Парламентте қанша журналист-депутат бар?

Әріптестері олардың қандай мәселе көтергенін қалайды?


08/04/2025
14:28 641 0

Коллаж Masamedia.kz

 

Қазақстанда медиа саласының өкілдері саясат сахнасынан жиі көрініп жатады. Халыққа танымал, сөзі өтімді, шешен журналистерді билік түрлі кезеңдерде, әсіресе сайлау науқандары кезінде өз қатарына тартып, насихат пен қоғамдық пікір қалыптастыру үшін пайдаланатыны жасырын емес.

 

Дегенмен, бұл құбылыстың түбінде бір қайшылық бар. Себебі журналистика мен билік — табиғатында бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар. Журналистиканың басты миссиясы — биліктің әрекетін бақылау, қажет жағдайда сын айту, қоғам атынан сұрақ қойып, әділдік талап ету.

 

Бүгінде Парламентте отырған бұрынғы журналист-депутаттар осы міндетін қалай атқарып жүр? Олар әлі де халықтың сөзін сөйлей ала ма, әлде саясаттың бір құралына айналып кетті ме? Алдымен, олардың кім болып жұмыс істегендерін еске түсіріп алсақ.

 

Парламент төріне жайғасқан журналистер

 

Нұртөре Жүсіп, 63 жаста

 

Сенат депутаты

 

Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1996-2002 жылдары – «Жас Алаш», «Ақ жол Қазақстан», «Егемен Қазақстан», «Астана Хабары» газеттерінің бас редакторы. 2008-2019 жылдары – «AIQYN» республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газетінің бас редакторы болған.

 

Бибигүл Жексенбай, 53 жаста

 

Сенат депутаты

 

Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ, Журналистика факультетінде оқыған.

 

 «Хабар» Агенттігінің жүргізушісі ретінде танымал.  «Жетінші арна» - Эра ТВ Бас редакторы, Бас директорының орынбасары, Директорлар кеңесінің төрағасы, «Астана» телеарнасы бас директоры болған.

 

Айгүл Қапбарова, 49 жаста

 

Сенат депутаты

 

Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ, Журналистика факультетінде оқыған.

 

«Шымкент Медиа» МКК директоры-бас редакторы, «Шымкент Ақпараттық орталығы» ЖШС («Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттері) директоры - бас редакторы болған.

 

Әсем Рахметова, 44 жаста

 

Сенат депутаты

 

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған.

 

"Қазақстан" телеарнасының облыстық филиалының редакторы, аға редакторы, "Муниципалды телерадиоканалдың" редакторы, Қызылжар Ақпарат" ЖШС "Солтүстік Қазақстан" облыстық газетінің жауапты хатшысы, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болған.

 

Жарқынбек Амантай, 36 жаста

 

Мәжіліс депутаты

 

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында оқыған.

 

Павлодар қаласындағы  «Аналитикалық ақпарат орталығы» ЖШС тілшісі, «Регион.Kz» жастар газетінің тілшісі,  «Халық радиосы» ЖШС «Ертіс Медиа» радиожүргізушісі.

 

Жанарбек Әшімжанов, 49 жаста

 

Мәжіліс депутаты

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінде оқыған. «Жас Алаш» республикалық газетінің тілшісі, «Жас қазақ» газеті бас редакторының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, «Қазақ газеттері» ЖШС «Ана тілі» газетінің бас редакторы болған.

 

Ермұрат Бапи, 66 жаста

 

Мәжіліс депутаты

 

С.М. Кироватындағы Қазақ мемлекеттік университеті, журналистика факультетінде оқыған.

 

 «СолДАТ» қоғамдық газеті редакциясының бас редакторы, «Тасжарған-ДАТ» газетінің бас редакторы, «ДАРА-инфо» ЖШС-нің бас редакторы, Қазақстандық тәуелсіз ақпаратты көпшілікке тарату орталығының баспагері болған.

