Сынақ мерзіміндегі шектеулер: Қазақстанда жұмыс беруші нені талап ете алмайды?
Еңбек кодексіне сәйкес, сынақ мерзімі туралы талап еңбек шартында міндетті түрде көрсетілуі керек.
Жұмыстан себепсіз шығарып жіберуге немесе жалақыны азайтуға бола ма?
Жұмысқа қабылданған кезде белгіленетін сынақ мерзімі жұмыс беруші мен қызметкер арасында жиі келіспеушілік туғызады. Бірі ешқандай түсініктеме берместен жұмыстан шығарып жібере ме деп алаңдаса, енді бірі сынақтан өту үшін жалақыны аз алуға келісуге мәжбүр деп ойлайды. Алайда Қазақстан заңнамасында бұл мәселелердің тәртібі нақты көрсетілген. Сынақ мерзімінде де қызметкердің еңбек құқықтары толық сақталуға тиіc.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, Еңбек кодексіне сәйкес, сынақ мерзімі туралы талап еңбек шартында міндетті түрде көрсетілуі керек. Егер шартта мұндай талап болмаса, қызметкер сынақ мерзімінсіз жұмысқа қабылданған болып есептеледі.
Көп жағдайда сынақ мерзімі үш айдан аспауға тиіс. Ал ұйым басшылары мен олардың орынбасарларына, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарларына, сондай-ақ филиалдар мен өкілдіктердің басшыларына алты айға дейін сынақ мерзімін белгілеуге болады.
Бұл ретте қызметкерге алғашқы жұмыс күнінен бастап еңбек заңнамасындағы барлық негізгі кепілдіктер беріледі. Атап айтқанда, ол жалақыны уақытында әрі толық алуға, жұмыс және демалыс уақыты тәртібінің сақталуына, қауіпсіз еңбек жағдайына және әлеуметтік кепілдіктерге құқылы.
Сынақ мерзімінде жалақыны аз төлеуге бола ма?
Сынақ мерзімінен өту жұмыс берушіге қызметкердің жалақысын өз бетінше азайтуға құқық бермейді. Еңбекақы мөлшері еңбек шартында көрсетіледі және заң талаптарына сай болуы керек. Жалақыны өзгеше белгілеуге тек заңды негіз болғанда және бұл еңбек шартында тиісті түрде көрсетілген жағдайда ғана жол беріледі.
Сынақтан өте алмаған қызметкерді жұмыстан шығаруға бола ма?
Иә. Егер сынақ мерзімінің қорытындысы бойынша жұмыс беруші қызметкердің атқаратын жұмысына сай келмейтінін анықтаса, еңбек шартын бұза алады. Бірақ бұл үшін заңда белгіленген тәртіп сақталуы қажет.
Жұмыс беруші қызметкерге еңбек шартын бұзатынын алдын ала хабарлап, сынақ нәтижесінің неліктен қанағаттанарлықсыз деп танылғанын түсіндіруге міндетті. Демек, сынақ мерзімі қызметкерді кез келген уақытта, ешқандай себеп айтпастан жұмыстан шығаруға болады дегенді білдірмейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сынақ мерзімі еңбек қатынастарының толыққанды бөлігі екенін, бұл кезеңде қызметкердің құқықтары шектелмейтінін еске салады.
Ведомство жұмысқа орналасарда еңбек шартына қол қоймас бұрын оны мұқият оқып шығуға кеңес береді. Әсіресе сынақ мерзімінің ұзақтығына, жалақы мөлшеріне және еңбек жағдайларына қатысты талаптарға назар аудару қажет.
09:01
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.