Саясаттағы миллениалдар: олар кімдер, ұстанымы мен ортақ ерекшеліктері

Олжас Сүлейменов деген кім?


07/04/2025
14:03 720 0

Сурет  ашық дерекөздерінен

 

Қазақстанда саясат төңірегіндегі жастардың жаңа буыны қалыптасып келе жатқандай. Бірақ олардың болмысы мен ұстанымдарына қарап, болашақ саяси элита ретінде қабылдауға бола ма деген сұрақ туындайды.

 

Саясатқа бет бұрған миллениалдардың ортақ мінез-құлықтарына тоқталсақ, бірнеше ерекшелікті байқауға болады. Олар көбіне Ақордаға жақын шенеуніктердің айналасынан табылып жатады. Әр жазбасын бөлісіп, әр постын қолдап, пікір қалдырып отырады. Бұл – бір жағынан билікке ұнаудың тәсілі, екінші жағынан көзге түсудің амалы сияқты.

 

Бұл буынның стилі – гламур мен «позитив өмір салтына» жақын. Олар ел ішіндегі өзекті, кейде резонанс тудырған әлеуметтік-саяси мәселелерге көп араласа бермейді. Оның орнына жетістікке жеткен танымал тұлғалармен суретке түсу, элитаға жақындығын көрсету, әлеуметтік желідегі «аудиторияның көзін қыздыру» сияқты әрекеттермен айналысады. Яғни, олар өз маңыздылығын парақшасындағы эстетика мен абыройлы таныстар арқылы қалыптастыруға тырысады.

 

Енді сұрақ туындайды: осындай бағыт ұстанған жастар ертең ел тағдырын сеніп тапсыратындай саясаткерлер бола ала ма? Олар халықтың шынайы мәселесін көтеріп, бұқараның сөзін сөйлей ала ма? Жоқ әлде биліктің көлеңкесінде жүріп, көзбояушылықпен шектеле ме?

 

Бәлкім, біз осы сұрақтар төңірегінде көбірек ойлануымыз керек.

 

Masamedia.kz «Саясаттағы миллениалдар» айдарын ұсынады. Ол саясат алаңындағы жас белсенділер жайында.

 

Айдарымыздың бірінші кейіпкері - Олжас Сүлейменов.

 

Олжас Сүлейменов – Қарағанды облысының тумасы. Шет ауданына қарасты Ақсу-аюлы ауылында дүниеге келген. 35 жаста. «Болашақ» түлегі. 9 жыл Қытайда оқыған. 2009 жылы Сиань қаласындағы Солтүстік-Батыс университетін «қытай тілі мен мәдениеті» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2015 жылы Шанхайдағы Тонгжи университетін бітіріп, «инженер-құрылысшы» мамандығын алып шығады.

 

Drexler & Partner Construction Group, PMJ Asia Construction Group секілді халықаралық компанияларында жұмыс істеген. CentrAsia Group компаниясының өндіріс жөніндегі директоры болған. 2016-2017 жылдары  SHEBERBUILD құрылыс компаниясының бас директоры қызметін атқарады.

 

2019 жылы С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің жастармен жұмыс және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры болған.

 

Назарбаевтың аудармашысы

 

Назарбаев билігі тұсында мінберлерде сөйлеген сөзінде, берген сұхбаттарында оған деген құрметін білдіріп, саясатын ілгерілетуге үлес қосуға дайын екенін жеткізіпті. Тіпті, 2015 жылғы мамыр айында Шанхайда өткен АӨСШК саммиті кезінде экс-президенттің жеке аудармашысы болған.

 

2021 жылы О.Сүлейменов Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында «Тәуелсіздік қырандары» қоғамдық қорының атқарушы директоры ретінде Н.Назарбаевтың алдында сөз сөйлеген.

 

«БҰҰ-да биік мінберден сөзімді Сізден (Нұрсұлтан Назарбаевтан) үлгі алып, ана тілімде бастап, қазақ тілін әлемге тағы бір естірттім. 

…Мені табысыңның сыры неде деп сұрағанда, мақтанышпен айтамын: мен Қарағандыда дүниеге келіп, сол жерде іргетасым қаланды. Шымкентте өстім, сол жерде бизнестің әліппесін үйрендім. Кейін Атырауға барып, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілік пен жауынгерлік рухпен қуаттандым...

Мен өз елімізге, сізге Нұрсұлтан Әбішұлы, құрметті Президент мырза, және аға буын өкілдеріне біздегі барлық мүмкіндіктер үшін шексіз алғысымды білдіремін!

 

Министрдің кеңесшісі

 

Сүлейменов 27 жасында(2018 жылы) сол кездегі дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың жастар саясаты мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. «Олжас Сүлейменов министрдің штаттан тыс кеңесшісі ретінде «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік жастар саясатының тиімді үлгісін қалыптастыруға өз үлесін қосатын болады», - деп жазыпты сол кезде отандық басылымдар.

 

Бұл қызметті Сүлейменов ұзақ уақыт атқарған жоқ.

 

Тоқаевты президентікке ұсынған

 

Олжас Сүлейменов Qazaqstan Team республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің құрылтайшысы. Ұйым 2019 жылы қазан айында құрылған.

 

Ал 2022 жылы 5 қазан күні, республикалық қоғамдық жастар бірлестігі Qazaqstan Team ұйымының активі жиналыс өткізді. Жиналыс барысында қатысушылар Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер ретінде ұсынды.

 

 

Инстаграм желісінен алынған фотосурет

 

«Жиынға қоғам белсенділері, аға және жас буын өкілдері, спортшылар мен кәсіпкерлер қатысты», деп жазады БАҚ.

