Сот орындаушылары деген кім? Немен айналысады?
masa.media түсіндіреді
Фото: kaztag.info
masa.media Қазақстанның құқық және заң жүйесін түсіндіруді жалғастырады. Осы жолы сот орындаушылары деген кім екенін, немен айналысатынын айтып береміз.
Материалды дайындауға көмектескен Астана (Нұр-Сұлтан) жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Мәдина Жанасаеваға алғыс айтамыз.
Cот орындаушысы деген кім?
Атқару парағын (исполнительный лист) орындататын адам.
Атқару парағы деген — сот шешім не үкім шығарғанда беретін құжат. Онда жазылғандар (мысалы қарызды қайтару, моральдық өтемақы төлеу) міндетті түрде орындалуы керек, яғни сот орындаушысы сот шешімін орындатады.
Олар мемлекеттік және жеке деп бөлінеді.
Айырмашылығы қандай?
Жеке сот орындаушысы орындата алмайтын сот шешімдері бар. Олармен тек мемлекеттік сот орындаушысы айналыса алады:
-
-
-
-
- мемлекеттен өндіріп алу;
- дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) 50 және одан көп пайызы мемлекетке және олармен үлестес заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғадан өндіріп алу;
- табиғи монополиялар субъектілерінен өндіріп алу;
- өндіріп алу мөлшері бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын соманы мемлекет пайдасына өндіріп алу;
- мүлікті тәркілеу не мүлікті мемлекетке беру туралы;
- мемлекет мүддесіне жүргізілетін үйден шығару, үйге қоныстандыру, үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қою.
-
-
-
Бар айырмасы — осы.
Жеке сот орындаушысы да, мемлекеттігі де ғылым, оқытушылық пен шығармашылықтан басқа кәсіптен табыс таба алмайды. Тыйым салынған.
Қандай жағдайда сот орындаушысына баруға болады?
Атқару парағыңыз бар болса. Оны сот үкім не шешім шығарарда береді.
Азаматтар сот шешімін орындамай жатса, сот орындаушысы қайтеді?
Сот орындаушылары азаматқа күштеп сот шешімін орындата алмайды. Бірақ орындату үшін барын салады. Мысалы, борышкерге шот пен жылжитын және жылжымайтын мүлкін пайдалануға, елден шығуға уақытша тыйым салады.
Қарыз көлемі 250 АЕК-тен (729 мың теңге, 1 АЕК = 2 917 теңге) асса, сот орындаушысы борышкерге қандай да бір лицензия, рұқсат не арнайы құқық уақытша берілмесін не мұндай артықшылығы болса, уақытша тоқтатылсын деп сотқа өтініш жолдайды. Азамат сонда да сот талабын орындамай жатса, сот орындаушысы ол әкімшілік не қылмыстық жауапқа тартылсын деп ұсыныс білдіреді.
Сот орындаушыларын қайдан табамын?
-
-
-
-
- Әділет министрлігінің арнайы жүйесі;
- Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы сайты;
- 2GIS мобайл қосымшасына «жеке сот орындаушылары» деп жазсаңыз, байланыс деректері шығады.
- Өңірлік жеке сот орындаушылары палатасына қоңырау шалсаңыз болады.
-
-
-
Кеңес: сот орындаушысын борышкер тұратын қаладан іздеген жөн.
Ақысы қандай болады?
Іс санатына байланысты. Мысалы, борышкерден 60 АЕК-ке (175 мың теңге) дейін қарыз өндіріп алу керек болса, сот орындаушысы оның 25 %-ын (43 мың теңге) алады. Қарыз көлемі артқан сайын сот орындаушысының ақысы азая береді.
Барлық тарифті egov.kz-тен білсеңіз болады.
Сот орындаушысы құқығымды бұзды деп ойламын. Не істеуге болады?
Әуелі сол сот орындаушысына айтып не атына арыз жазып, жұмысын дұрыс атқаруға тағы бір мүмкіндік беріңіз, яғни мәселеңізді араңызда шешіп көріңіз. Бәлкім, құқығыңызды бұзбаған шығар.
Егер жұмысына көңіліңіз толмаса, ол мүше болып отырған өңірлік жеке сот орындаушылары палатасына жүгініңіз. Ондағылар ішкі тексеріс жүргізеді.
Одан да нәтиже шықпаса, сот орындаушысы тіркелген аудан не қаланың сотына барыңыз.
Пікірлер жоқ.