Моджтаба Хаменеи деген кім?

Иранның жаңа рухани көсемінің елдегі саяси рөлі мен ықпалы


09/03/2026
04:47 121 0

«Жауларға жеккөрінішті» адам

 

Иранның Сарапшылар кеңесі марқұм аятолла Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеиді әкесінің орнына елдің жоғарғы көшбасшысы қызметіне тағайындады.

 

Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, 56 жастағы орта деңгейлі дін қызметкері Моджтаба Хаменеи АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әуе шабуылдары кезінде аман қалған. Ол әкесі – аятолла Әли Хаменеи АҚШ пен Израиль соққысынан қаза тапқаннан кейін бір аптадан астам уақыт өткен соң оның мұрагері атанып отыр.

 

Сарапшылар кеңесінің мүшесі аятолла Мохсен Хейдари Алекәсир жариялаған бейнеүндеуде үміткердің Әли Хаменеидің «Иранның жоғарғы көшбасшысы жауларға жеккөрінішті болуы тиіс» деген нұсқауына сай таңдалғанын айтты.

 

«Тіпті Ұлы шайтан – АҚШ-тың өзі оның есімін атап өтті», – деді ол. Бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамп Моджтабаны «қабылдауға болмайтын кандидат» деп атағаннан бірнеше күн өткен соң жасалды.

 

Қолдаушылары кімдер?

 

Моджтаба Хаменеи әкесінің билігі кезінде қауіпсіздік құрылымдарына жақын ықпалды тұлғалардың біріне айналып, олардың бақылауындағы ірі экономикалық желілермен де тығыз байланыс орнатты. Ол Иранның ядролық бағдарламасын шектеуге тырысқан Батыс елдерімен диалог орнатуды көздейтін реформашыл топтарға қарсы болған.

 

 

Reuters дереккөздердің айтуынша, оның элиталық Ислам революциясы сақшылар корпусы – КСИР-мен (IRGC) тығыз байланысы елдің саяси және қауіпсіздік жүйесінде қосымша ықпал береді. Моджтаба көп жыл бойы әкесінің «қақпашысы» ретінде бейресми түрде ықпалын күшейткен.

 

АҚШ-тағы United Against Nuclear Iran ұйымының КСИР бойынша зерттеулер жетекшісі Касра Аарабидің айтуынша, Моджтабаның әсіресе корпус ішіндегі жас әрі радикал буын арасында қолдауы күшті.

 

Иранда жоғарғы жетекші – мемлекет істері бойынша соңғы шешімді қабылдайтын тұлға. Оның құзыретіне сыртқы саясат пен елдің ядролық бағдарламасы да кіреді. Батыс мемлекеттері Тегеранның ядролық қару жасауына жол бермеуге тырысса, Иран өз бағдарламасының тек бейбіт мақсатқа арналғанын мәлімдеуден танбай келеді.

 

Десе де, Моджтаба Хаменеи Иран қоғамының бір бөлігінің қарсылығына тап болуы мүмкін. Соңғы жылдары елде еркіндік талап еткен жаппай наразылықтар бірнеше рет өтіп, билік оларды қатаң түрде басып келгені белгілі.

 

Елдегі саяси рөлі

 

Моджтаба Хаменеи 1969 жылы шииттер үшін қасиетті саналатын Машһад қаласында дүниеге келген. Оның балалық шағы әкесі шах билігіне қарсы оппозициялық қозғалыстың жетекшілерінің бірі болған кезеңмен тұспа-тұс келді. Моджтаба Хаменеи жас кезінде Иран-Ирак соғысына қатысқан.

 

Ол Ирандағы шииттік діни білімнің орталығы саналатын Қом қаласындағы діни медреселерде білім алып, «хожжат-ул-ислам» дәрежесіне ие болды.

 

Моджтаба Хаменеи ешқашан Ислам республикасының мемлекеттік құрылымдарында ресми қызмет атқармаған. Ол билікті қолдайтын митингілерге қатысып жүргенімен, көпшілік алдында сирек сөйлейді.

