Онлайн өмір – офлайн күйзеліс: цифрлық детокс не үшін қажет?
Бүгінде әлеуметтік желі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе жастар үшін онлайн кеңістік – қарым-қатынас, өзін көрсету, ақпарат алу, тіпті өзін бағалау алаңы.
Виртуалды әлемге шамадан тыс ену психологиялық күйзеліс, мазасыздық, жалғыздық сезімін күшейтіп жатқанын мамандар жиі айтады. Masa media тілшісі осы мәселе төңірегінде психолог Ғазиза Әділбаймен әңгімелесті.
Мәселе – желіні қалай қолданатынымызда
Маманның айтуынша, мәселе әлеуметтік желінің өзінде емес, оны қалай қолданатынымызда.
«Адам әлеуметтік желіні өзін басқалармен салыстырып, өз құнын түсіру үшін емес, жеке дамуына пайдалану керек. Егер бизнеске қызықса – сол бағыттағы контентті, егер өмір салтын жақсартқысы келсе – үлгі тұтатын адамдарды бақыласын. Пайдалы аккаунттарға жазылып, зиянды, жаман әдеттерді насихаттайтын, құндылықтарға қайшы контенттен бас тарту маңызды»,- дейді психолог.
Оның пікірінше, цифрлық ортада ақпараттық тазалық сақтау – психикалық денсаулықтың бір шарты.
Идеал өмір – иллюзия
Психолог жастар арасында ең үлкен мәселенің бірі - салыстыру синдромы екенін атап өтті.

«Әлеуметтік желідегі адамның шынайы өмірі қандай екенін біз білмейміз. Оның жетістігінің артында қанша еңбек, қиындық барын көрмейміз. Жастар жылтыраған көрініске қарап, өз өмірін төмен бағалай бастайды. Сондықтан критикалық ойлау керек: «Бұл адамның өмірі расымен осындай ма?» деген сұрақ қоя білу қажет», – дейді ол.
Маман «идеал өмір» түсінігінің иллюзия екенін айтып, әлеуметтік желіні шабыт көзі ретінде ғана қабылдауға кеңес береді.
Әлеуметтік желі жалғыздықты күшейте ме?
Психолог виртуалды әлемге шамадан тыс ену адамның шынайы қарым-қатынасын азайтатынын айтады.
«Адамның құны - адаммен. Біз қарым-қатынас арқылы өсеміз. Егер адам оқшаулануды әдетке айналдырса, жалғыздық сезімі күшейеді. Ал тірі қарым-қатынас, орта, қолдау – психикалық тұрақтылықтың негізі», – дейді маман.
Ол демалу мен оқшауланудың пайдалы екенін жоққа шығармайды, бірақ толық әлеуметтік үзілу ұзақ мерзімде кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.
Мазасыздық пен депрессия неге көбейіп барады?
Маман қазіргі жастардың психологиялық күйіне ақпараттық шамадан тыс жүктеме әсер етіп жатқанын айтады.
«Ақпарат өте көп. Адам болашақты ойлап, өз-өзін қорқытып, мазасыздықты күшейтеді. Сондықтан цифрлық детокс қажет – қажетсіз ақпараттан бас тартып, тек өз мақсатыңа керек дүниені ғана алу керек», - дейді ол.
Психолог адамның ойы мен көңіл күйі тығыз байланысты екенін айтып, мақсат қою мен өзін тыңдай білудің маңызын атап өтті.
Неліктен жасөспірімдер көбірек әсерленеді?
Маман жасөспірімдер мен студенттердің психикасы әлі толық қалыптаспағандықтан, олар еліктеуге бейім болатынын түсіндіреді.
«Жасөспірімдердің гормоналдық жүйесі тұрақсыз, миы толық жетілмеген. Сондықтан олар эмоцияға берілгіш, сыртқы әсерге тез сенгіш келеді. Бұл кезеңде ата-ананың, үлкендердің қолдауы аса маңызды», – дейді психолог.
Ата-ана мен қоғамның рөлі
Психологтың айтуынша, білім беру орындары мен ата-аналар жастармен ашық сөйлесіп, психологиялық сауаттылықты арттыруға күш салуы тиіс.
«Баламен қарсыласып емес, дос ретінде сөйлесу керек. Түсіндіру, қолдау көрсету – ең дұрыс жол», – дейді ол.
Онлайн өмір – тіршілігіңнің бір бөлігі ғана
Сұхбат соңында маман жастарға мынадай ой тастады:
«Онлайн өмір – сенің өміріңнің бір бөлшегі ғана. Шынайы өмірде сенің түрлі рөлдерің бар: бала, дос, студент, азамат. Өзіңді жоғалтпай, өміріңнің авторы бол. Жауапкершілік алсаң, кез келген ортаға бейімделе аласың».
Автор: Қарақат Алманатқызы
12:30
208
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.