Пол Маккартни әлемдегі ең бай музыканттардың үштігіне енді
The Beatles тобының негізін қалаушылардың бірі Пол Маккартнидің байлығы 1,4 миллиард долларға жетті.
84 жастағы музыканттан бай адамдар қатарында рэпер Jay-Z (2,8 млрд доллар) мен әнші Тейлор Свифт (2 млрд доллар) бар.
Forbes дерегінше, Маккартни байлығының негізгі бөлігі 1969 жылы құрылған MPL Communications компаниясымен байланысты. Компания музыканттың жеке шығармалары мен жазбаларына қатысты құқықтарды басқарады. Сонымен қатар ол музыкалық каталогтарға инвестиция салу кең таралмай тұрып-ақ өзге орындаушылардың әндеріне құқық сатып ала бастаған.
Оның музыкалық қазынасында Бадди Холлидің әндері, Бродвей мюзиклдерінің музыкасы және Christmas Song, Baby, It’s Cold Outside секілді танымал композициялар бар. MPL мыңдаған әннің құқығына иелік етеді. Forbes компанияның құнын кемінде 250 миллион долларға бағалайды.
Маккартнидің тағы бір табыс көзі – The Beatles тобына тиесілі Apple Corps холдингі. Стриминг платформаларындағы тыңдалымдар, винил пластинкаларының сатылымы мен топтың символикасы бейнеленген тауарлар музыкантқа жыл сайын 50 миллион доллардан астам табыс әкеледі.
Бұдан бөлек, Маккартнидің The Beatles үшін жазған әндеріне қатысты авторлық құқықтары да бар. Forbes бағалауынша, бұл құқықтардың құны кемінде 200 миллион доллар, ал жылдық табысы 10 миллион доллардан асады.
2024 жылы The Times басылымы Пол Маккартниді Ұлыбританиядағы алғашқы миллиардер музыкант деп атаған. Сол кезде оның жұбайы Нэнсимен ортақ байлығы 1 миллиард фунт стерлингке (шамамен 1,27 млрд доллар) бағаланған. Дәулетінің өсуіне тұрақты гастрольдік сапарлары мен Бейонсенің Cowboy Carter альбомына енген The Beatles тобының Blackbird әнінің жаңа нұсқасы да әсер еткен.
12:08
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.