 

Оның саяси рөлі Иранда ұзақ уақыттан бері пікірталас туғызып келеді. Сыншылар 1979 жылғы революция кезінде АҚШ қолдаған монархияны құлатқан елде биліктің әулеттік сипат алуына қарсы.

 

Діни жасақпен байланысы

 

2019 жылы АҚШ Қаржы министрлігі Моджтаба Хаменеиге санкция енгізген. Ведомствоның мәлімдеуінше, ол ешқашан сайланбағанына және мемлекеттік қызметке ресми тағайындалмағанына қарамастан, жоғарғы жетекшінің өкілі ретінде әрекет еткен.

 

 

АҚШ деректеріне сәйкес, Әли Хаменеи кейбір өкілеттіктерін ұлына тапсырған. Моджтаба КСИР-дің «Құдс» күштері мен «Басидж» атты діни жасақпен тығыз жұмыс істеп, әкесінің аймақтағы ықпалын кеңейту және ел ішіндегі қатаң саясатты жүзеге асыру бағытында әрекет еткен.

 

2022 жылы полиция бөлімінде қаза тапқан жас әйелдің өлімінен кейін Иранда басталған жаппай наразылықтар кезінде көшеге шыққандардың басты нысанасы Моджтаба Хаменеи болды. Ажал құшқан әйел ислам республикасының қатаң киім ережелерін бұзды деген айыппен ұсталған еді.

 

Сыншылар уәжі

 

Сыншылар Иранның рухани көсемі болуға оның діни дәрежесі жеткіліксіз деп санайды. «Хожжат-ул-ислам» дәрежесі аятолла атағынан бір саты төмен. Ал бұл атақ оның әкесі Әли Хаменеи мен Ислам республикасының негізін қалаған Рухолла Хомейниге тиесілі болған.

 

Дегенмен, ол бұл лауазымға ықтимал үміткерлер қатарында қала берді. Әсіресе 2024 жылы негізгі кандидаттардың бірі – бұрынғы президент Эбрахим Раиси тікұшақ апатынан қаза тапқаннан кейін оның ықтималдығы артты.

 

2007 жылы жазылған және кейін WikiLeaks жариялаған АҚШ дипломатиялық жеделхатында үш ирандық дереккөз Моджтабаны Хаменеиге жетудің бір жолы ретінде сипаттаған.

 

Көпшілік Моджтаба Хаменейді 2005 жылы президент болып сайланған қатаң бағыттағы саясаткер Махмуд Ахмадинежадтың саяси сахнаға тез көтерілуінің артында тұрған адам деп есептейді.

 

2009 жылы даулы сайлауда Ахмадинежад екінші мерзімге жеңіске жеткен кезде Моджтаба оны қолдаған. Бұл сайлау нәтижесі үкіметке қарсы жаппай наразылықтарға ұласып, оларды «Басидж» және басқа қауіпсіздік күштері күшпен басып тастаған.

 

Сол сайлауда үміткер болған реформашыл дін қызметкері Мехди Карруби Әли Хаменеиге хат жазып, Моджтабаның Ахмадинежадты қолдауда рөл атқарғанын сынға алған. Алайда Хаменеи бұл айыптауларды жоққа шығарған.

 

 «Түкке тұрғысыз адам»

 

Айта кетейік, бұдан бұрын Дональд Трамп Axios басылымына берген сұхбатында Иранның келесі көшбасшысы туралы ойын ортаға салған. Оның айтуынша, елдің болашақ басшылығын айқындау процесіне өзі қатысуы қажет. Ол мұндай тәжірибе бұған дейін Венесуэлада жағдайында да болғанын алға тартты.

 

Трамп сонымен қатар марқұм аятолла Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеидің әкесінің орнын басу мүмкіндігі жөнінде де пікір білдірген.

«Олар уақыттарын босқа кетіріп отыр. Хаменейдің ұлы – түкке тұрғысыз адам. Мен тағайындау процесіне қатысуым керек, Венесуэлада Делси Родригесті тағайындағандай. Хаменеидің ұлы мен үшін мүлде қолайсыз. Иранға үйлесім мен бейбітшілік әкелетін адам қажет», – деді Трамп.

 

 фото: nationthailand.com

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

09/03/2026 04:47
121 0

Уведомление