Ресейде танымал қазақстандық рэпердің үстінен іс қозғалды
Қазақстандық рэпер Ганвест (Руслан Гоминов) Санкт-Петербургте істі болды, деп хабарлайды Masa media.
Істің мән-жайы
Рэпердің үстінен не үшін іс қозғалғанын «Лига безопасного интернета» қоғамдық ұйымының жетекшісі Екатерина Мизулина түсіндірді.
«Ресей ІІМ-нің Санкт-Петербург қаласы бойынша Бас басқармасы орындаушы Ганвестке қатысты бірқатар композицияларында есірткі заттарын тұтынуды насихаттау фактісі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық ісін қозғады. Қазіргі уақытта әкімшілік тергеу жүргізілуде, материалдар сараптамаға жолданды. Бұл туралы біздің өтінішімізге берілген жауапта айтылған», – деп жазды ол Telegram-арнасында.
Жарияланған құжатта Ганвестке қатысты арыз 2026 жылғы қаңтарда түскені көрсетілген. Оның «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған композициялары психологиялық-лингвистикалық сараптамаға жіберілген.
Ганвест деген кім?
Ганвест лақап атымен танылған орындаушының шын есімі – Руслан Гоминов. Ақтаудың тумасы, 33 жаста. Рэпер музыкалық мансабын жасөспірім шағында бастап, жергілікті концерттерде өнер көрсеткен. 2008 жылы «Батыстың қаруы» деген мағынаны білдіретін Ганвест лақап атын алып, музыкамен кәсіби түрде айналыса бастады. 2018 жылы «Звездопад» әнімен танылды, кейін «Никотин», «Дурман» тректері және «Адьес», «Заразила» мини-альбомдары жарық көрді. Әртіс басқа музыканттармен тұрақты түрде шығармашылық байланыс орнатып, бейнебаяндар шығарып тұрады.
2023 жылы Ганвест «На рахате» трегін шығарып, танымалдығы арта түсті. Орындаушы мәтіндерінде «пэпэ», «шнейне» және «втафаа» секілді ерекше сөздерді қолдануымен де белгілі. Оның айтуынша, бұл – батыстық «вайп»-мәдениетке жасалған сатира.
11:15
50
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.