Олигархтардың меншігі: қазақ әуежайларына кім қожа?

Қазақстанда республикалық және облыстық маңызы бар 20 әуежай бар. Біршамасы сатылған немесе сенімгерлік басқаруға берілген. Masa media ел әуежайларының кімге тиесілі екенін тарқатады.


27/01/2026
12:47 211 0

Мемлекет меншігіндегі әуежайлар

 

Елдегі оннан астам әуежайға мемлекеттік органдар иелігінде:

 

  • Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы (Астана)
  • Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайы (Ақтөбе)
  • Қорқыт Ата әуежайы (Қызылорда)
  • Павлодар халықаралық әуежайы
  • Өскемен әуежайы
  • Талдықорған әуежайы
  • Ахмет Байтұрсынұлы әуежайы (Қостанай)
  • Балқаш әуежайы
  • Абай халықаралық әуежайы (Семей)
  • Шымкент халықаралық әуежайы
  • Түркістан халықаралық әуежайы
  • Көкшетау халықаралық әуежайы

 

Жеке меншіктегі әуежайлар

 

Қазақстанның алты қаласындағы әуежайлардың акциялары шетелдік және отандық компанияларға сатылған:

 

  • Алматы халықаралық әуежайы
  • Орал халықаралық әуежайы
  • Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежай (Атырау)
  • Әулие Ата халықаралық әуежайы (Тараз)
  • Сарыарқа халықаралық әуежайы (Қарағанды)
  • Жезқазған әуежайы

 

Түріктердің меншігіндегі Алматы әуежайы

 

Қазақстандағы ең үлкен әуежай. Бастапқы авиация нысаны 1935 жылы құрылған. Ұшып-қону жолағы 1998 жылы жөнделіп, әуежай халықаралық статусқа ие болды. 2024 жылы жаңа терминалы ашылды. Әуе айлағы 2025 жылы 12 млн астам жолаушыға қызмет көрсеткен.

 

 

Әуежай  акцияларының 85% түріктің TAV Airports Holding компаниясына тиесілі. Қалған 15%-ы – Kazakhstan Infrastructure Fund үлесі.

 

TAV Airports Holding әлемнің 7 еліндегі 12 әуежайға иелік етеді. Мәселен, Түркиядағы Gazipasa Alanya, Esenboga, Adnan Menderes, Milas Bodrum әуежайларының 100% акциясы, Тбилиси әуежайының 80%-ы, Скопье халықаралық әуежайының 100%-ы осы компанияға тиесілі.

 

Франциялыққа сатылған Атырау әуежайы

 

Әуежайдың негізі 1931 жылы қаланған. Әуе айлағына 2020 жылы Жеңістің 75 жылдығына орай қаһарман ұшқыш Хиуаз Доспанованың есімі берілді.

 

2024 жылы Атырау әуежайын катарлық инвестор сатып алды. Бұрын оны «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдары» ЖШС пен түріктің Mağdenli компаниясы 50/50 үлеспен басқаратын. Қазір әуежай толығымен QazAir Investments LLC компаниясының меншігінде.

 

 

Компания Дохада тіркелген, негізгі акционері – Франция азаматы Авраам Даниэль Данино. Ол «Көпполярлы әлем институтының» (Multipolar World Institute) негізін қалаған. Бұдан бұрын Азаттық тілшілері дәл осы институт пен «Бруно Луссато және Марина Федье орталығы» институтының мекенжайы бірдей екенін анықтаған. «Бруно Луссато және Марина Федье орталығы» – олигарх Олег Дерипасканың иелігінде. Дерипаска шетел санкцияларына ұшыраған.

 

Турловтың иелігіндегі Сарыарқа әуежайы

 

Әуежай 2024 жылға дейін ТОО «Sky Service» басқаруында болды. Сол жылдың мамыр айында компания акцияларының 60%-ын Freedom Holding Corp мажоритарлы акционері Тимур Турлов (Turlov Private Holding арқылы) сатып алды. Компанияның 35% үлесі «Верный Капиталдың» бұрынғы бас директоры Ерлан Оспановқа тиесілі.

 

 

Серіктестер Сарыарқа әуежайын аймақтық авиациялық жүк тасымалы торабына айналдыруды көздейді. Қазір әуежай Эквадор, Бельгия және Нидерланд мемлекеттерінен тұрақты түрде жүк рейстерін қабылдайды.

 

Ресей ықпалындағы Орал әуежайы

 

Мәншүк Мәметованың есімі берілген Орал халықаралық әуежайы – елдің батыс әуе қақпасы. Жылына 500 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді.

 

Әуежайдың екі ірі акционері бар. Қазақстандық жеке кәсіпкер Дәулетхан Қилыбаевтың үлесі – 49%, «Орал Менеджмент» ЖШС-ның үлесі – 2%. Ал үшінші құрылтайшы ресейлік «Ретранс» АҚ («Аэропорты Регионов» БК) үлесі – 49%.

 

SCAT-қа сатылған Тараз әуежайы

 

Тараз қаласының әуежайы 1974 жылы құрылған. Әуежай арқылы Алматы, Астана, Мәскеу қалаларына тұрақты рейстер орындалады. Сондай-ақ, Қарағанды, Ақтау, Атырау қалаларына жоспарланған рейстер бар.

 

2011 жылдан бастап әуе айлағының 100% акционері –  «SCAT Airlines» АҚ.

 

 

Scat-тың 57% акциясы Владимир Денисовке, ал 43% үлесі Владимир Сытникке тиесілі. Денисов Forbes жариялаған «Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені» тізімінде 45-орында.

 

«SCAT Airlines» Тараз әуежайынан бөлек, «Южное небо» АҚ арқылы Шымкент халықаралық әуежайын да сенімгерлік басқаруға алған.

 

«Қазақмыс» қарамағындағы Жезқазған әуежайы

 

Әуежайдың негізі 1949 жылы қаланған. Жылына шамамен 30 мың адамға қызмет көрсетеді. Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жолаушы тасымалдайды.

 

 

Әуежайдың 100% акциясы «Жезқазган Эйр» компаниясына тиесілі. Оның құрылтайшысы – «Қазақмыс» корпорациясы. 2025 жылдың соңында корпорацияның иесі ауысты. Бұрын Владимир Ким мен Эдуард Огай бақылауында болған бірқатар активтермен бірге компания Нұрлан Артықбаевтың иелігіне өтті. Ол Qazaq Stroy құрылыс-девелоперлік компаниясының иесі ретінде танымал.

 

 

 

 

 

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

27/01/2026 12:47
211 0

Уведомление