 

Дәулет Мұқаев, 32 жаста

 

Мәжіліс депутаты

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінда оқыған.

 

 "Балапан" телеарнасының продюсері, "Хабар"  телернасының жүргізушісі.

 

Максим Рожин, 41 жаста

 

Мәжіліс депутаты

 

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, «Кәсіптік оқыту» мамандығын тәмамдаған. "Телекомпания ЭРА" ЖШС корреспонденті,  "APEX Consult" ЖШС, Media директоры, "QAZCONTENT" АҚ, кеңесші болған.

 

Нартай Сәрсенғалиев, 33 жаста

 

Мәжіліс депутаты

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінде оқыған. "КТК" телеарансының тілшісі, "Қазақстан"  телеарансының жетекші корреспонденті болған.

 

Мақсат Толықбаев, 36 жаста

 

Мәжіліс депутаты

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультетінде оқыған.

 

 «31 арна» тілшісі, «BAK Media Group» ЖШС басшысы, «EURASIA+ORT» арнасының жаңалықтар жүргізушісі, «Қазақстан» телеарнасының бас продюсері болған.

 

Никита Шаталов, 33 жаста

 

Мәжіліс депутаты

 

Қарағанды ​​мемлекеттік университеті, Филология факультетінде оқыған.

 

 «Ақпараттық ресурс» ЖШС SMM менеджері, «Қолданбалы зерттеулер орталығы» ҚҚ медиа-менеджері.

 

Қазыбек Иса, 62 жаста

 

Мәжіліс депутаты

 

Абай атындағы педагогикалық институт, көркемсурет-графика факультетінде оқыған.

 

"Жас қазақ" тәуелсіз газеті редакциясының директоры, "Жас қазақ үні" газетінің бас редакторы, "Жас қазақ үні" газеті редакторлар кеңесінің төрағасы, "Тұран" баспа үйінің директоры, "Жұлдыздар құпиясы" журналының бас редакторы болған.

 

Сергей Пономорев, 64 жаста

 

Мәжіліс депутаты

 

Әл-Фараби атындағы ҚазМУ, Журналистика факультетінде оқыған.

 

КТК телеарнасында жаңалықтар жүргізушісі, «Хабар» агенттігінің жаңалықтар жүргізушісі, «Хабар» телеарнасында «Бармысың, бауырым» бағдарламасын,  КТК телеарнасында «Аптаның портреті» бағдарламасын жүргізді.

 

Журналистер экс-әріптестерінің қандай мәселе көтергенін қалайды?

 

Жания Уранкаева, журналист

 

БАҚ туралы заң

 

Ең алдымен мен жуырда қабылданған «БАҚ туралы» заңды қайта қарауға жіберер едім. Бұл заң талқыланған кезде журналистер мен құқық қорғаушылар көптеген пайдалы ұсыныс айтқанымен, олар соңғы нұсқаға енбей қалды.

 

Мысалы, Қылмыстық кодекстегі 158-бап — журналистің заңды қызметіне кедергі жасау туралы. Ұсыныс бойынша бұл бап Әкімшілік кодекске де енгізілуі керек еді, себебі көп жағдайда журналистерге кедергі келтіру қылмыстық емес, әкімшілік сипатта болады. Яғни, журналисті ұрып-соғу емес, жеңіл түрде ақпаратқа қол жеткізуіне тосқауыл қою жиі кездеседі.

 

Егер бұл өзгеріс енгізілсе, шенеуніктер мен олардың баспасөз хатшылары журналистерден қашпай, заң аясында ашық әрекет етуге мәжбүр болар еді.

 

Ақпарат министрлігінің міндеті

 

Содан соң, бәлкім, елімізде Ақпарат министрлігінің қаншалықты қажет екені туралы мәселені көтерер едім. Себебі Қазақстан ЭЫДҰ (ОЭСР) елдерінің қатарына қосылуға ұмтылады, ал бұл елдерде мұндай министрлік жоқ. Біз еуропалық әріптестерімізбен сөйлескенде, оларда мұндай арнайы министрліктің жоқ екенін айтады. Оның үстіне, біздің министрлік өз функциясын толық атқара алмай отыр.

