«Нағыз чемпион»: Аяқ киімі үшін алтыннан қағылған Тоқсанбаеваға пәтер берілді
Ұйымдастырушылардың айтуынша, пәтер спортшының алдағы Олимпиада ойындарына дайындығына қолдау болмақ.
Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваға бір бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Ол 2026 жылғы Азия ойындарында мәреге бірінші болып жеткенімен, жарыстан шеттетілген еді. Спортшыға пәтерді Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы мен демеушілер сыйлаған.
Федерация өкілдері жарыстан шеттетілгеніне қарамастан, Ясминаны Азия ойындарының нағыз чемпионы деп санайтынын жеткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, пәтер спортшының алдағы Олимпиада ойындарына дайындығына қолдау болмақ.
Еске салайық, 27 қыркүйекте Жапонияда өткен Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаева марафондық спорттық жүрістен мәреге бірінші болып жетті. Ол 42 шақырымдық қашықтықты 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, ең жақын қарсыласынан төрт минутқа жуық озып кеткен.
Алайда қазақстандық спортшыға алтын медаль бұйырмады. Мәреден кейін төрешілер оның аяқкиімін тексеріп, кроссовка үлгісі World Athletics ұйымы бекіткен рұқсат етілген аяқ киімдер тізіміне кірмейтінін анықтаған. Соның салдарынан спортшының нәтижесі жойылды. Қазақстан тарапы бұл шешіммен келіспеді. Федерация өкілдері Ясминаның кроссовкасы жарыс басталмай тұрып тексеріліп, қолдануға рұқсат берілгенін мәлімдеді.
Сондай-ақ федерация даудың қалай шешілетініне қарамастан, жеңіл атлетке бірінші орын үшін берілетін сыйақыны төлеуге уәде етті. Қазақстан тарапы шешімді қайта қарату үшін Спорттық арбитраж сотына (CAS) жүгінуді көздеп отыр.
9 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ясмина Тоқсанбаева «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен де марапатталды.
фото: Ақорда
10:08
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.