«Сталиннің өлімі», «Борат»: Саяси сатира жанрындағы 8 фильм

Жазушы Аслан Аринов саясат пен саясаткерлерді әжуалайтын фильмдерді топтастырды


21/10/2020
12:13 7833 0

Диктатура, сыбайлас жемқорлық, өтірік сайлау. Қоғамның келеңсіз, жиіркенішті көрінісі талай кинорежиссердың шығармашылығына өткір тақырып ретінде арқау болды. Жазушы Аслан Аринов Instagram-да саяси әжуаға құрылған 16 фильмді топтастырды. Біз бұл картиналардың жартысына тоқталамыз.

«2020 жылы тарих адам айтқысыз сандырақтардың жаңа тұқымын тағы септі, олар авторлардың көркем шығарма туғызуына әрқашан түрткі бола бермек. Біздің жағдайымызда ол — түрлі ел өмірі туралы сатиралық кинофильмдер. Мұндай фильмдерде әдетте сарказм, ирония, гипербола, гротеск, аллегория, пародия мен тағы басқалар қолданылады», — дейді Аринов.

«Ұлы диктатор»

Жебірей шаштаразы соғыста Томэния (Германияға пародия — ред.) армиясы құрамында болады. Ол бір ұшқышты өлімнен құтқарамын деп ауыр жараланады. Солдат ауруханадан соғыс біткен кезде шығады. Ештеңеден хабарсыз шаштараз бұрынғы кәсібімен айналысайын десе, елде жебірейлерді жаппай қудалау басталған екен. Дегенмен тағдыр тәлкегі солай — шаштараз билікке келген Аденоид Хинкельге (Адольф Хитлерге пародия — ред.) егіздің сыңарындай ұқсас.

Чарли Чаплиннің бұл фильмі 1940 жылы — Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында жарыққа шықты. Картина нацизм мен Хитлер диктатурасы кезіндегі Германия саясатын сынайды. Бұл кезде Американың неміс мемлекетімен қарым-қатынасы жақсы болып тұрғанына қарамастан Чаплиннің фильмі прокатқа шығып, зор табысқа жетті.

«Доктор Стрейнджлав немесе мен қалай қорқуды қойып, бомбаны жақсы көріп кеттім»

Америка әскери-әуе базасының генералы Джек Д. Риппер КСРО-ны бомбалауға эскадрилья жібереді. Ел президенті Мерклин Маффли бұған қарсы болып, білікті мамандарды Пентагонға төтенше кеңеске шақырады. Осы кезде «Кеңес Одағында «Қиямет күні машинасы» аталатын суперқұрылғы жасалған» деген хабар келеді. Қоларбаға таңылған стратег ғалым — доктор Стрейнджлав планетаны түгел жарып жібере алатын бұл құрылғыға қарсы тұрар күш жоқ екенін айтады.

Фильм ағылшын жазушысы Питер Джордждың «Қызыл дабыл» романы бойынша түсірілген. Режиссер Стэнли Кубрик оны цинизмге толы комедияға айналдырды. Картина АҚШ пен КСРО-ның қырғиқабақ соғысы (Кариб дағдарысы) кезіндегі ірі саяси қайраткерлердің әрекетін әжуалайды.

«Бұрамалы апельсин»

Ақылды да қатыгез жасөспірім Алекс кісі өлтіру, әйел зорлау, қинау сияқты ауыр қылмыс жасағаннан ләззат алады. Түрмеге түскеннен кейін жігіт өзіне сынақ ретінде енгізілген түзеу терапиясын қолдануға келісім береді. Өйткені бұл жағдайда ол бостандыққа ерте шығуы мүмкін. Бірақ Алекстің қылмысқұмар санасын өзгертуге бағытталған емдеу тәсілі адам айтқысыз нәтиже береді.

Лента ерік бостандығының философиялық, діни астарын ақтарады. Ондағы сатира мемлекеттік басқару жүйесін, саясаткерлер іс-әрекетін, шіркеуді әжуа қылады. Стэнли Кубриктің 1971 жылғы фильмі Энтони Берджесстің осы аттас роман-антиутопиясы бойынша түсірілген.

