Тарылған аспан, үдеген үрей: әуе компаниялары дағдарысты қалай еңсеріп жатыр
Әлемде әуе билеттерінің құны қаншалықты өсті?
Жанармайдың күрт қымбаттауы
Reuters-тің жазуынша, Таяу Шығыстағы қақтығыс авиациялық керосин бағасы күрт өсірді. Салдарынан Азия мен Еуропадағы бірқатар әуе компаниялары сейсенбі күні билет бағасын көтерді.
Бағаны өсіретінін жариялаған компаниялардың қатарында Австралияның Qantas Airways, Скандинавияның SAS және Air New Zealand әуе тасымалдаушылары бар. Ал кейбір компаниялар дағдарыс жанармай жеткізіліміне қауіп төндіруі немесе рейстер кестесін қайта өзгертуге мәжбүр етуі мүмкін екенін ескертті.
фото: hightech.fm
Air New Zealand компаниясының мәліметінше, АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасамай тұрып, авиациялық керосин бағасы бір баррель үшін шамамен 85–90 доллар болған. Қазір бұл көрсеткіш 150–200 доллар аралығына дейін шарықтаған. Компания қақтығыстың қалай өрбитіні белгісіз болғандықтан, 2026 жылға арналған қаржылық болжамын уақытша тоқтатты.
Соғыс мұнай экспортталатын маңызды дәліздердің бірінің жұмысына әсер етіп, әуе компанияларының шығынын арттырды. Нәтижесінде кейбір бағыттарда билет бағасы өсіп, туризмге сұраныс төмендеуі мүмкін деген алаңдаушылық күшейді.
«Осындай ауқымдағы баға өсімі тұрақты әрі сенімді жұмысымызды сақтау үшін әрекет етуге мәжбүрлейді», – деді SAS компаниясының өкілі. Ол компанияның бұл шарасы уақытша екенін атап өтті.
Өткен жылы SAS нарықтағы тұрақсыздыққа байланысты жанармай бағасын алдын ала бекіту (хеджирлеу) саясатын уақытша өзгерткенін, ал алдағы 12 айға жанармай тұтынуын бекітпегенін мәлімдеді.
Азия мен Еуропаның бірнеше әуе компаниясы, соның ішінде Lufthansa мен Ryanair, жанармайдың бір бөлігін алдын ала белгіленген бағамен сатып алу арқылы шығындарын сақтандырып қойған.
Ал жанармай сатып алудың 80 пайыздан астамын хеджирлеген Finnair компаниясы қақтығыс ұзаққа созылса, жанармай жеткізілімі де қысымға ұшырауы мүмкін екенін ескертті.
Компания өкілінің айтуынша:
«Дағдарыс ұзаққа созылса, жанармайдың тек бағасына ғана емес, белгілі бір уақытқа дейін оның қолжетімділігіне де әсер етуі мүмкін».
Солтүстік-батыс Еуропаға авиациялық керосин жеткізетін негізгі экспорттаушылардың бірі саналатын Кувейтте де өндіріс көлемі қысқарған.
Әуе кеңістігіндегі мазасыздық
10 наурызда Дубайға қонатын ұшақтар біраз уақыт әуеде айналып жүруге мәжбүр болды. Бұл өңірдегі әуе кеңістігінде жағдайдың тұрақсыз екенін көрсетті.
Әуе компаниялары осы жағдайға байланысты бағыттар желісі мен баға саясатын қайта қарап жатыр.
Qantas Еуропа бағыттарына ұшақтарды қайта бөлу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Ал Cathay Pacific наурыз айында Лондон мен Цюрихке қосымша рейстер ашатынын мәлімдеді. Әуе кеңістігінің жабылуы мен тасымалдау мүмкіндігінің шектелуі Азия–Еуропа бағытындағы билет бағасының өсуіне себеп болып отыр.
Air New Zealand көптеген бағытта билет бағасын көтергенін айтып, жанармай бағасы жоғары күйінде қалса, алдағы уақытта тағы да баға немесе кесте өзгерістері болуы мүмкін екенін ескертті.

Hong Kong Airlines бейсенбіден бастап жанармайға қосымша төлемді 35,2 пайызға дейін арттыратынын хабарлады. Ал Air India ішкі және халықаралық рейстерде жанармай үстемеақысын кезең-кезеңімен көбейтуді жоспарлап отыр.
