Назарбаев, суперпрезиденттік жүйе, халық сөзі: Тоқаевтың жаңа Конституция туралы пайымы қандай
Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында конституциялық реформа туралы пайымын ортаға салды.
Теңдесі жоқ комиссия
Мемлекет басшысының айтуынша, Конституцияға қатысты пікір алмасулардың басталғанына жарты жылға жуықтады. 130 адамның басын қосып, комиссия құрудағы мақсат – сол пікірлер мен ұсыныстарды жан-жақты жүйелеп, саралау дейді президент.
«Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы комиссия құрамында шетел мамандары жоқ», – деп астын сызып айтты Тоқаев.
Жалпыұлттық ауқымдағы талқылау
Президент комиссия жұмысы барынша ашық жүргізілді деп есептейді. Еліміздегі реформалар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылмағанын атап өтті.
«Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде цифрлық платформаларды кеңінен қолдандық. Конституциялық реформаға байланысты азаматтармен байланыс желілері тиімді жұмыс істеді. Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқымдағы талқылау болды десек, дұрыс болар», – деді мемлекет басшысы.
Суперпрезиденттік жүйеден бас тарту
Тоқаевтың сөзінше, Қазақстанның соңғы жылдары жүргізген саяси реформаларының мақсаты – суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшу.
«Шын мәнінде, бұл – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз. Ұсынылған түзетулер билік құзыреттерін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйесіндегі теңгерімді күшейтуге, ең бастысы, барлық саяси институттардың тиімділігі мен орнықтылығын жақсартуға мүмкіндік береді», – дейді ол.
Адам құқығын қорғайтын жаңа нормалар
Президент жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстанда адам құқығының қорғалуына кепілдік беретін және оның нақты жолдары айқын көрсетілетін біртұтас жүйе қалыптасады.
«Мысалы, адвокаттардың ұсынысымен Ата Заң жобасына адвокатура туралы жеке бап қосылды. Жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипаты да нақтылана түсті. Ал «Неке – еркек пен әйелдің ерікті және теңқұқылы бірлестігі, яғни одағы» деген тұжырым арқылы қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу мақсаты көзделді», – дейді Тоқаев.
Президент түзетулердің ішіне тағы бір аса қажетті норманы енгізу керегін айтты. Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтыруды тапсырды.
Сапалы мәтін
Тоқаевтың пікірінше, жаңарған Ата Заң – конституциялық құрылысқа қатысты әлемдік талаптарға сай және адам құқықтары және ұлттық мүддемізді толық қорғайтын құжат.
«Жаңа Конституция жобасын шын мәнінде озық, яғни түбегейлі жаңарған, әрбір тұсы сарапталған, сапалы жазылған мәтін деп атауға толық негіз бар», – деді президент.
Назарбаевтың еңбегі
Мемлекет басшысы қолданыстағы конституцияның мән-маңызын да құнсыздандырған жоқ.
«Соңғы 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бастауында Ата Заңымыз тұрғаны сөзсіз. Бұл – тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы», – деп атап өтті ол.
Дегенмен бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғандықтан, бүгінгі әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық өзгерістерге сай келмейтінін айтты. Сондықтан Қазақстанның мақсат-міндеттерін, құндылықтары мен қағидаттарын конституциялық деңгейде жаңғыртатын уақыт келді деп есептейді.
Соңғы сөз – халықтікі
Тоқаевтың пайымынша, жаңа Конституцияның жобасына аса қажетті әрі озық нормалар енгізілген.
«Жаңа Конституция Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашады деп сенемін. Қалай десек те, Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады», – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, елімізде конституциялық комиссия құрылғалы оның 10 отырысы өтті. Комиссия мүшелері ел назарына ұсынылған Конституция жобасы әлі де өзгеретінін айтады.
13:28
319
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.