 

Мысалы, Білім министрлігі мұғалімдерге қатысты мәселе туындаса, солардың жағында болады. Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерді қорғайды, ІІМ – полицейлерді. Ал Ақпарат министрлігі журналистерге қолдау көрсетуі тиіс болғанымен, іс жүзінде бұл өте сирек кездеседі. Керісінше, министрлік көбіне журналистердің өзімен соттасып, олардың жұмысына кедергі келтіріп жатады.

 

Журналистердің әлеуметтік мәселесі

 

Журналистер үшін, әсіресе өңірлік журналистер үшін маңызды тағы бір мәселе – олардың әлеуметтік мәртебесі. Өкінішке қарай, Қазақстанда журналистер ешқандай жеңілдікке ие санатқа жатпайды. Яғни олар әлеуметтік тұрғын үй алу құқығынан да, басқа да мемлекеттік жеңілдіктерден шет қалып отыр.

 

Біздің елде журналистика – негізінен жастар айналысатын жас мамандық. Бірақ өңірлерде жас журналистермен қатар жасы үлкен, тәжірибелі мамандар да бар. Алайда журналистердің жалақысы жоғары болмағандықтан, жасы келген журналистердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы көбіне қиын.

 

Сондықтан журналистерді кем дегенде белгілі бір әлеуметтік санатқа енгізу, оларға да мемлекеттік қолдау тетіктерін қарастыру қажет деп есептеймін.

 

Цензура

 

Біз үшін журналист-депутаттар көтерсе дейтін маңызды мәселелердің бірі – цензура. Қазақстанда цензура бар, бірақ бұл әрдайым жоққа шығарылады, әсіресе шенеуніктер тарапынан. Сондықтан бұл мәселені жай ғана журналистер емес, депутаттардың өзі мінберінен ашық айтып, нақты мысалдар келтіріп көтерсе, оның салмағы әлдеқайда басым болар еді. Журналистер бұл туралы айтып, жазып, күресіп жүргенімен, Ақпарат министрлігі тарапынан нақты әрекет байқалмайды.

 

Жеке басқа табыну

 

Сондай-ақ біз үшін маңызды мәселе – кез келген тұлғаны жеке басқа табыну деңгейіне дейін көтеруге жол бермеу. Өкінішке қарай, біз бұл үрдісті бірінші президент тұсында көрдік, ал Қаңтар оқиғасынан кейін одан арылдық деп ойладық. Бірақ қазіргі кезде елде қазіргі президентті мадақтау, тұлғасын культке айналдыру әрекеттері байқалып отыр.

 

Сондықтан біздегі депутаттар, әсіресе журналистикадан шыққан депутаттар бұл бағытты қолдамауы керек деп санаймын. Керісінше, олар қоғамды алға сүйреп, «даму жолындамыз, енді мұндайға жол бермейік» деп айтуы тиіс.

 

ҚПҮ белгісі

 

Парламентте көтерілсе дейтін маңызды мәселелердің бірі — "Қызметтік пайдалану үшін" (ҚПҮ) белгісімен таратылмайтын ақпараттың көбейіп бара жатқаны. Өкінішке қарай, журналистер, әсіресе бюджетке қатысты ақпарат алғанда, жиі кедергілерге тап болады. Бұл туралы жиі айтылып жүр, бірақ нақты нәтиже жоқ.

 

Керісінше, ҚПҮ деп танылатын ақпараттың көлемі азаюдың орнына, күн санап артып барады. Сондықтан депутат журналистер дәл осы мәселені көтеріп, бюджет қаражатына қатысты барлық мәлімет ашық болуы керек екенін айтуы тиіс. Өйткені бұл — Қазақстан азаматтарының, салық төлеушілердің ақшасы. Әрбір теңгенің қайда, қалай жұмсалып жатқанын халық білуге тиіс.