Кейбір еуропалық тасымалдаушылар әзірге бағаны көтеру қажеттілігін көріп отырған жоқ. IAG (British Airways компаниясының иесі) жақын мерзімде жанармай шығындарын алдын ала бекітіп қойғанын айтып, билет бағасын өзгерту жоспары жоқ екенін мәлімдеді.
Дегенмен British Airways Таяу Шығыстағы жағдайдың белгісіздігіне байланысты Абу-Даби бағытындағы қысқы маусым рейстерін жоспарланған мерзімнен ертерек тоқтататынын хабарлады.
Акциялар құнының құбылуы
АҚШ президенті Дональд Трамп соғыстың жақын арада аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеген соң кеше мұнай біршама арзандады. Дүйсенбіде мұнай бағасы бір баррель үшін 119 долларға дейін көтерілсе, сейсенбі күні шамамен 90 долларға түсті.
Нәтижесінде Еуропада ірі әуе компанияларының акциялары 3–8 пайыз аралығында өсті. Ал АҚШ-тағы Delta Air Lines, United Airlines, Alaska Air және American Airlines акциялары сауда қорытындысында 2–4 пайызға төмендеді.
АҚШ-тағы ірі әуе компанияларының көпшілігі жанармай бағасын алдын ала бекіту тәжірибесінен бас тартқан. Ал Еуропа мен Азиядағы тасымалдаушылар мұндай сақтандыру тетігін әлі де қолданады. Әдетте жанармай шығыны – еңбек шығынынан кейінгі екінші ірі шығын.

фото: rbc.ru
Жанармай бағасын хеджирлеу болмаған жағдайда әуе компаниялары өсіп жатқан шығындарды өтеу үшін билет бағасын көтеруге мәжбүр болады. Deutsche Bank деректері бойынша, АҚШ-та соңғы аптада әуе билеттерінің бағасы айтарлықтай өскен. Әсіресе, шұғыл алынатын және алдын ала сатып алынатын билеттер қымбаттаған.
Жолаушылар ағыны әуе компаниялары ұсынатын орын санының өсімінен әлі де жоғары болып тұрғандықтан, ал кейбір тасымалдаушылар көктемгі демалыс маусымында рекордтық сұраныс күтетінін айтқандықтан, сарапшылар нарық жоғары бағаны көтере алатынын айтады.
Дегенмен жанармай бағасының өсуі әуе компанияларын даму жоспарларын баяулатуы ықтимал. Бұл баға белгілеу мүмкіндігін арттырғанымен, пайда маржасын толық сақтап қалуға жеткілікті ме, жоқ па — әзірге белгісіз.
АҚШ-тағы ірі әуе компаниялары келесі аптада өтетін салалық конференция алдында жаңа болжамдарын жариялауы мүмкін. Ал кейбір сарапшылар қазірдің өзінде биылғы тоқсан мен жалпы жылға арналған пайда және тасымал көлемі жөніндегі болжамдарын төмендетіп үлгерді. Мәселен, Melius сарапшылары таза табыс болжамын 10 пайызға қысқартқан.
Әуе кеңістігінің тарылуы
Жанармай бағасынан шарықтауынан бөлек, әуе кеңістігінің тарылуы да жаһандық туризм саласына қосымша қиындық туғызуы мүмкін. Ұшқыштар Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағын айналып өтуге мәжбүр болып, негізгі бағыттардағы жүктеме артып келеді.
Cirium дерегіне сәйкес, Emirates, Qatar Airways және Etihad компаниялары Еуропа мен Азия арасындағы жолаушылар ағынының шамамен үштен бірін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Еуропадан Австралияға, Жаңа Зеландияға және Тынық мұхит аралдарына ұшатын жолаушылардың жартысынан астамын осы әуе компаниялары тасымалдайды.
фото: msn.com
Еуропалық әуе компаниялары бұған дейін де Украинадағы соғысқа байланысты Ресей әуе кеңістігін айналып өтіп, ұзағырақ бағыттармен ұшуға мәжбүр болған. Ал қазір қолжетімді әуе кеңістігі одан әрі қысқарып, жұмыс істеу шарттары бұрынғыдан да күрделене түсті.
07:03
65
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.