Моншада мектеп ашқан: жекеменшік білім ошақтарының былығы әшкереленді
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептердегі былықтарды жайып салды, деп хабарлайды Masa Media.
Министрдің айтуынша, елдегі бірқатар жекеменшік мектептерде оқу стандарты толық орындалмай отыр. Тек пәндердің оқытылмауы ғана емес, өзге де өрескел заңбұзушылықтар тіркелген.
«Сабақ берілмеген, бірақ тіркелген балалар бар. Сонымен қатар оқу стандартын толық орындамаған, әскери дайындық, дене шынықтыру пәндері секілді пәндерді оқытпаған. Сондай-ақ өздерінің ғимаратының мақсаты келмейтін мектептер бар, яғни қоймада, моншада мектеп ашып, соны заңдастырып рәсімдемеген», – дейді министр.
Министрдің сөзінше, талаптарға сай келмейтін мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастырылмайды. Ал барлық стандарттарды орындайтын, ғимараты мен педагог құрамы талапқа сай білім беру ұйымдары жұмысын жалғастыра береді.
Лицензия беру шарты
Еске салайық, бұдан бұрын ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова елімізде жеке мектептерге қойылатын талаптар өзгеретінін мәлімдеген. Енді елімізде жеке мектептер тек нақты қажеттілік туындап отырған өңірлерде ғана ашылады. Лицензия тек үшауысымды мектептерді, апатты жағдайда тұрған білім ордаларын алмастыру мақсатында мемлекеттік мектептер жетіспейтін өңірлерге ғана берілмек.
Құрылтайшылар жауапкершілігі
Жеке мектептер құрылтайшыларының жауапкершілігі де заң аясында жетілдіріледі. Олар мектептердегі білім сапасы, ұстаздардың біліктілігі және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапкершілік алады. Қазіргі таңда құрылтайшылардың ғана емес, мектеп директорларын тағайындау тәртібін де өзгерту жоспарланып отыр. Енді мектеп директорларын бұрынғыдай құрылтайшылар таңдамайды. Шешім қабылдау кезінде салалық министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың келісімі ескеріледі.
Қазақстанда қанша жеке мектеп бар
Қазіргі таңда еліміздегі 785 жеке мектептің құжаттары цифрландырылды, жалпы лицензиясы бар 890 жеке мектеп бар. Үкімет жаңадан ашылатын жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыру ісіне мораторий жариялауды жоспарлауда.
14:45
48
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Пікірлер жоқ.