 

Қазақстанда президенттікке кандидатты тек қоғамдық ұйымдар немесе саяси партиялар ұсына алады

Сайлауға өзін-өзі ұсыну 2017 жылы жойылды.

 

Президенттікке кандидаттар ұсыну сайлау жарияланған күннен кейінгі күні басталып,  сайлауға екі ай қалғанда аяқталды.

 

Сүлейменовтің Instagram-да 100 мыңға жуық оқырманы бар. Жоғарыға бекітіп қойған үш жарияланымның бірі Тоқаевтан медаль алған кездегі суреті. 2022 жылы 17 мамырда бөліскен. Ол пост-та «Happy birthday,Mr. President!» деп Тоқаевты туған күнімен құттықтаған.

 

Екіншісі, әкесімен түскен суреті, үшіншісі БҰҰ-ы жиынында мінберден қытайша сөз сөйлеп тұрған видеосы.

 

Мәжілісменнің інісі

 

Олжас Сүлейменов Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбековтің туған інісі. Бір үйдің екі бірдей баласы «Сол жағалауда» сайран салып жүргені әрине таңғалдырады. «Ескі Қазақстанда» бұл жағдай жиі кездесетін. Ағалы-інілі талай депутат, министр, әкімдер болғаны аян. Бұл үрдіс «Жаңа Қазақстанда» да жалғасын тапқанға ұқсайды.

 

Инстаграм желісінен алынған фотосурет

 

Адамбеков Парламент қабырғасына келгенге дейін «Astana Innovations» АҚ инвестициялар жөніндегі басқарушы директоры, «Astana Invest» ЖШС бас директорының орынбасары, қалалық инвестициялық даму орталығы төрағасының кеңесшісі секілді қызметтердің басын қайырып үлгерген-ді. Ол да «Болашақ» түлегі. Әуелі Шанхайда, кейін Назарбаев Университетінде оқыған.

 

Әкелері Серікбай Адамбеков 35 жыл ішкі істер органдарында қызмет еткен. Беделді, ықпалды адам. Желідегі парақшасында Сүлейменов әкесі жайлы жиі жазады.

 

Қариннің сенімді адамы

 

Instagram мен Facebook-ті белсенді қолданатын кәсіпкердің желідегі парақшаларында әкесінен бөлек, тағы бір адамның суреті жиі жарияланады. Ол – ҚР мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин. Дереккөздер Сүлейменовтің суырылып алға шығуына Ерлан Қариннің ықпалы көп екенін айтады.

 

Инстаграм желісінен алынған фотосурет

 

Қарин – Сүлейменов мүшелік ететін ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрағасы, ал Ұлттық құрылтайда төрағаның орынбасары. Жастар саясаты жөніндегі кеңестің өңірлердегі отырыстарында екеуі үнемі қатар отырады.

 

Сүлейменов Қариннің әр сөзін ұйып тыңдайды, тоқтаса – іліп әкетеді. Әлеуметтік желілерде кеңес жұмысын, төрағаның жүрген-тұрғанын ынты-шынтысымен насихаттайды. Мемлекеттік кеңесшінің үдесінен шығуға тырысатыны әр қимылынан көрінеді. Серікбайұлын жанынан тастамайтынына, өзі төрде отырған жиындарда үнемі оны мінберге шығаратынына қарағанда Ерлан Қарин оған зор сенім артатын секілді. Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда Cүлейменов сөз сөйлегенде мемлекеттік кеңесшінің ым-ишарамен қолдау көрсетіп отырғанын аңғармау қиын еді.

 

Дінге қарым-қатынасы

 

Олжас Сүлейменовтың тағы бір ерекшелігі, ол жылына кемі екі рет меккеге барады. Соңғы үш жылдағы сапарларын сүзіп шығып, осыған көз жеткіздік.

 

Инстаграм желісінен алынған фотосурет

 

Қажылыққа алып баратын бір тур агенттік парақшасын үнемі белгілеп отырады.

 

Кәсіптері

 

Олжас Сүлейменов әлеуметтік желіде өзі дөңгелетіп отырған бизнестері, жеке өмірі жайлы ләм-мим демейді. Инстаграм желісі бір қарағанда қауырт жұмысы жоқ, сауық-сайран салып жүрген салт басты адамның өмір салтын елестетеді. 

 

Инстаграм желісінен алынған фотосурет

 

Adata мәліметінше, Олжас Сүлейменов Kazakh-chinese center of cooperation «Silk road» ЖШС және Qazaqstan Team республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің құрылтайшысы. Алғашқысы 2016 жылы тіркелген, тек сол жылы 415 мың теңге салық төлеген.

 

Одан кейін қазынаға қаржы құймағанына қарағанда жұмысы тоқтап тұрған сыңайлы. Ал Qazaqstan Team 2019 жылы тіркелген. Ол да 2021 жылдан кейін салық төлемеген.

 

БАҚ мәліметінше, Сүлейменов GPS & Smart Construction компаниясының да құрылтайшысы. Алайда компанияның қашан құрылғаны, қанша салық төлегені туралы мәлімет жоқ.

 

Әкесі Серікбай Сүлейменовпен бірге

 

Есесіне, әкесі Серікбай Сүлейменовтің атына тіркелген компанияның табысы, салығы жайлы ақпарат сайрап тұр. 1997 жылы тіркелген «Мақсат» фирмасы» ЖШС соңғы 10 жылда 11,5 млн теңге салық төлеген.

 

4 жыл бұрын ашылған «Құлық Жалаңтөс-Таңат баба» қоғамдық қорының құрылтайшысы да – әкесі Серікбай Сүлейменов.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

07/04/2025 14:03
720 0

Уведомление