма Кагияма (Жапония) – 280.06 ұпай

 3-орын. Шун Сато (Жапония) – 274.90 ұпай.

 

«Медальды Қазақстанға арнаймын»

 

Қысқы Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоров өзінің жеңісі жайлы пікір білдірді. Айтуынша, чемпион болатынына тіпті өзі де сенбеген.

 

«Шынымды айтсам, бұған сене алмадым. Бүкіл маусым бойы мен алдымен өзіммен күрестім. Бүкіл маусым маған өте қиын болды. Жарыстарда төрттік секіру элементін үш рет орындауға тырыстым. Ешқайсысында жасай алған емеспін. Бірақ бүгін сәті түсіп, қолымнан келгенді орындадым. Бұл Олимпиада ойындарына бес жыл дайындалдым. Осы ойындарда өз жұмысымды мінсіз орындап шыққым келген еді, бүгін соны істедім. Бұл жарысты, бұл медальді Қазақстанға арнағым келеді», – деді Михаил Шайдоров жарыстан кейін Qazsport телеарнасына берген сұхбатында.

 

21 жастағы спортшы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет Қысқы Олимпиада чемпионы атанды. Бұған дейін бұл спорт түрінен мұндай ірі жетістікке Денис Тен жеткен. Ол 2014 жылы Сочиде өткен Қысқы Олимпиадада қола жүлде иеленді. Сол кезде Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан алғашқы әрі жалғыз олимпиадалық медаль болды. Енді Шайдоровтың арқасында елімізге алтын медаль да келді.

 

Тоқаевтың құттықтауы

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты жеңісімен құттықтады.

 

Президент спортшының «жоғары шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігері үшін» алғыс айтқан. Шайдоровтың алтыны тарих үшін маңызды жетістік екенін де атап өтті.

 

Ақорданың мәліметінше, Тоқаев Михаил Шайдоровты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Оның айналасындағы жаттықтырушыларға және тиісті министрлікке атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

14/02/2026 11:27
164 0

Уведомление