 

Мысалы, Ақордаға бөлінетін қаражат көлемі, Президент пен жоғары лауазымды тұлғалардың жалақысы — осының бәрі ҚПҮ белгісімен жасырылады. Бұл дұрыс емес. Егер біз елдегі ең үлкен проблема — жемқорлықпен күресеміз десек, ең алдымен бюджет шығындарының ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек.

 

Сондықтан депутаттар осы мәселені мінберден ашық айтып, бюджетке қатысты мәліметтерді ҚПҮ тізімінен алып тастауға күш салуы қажет.

 

Серік Хасен, журналист

 

Ақпаратқа қолжетімділік

 

Журналистердің мемлекеттік органдар мен компаниялардан ақпарат алу мүмкіндігін жеңілдету керек. Қазіргі заңда ақпаратқа сұраныс беру мүмкіндігі бар, бірақ шенеуніктер жауап бермей созып жіберетін немесе жалпы жауапсыз қалдыратын жағдайлар жиі кездеседі. Осыған байланысты, сұраныстарға нақты уақытылы шектеулер қойып, жауап бермеген шенеуніктер мен компания басшыларына жауапкершілікті күшейту қажет.

 

Журналистерді қылмыстық қудалаудан қорғау керек

 

Қазақстандағы журналистер сыни материалдар жариялағаны үшін түрлі қысымға ұшырап жатады. «Жала жабу» немесе «жалған ақпарат тарату» сияқты баптар жиі қолданылады. Осыған байланысты, жала жабу үшін қылмыстық жауапкершілікті азаматтық-құқықтық жауапкершілікке ауыстыру керек деп ойлаймын. Тіпті белгілі бір межеге дейін шектеп, алып тастасада қарсы емеспін.

 

Мемлекеттік БАҚ-ты биліктің қолшоқпары қылуды тоқтату

 

Қазіргі таңда мемлекеттік БАҚ биліктің насихат құралына айналған. Сондықтан оларды үкіметтің ықпалынан азат ету үшін, редакциялық тәуелсіздік беру кепілдігін заң жүзінде бекіту қажет. Егер биліктің бір тармағының тарапынан қандай да бір редакцияны "жекешелендіру" әрекеті байқалса, қылмыстық іс деп табылып, заң аясында сотқа тартылу керек.

 

Журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі

 

Қазақстанда журналистерге шабуыл жасау, қоқан-лоқы көрсету жағдайлары кездеседі. Мұндай әрекеттер үшін жазаны қатаңдатып, БАҚ өкілдерін қорғау механизмдерін күшейтуді қарастыру керек. Заң аясында журналистерді қорғау қатаң түрде заңға бекітілуі керек.

 

Бірінші кезекте сөз бостандығы мен БАҚ тәуелсіз болуын талап етуіміз керек. Қазіргі таңда Қазақстанда цензура өте өршіп тұр. Журналист-депутаттар осы проблеманы көтеріп, журналистердің қорықпай жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайтын реформаларды ұсынуы тиіс.

 

Аймақтық БАҚ-тың дамуына назар аудару қажет

 

Аймақтық журналистика дамымайынша, елдегі ақпарат өрісі кеңеймей керісінше біржақты болып қала береді. Аймақтық проблемаларды республикалық БАҚ арқылы шешу немесе талқылау өте тиімсіз. Журналист-депутаттар шамалары келсе қазіргі таңда өңірлік медианың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін және аймақтық БАҚ-тың кәсибілігін арттыратын бағдарламалар әзірлеуі қажет.

 

Фактчекинг және жалған ақпаратпен күрес

 

Уақыт өткен сайын жалған ақпарат пен манипуляция көбейіп келеді. Осыған байланысты, фактчекингті дамыту үшін гранттар, білім беру бағдарламалары, арнайы платформаларды даярлауды қолға алу қажет.

