OpenAI озық ЖИ әзірлеу қарқынын бәсеңдетпек

OpenAI компаниясы озық жасанды интеллект модельдерін әзірлеу қарқынын бәсеңдету мүмкіндігін қарастырып жатыр.


11/09/2026
10:14 0

БҰҒАН НЕ СЕБЕП?

 

Bloomberg-тің жазуынша, компания басшысы Сэм Альтман өзге де жасанды интеллект әзірлеушілері осы бастаманы қолдайды деп үміттенеді.

 

Агенттік дереккөздерінің айтуынша, осы аптада компания қызметкерлерімен өткен жалпы жиында Альтман OpenAI жасанды интеллектіні әзірлеу қарқынына белгілі бір шектеу қоюы мүмкін екенін айтқан. Бұл қадамды бірнеше басқа AI зертханасымен бірлесіп жүзеге асыру ықтимал. Алайда олардың кейбірі мұндай ұсынысты қолдамауы мүмкін.

 

OpenAI бұған дейін қауіпсіздік мәселелеріне байланысты соңғы уақытта модельдерді әзірлеудің кейбір бағыттарын баяулатып, жасанды интеллекті ішкі оқытудың жекелеген процестерін уақытша тоқтатқанын мәлімдеген.

 

Шілде айында Альтман Ақ үй өкілдерімен жасанды интеллектінің даму қарқынын белгілеу қажеттілігін талқылағанын да айтқан.

 

МЕКТЕПТЕРДЕ ЖИ ҚОЛДАНУДЫҢ ЖАҢА ТАЛАБЫ

 

Әлем елдері білім ошақтарында ЖИ қолданысын шектеу шараларын қолға ала бастады. Мәселен, Нью-Йорк мэрі қаладағы мемлекеттік мектептерде жасанды интеллектіні қолдануға қатысты жаңа ережелерді жариялады.

 

Билік оқушылардың генеративті жасанды интеллект сервистеріне қолжетімділігін шектеп, мұғалімдермен және сыныптастарымен тікелей қарым-қатынасқа басымдық бермек.

 

Мэрдің айтуынша, балалар дағдыларын өз бетінше дамытып, мұғалімдерімен және сыныптастарымен араласуы, сондай-ақ технологияның көмегінсіз күрделі мәселелерді шешуді үйренуі маңызды.

 

«Балалардың білім алып, дамуы үшін оларға мұғалімдер мен адамдар арасындағы тікелей қарым-қатынас қажет», – деді ол.

 

Жаңа шектеулер келесі оқу жылы бойы қолданылады және бастауыш әрі орта мектептерде оқитын шамамен 600 мың оқушыны қамтиды.

 

Бұдан бөлек, билік оқушылардың экран алдында өткізетін уақытын да қысқартуды көздеп отыр. 3-5 сынып оқушыларына күніне 30 минутқа дейін, ал 6-8 сынып оқушыларына 45 минутқа дейін экран қолдану ұсынылады.

 

фото: polymerbranch.com

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

11/09/2026 10:14
0

Уведомление