«Халық Ларри Флинтке қарсы»

Сексреволюция, есірткі мен мәдени бетбұрыс дәуірінің кәсіпкері Ларри Флинттің стриптиз клубы табысты болмай қалады. Енді ол порножурнал ашуды ойлайды. Бұрын-соңды болмаған ерекше басылым Флинтті зор табысқа кенелтеді. Дегенмен медальдің екінші жағы бар — моралистер қоғамы баспагерді қатаң жазалауға көшеді.

Режиссер Милош Форманның бұл картинасы — автобиография. Ларри Флинт — Американың атышулы баспагері, бизнесмен, жазушы. Киносыншылардың айтуынша, Форман фильмінің сюжеті Флинттің өмірбаянынан мүлдем ауытқымаған. Флинт ролінде Вуди Харрельсон ойнайды.

«Борат: Қазақстанның даңқты халқының игілігі үшін Америка мәдениетін зерттеу»

Қазақстан журналисі Борат Сағдиев Ақпарат министрлігінің тапсырмасымен Америкаға аттанады. Оның мақсаты — «дүниежүзінде теңдесі жоқ осы бір ел» туралы деректі фильм түсіру. Анасынан, әйелінен, бауырларынан жырақта ол небір шытырманға тап болады.

Псевдодеректі фильм-комедияның режиссеры — Ларри Чарльз. 2006 жылы картина дүниежүзі прокатында зор табысқа жетті, тіпті киносыншылардың жоғары бағасына ие болды. Ал Қазақстанда фильмді көрсетуге тыйым салынды.

«Сталиннің өлімі»

Пианистка Мария Юдина грампластинка мен Иосиф Сталинге өлім тілеген хатты конвертке салып жолдайды. Хат Сталиннің қолына тиюі мұң екен, ол қол-аяғы құрысып, құлап түседі. КСРО көсемі өлгеннен кейін таққа талас басталады. Саяси қайраткерлер Никита Хрущев пен Лаврентий Берия және немістермен соғыстағы жеңіске үлес қосқан маршал Георгий Жуков Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Орталық комитеті мүшелерін өзіне қаратуға тырысып-ақ бағады.

Саяси комедияны 2017 жылы Ұлыбритания мен Франция бірігіп түсірген. Режиссеры — Армандо Ианнуччи. Картина халықаралық фестивальдерден көп жүлде алды. Ресейде шенеуніктер оның прокатқа шығуына рұқсат бермеді.

«Вице»

Дик Чейни университеттен соң АҚШ Конгресінде тәжірибеден өтіп, республикашыл саясаткер Дональд Рамсфелдтің көзіне түседі. Шешендігінің арқасында жас маман Ақ үй аппаратының басшысы болады. Билікке демократтар келгенде карьерасынан айырылғанымен бұл жағдай оны саяси өмірге одан әрі құмарта түседі. Қоғам пікіріне манипуляция жасай білуі мен ақылды әйелінің қолдауы Чейниді билікке келіп-кетіп жататын бірнеше президенттен де ықпалды тұлғаға айналдыра берді.

Бұл — АҚШ саясаткері Дик Чейнидің өмірі мен қызметі туралы драма. Оны режиссер Адам Маккей 2018 жылдың соңында жарыққа шығарды.

«Қоян Джоджо»

10 жастағы Йоханнес «Джоджо» Бетцлер — Ұлттық-социал неміс жұмысшылар партиясының балалар тобы — Юнгфольктың мүшесі. Лагерьде қоянды өлтіре алмағаны үшін өзге балалар Йоханнесті «Қоян Джоджо» атап кеткен. Кішкентай нацистің екі досы ғана бар, бірі — шынайы өмірдегі Йорки деген бала, екіншісі — қиялындағы Адольф Хитлер. Бір күні ол өз үйінен жебірей қызын көреді, Джоджоның санасында адамгершілік қағидалары мен нацизм идеологиясының текетіресі басталады.

Жаңа Зеландия кинорежиссеры Тайка Вайтитидің фильмі 2019 жылдың күзінде прокатқа шықты. Хитлердің ролінде режиссердың өзі ойнады. Картина «Оскар» сыйлығын «Бейімделген үздік сценарий» номинациясы бойынша жеңіп алды.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

21/10/2020 12:13
7833 0

Уведомление