 

"Жалған ақпаратпен" күрес аясында билік тарапынан кейбір тәуелсіз БАҚ пен жекелей тұлғаларға жасалып отырған қысымды залалсыздандыруды ойластырулары керек.

 

Құқықтық журналистиканы дамыту

 

Құқық қорғау органдарымен байланысты арттыру арқылы құқықтық журналистиканы дамыту керек деп есептеймін.

 

Тергеуші мен журналист етене жұмыс жасау арқылы көптеген әлеуметтік әділеттілікті орнатуға мүмкіндік алады. Журналист-депутаттар осындай тергеу жүргізетін журналистердің қауіпсіздігін, жұмыс эффектісін арттыратын заң жобаларын шығару керек. Тіпті, кейбір дамыған елдердің практикасында бұл тәжірбие түрінде бар. Соны дайын күйінде әкелсе де болатын шығар.

 

Аян Өрібай, журналист

 

Аккредитациялау

 

Былтыр тоғыз журналист Мәдениет және ақпарат министрлігінің аккредитациялау ережесіне қарсы сотқа шағым түсірген болатын. Сол кезде біз өз позициямызды нақты жеткіздік.

 

Аккредитациялау ережесіне журналистерге ұнамайтын бірқатар нормалар енгізілді. Мысалы, бір БАҚ-қа аккредитация алған журналист тек сол БАҚ атынан ғана ақпарат тарата алады. Бұл – әсіресе фриланс журналистердің қолын байлайтын талап. Олар бірден бірнеше редакциямен жұмыс істей алмай, шығармашылық еркіндігі шектеледі. Ал қазіргі журналистиканың сипаты – бір журналист бірнеше БАҚ-қа материал дайындайды. Бұл ережелер соған қайшы келеді.

 

Депутат-журналистер осы мәселені назарға алып, мұндай шектеулерді алып тастаса, дұрыс болар еді.

 

Сонымен қатар, Ақордаға жылына бір рет қана аккредитация алу тәртібі де қолайсыз. Егер сол мерзімді өткізіп алсаң, келесі жылға дейін күтуге тура келеді. Ал әр редакцияда түрлі жағдайлар болады – кадрлар ауысады, журналистер өзгеріп отырады. Сондықтан бұл тәртіп те қайта қаралуы керек.

 

Сөз бостандығы

 

Біз қазіргі депутаттардан сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығын жақсарту бағытында нақты қадамдар күтетінімізді айтқымыз келеді. Цензураны азайту жолдарын қарастыру өте маңызды.

 

Қазір "мемлекеттен қаржы алған БАҚ – мемлекетті сынай алмайды" деген қате түсінік бар. Ал шын мәнінде, "мемлекеттің ақшасы" деген – салық төлеушілердің ақшасы. Маргарет Тэтчер айтқандай, "мемлекеттің ешқандай ақшасы жоқ, тек салық төлеушілердің ақшасы бар". Осыны түсінуіміз керек. 

 

Мемлекеттік орган қаржыны бақылап отырған соң, бұл редакциялардың еркіндігіне әсер етеді. Бүгінгі таңда көптеген редакциялар еркін жұмыс істей алмай отыр. Бұл мәселе Қазақстанның халықаралық сөз бостандығы бойынша рейтингтеріндегі көрсеткішінен де көрініс табуда.

 

Сондықтан депутаттар БАҚ-тың ашық, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін нақты нормаларды ұсынса дейміз. Мемлекеттік қаражатты бөліп жатқанда, әділдік болуы керек. Мысалы, қоғамның сеніміне ие болған адамдардан құралған тәуелсіз комиссия гранттарды әділ бөліп берсе, жақсы болар еді. Мұндай механизмдер БАҚ-тың еркіндігін қамтамасыз ете алады.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

08/04/2025 14:28
641 0

Уведомление