Сәпиев пен орынбасары қызметінен кетті

Қарағанды облысының дене шынықтыру басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімханов қызметінен кетті.


03/02/2026
12:04 306 0

фото: gov.kz

 

Әкімдік мәлімдемесі

 

Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, дене шынықтыру және спорт басқармасында ведомство басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов өз еркімен атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.

 

Шенеуніктердің төбелесі

 

Еске салсақ, 21 қаңтар күні Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев соққыға жығылды деген ақпарат тараған. Кейіннен Сәпиевке дене жарақатын оның орынбасары Дәурен Есімханов салғаны белгілі болды. Полиция оның үстінен іс қозғалғанын мәлімдеді.

 

– 42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған, – деді полицейлер.

 

Кейіннен екі тарап та жанжалдың толық шешілгенін айтып, барлық жұмыс мәселелері қызметтік тәртіп аясында реттелгенін хабарлаған. Алайда осы оқиғаны желіде қызу талқылаған қазақстандықтар шенеуніктердің әрі қарай мемлекеттік органда қызмет етуге моральдық құқығы жоқ екенін жарыса жазды.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

03/02/2026 12:04
306 0

Уведомление