«Мұндай қатыгездікті кездестірмеппін»: Бишімбаевтың ісін тергеу аяқталды

Экс-министр әйелі Салтанат Нүкенованы «ұрып өлтірді» деген күдікке іліккен


09/01/2024
10:22 9935 0

Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды. Бұл жөнінде жәбірленуші тараптың қорғаушысы Жанна Оразбахова хабарлады. 

 

Өткен аптаның соңында бізге Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істің сотқа дейінгі тергеуі аяқталғанын айтты. Қазір бізді іс бойынша жүргізілген экспертизалармен таныстырды, бірақ қылмыстық іс материалдарын толық көрген жоқпыз. Мұндай істер бойынша тәжірибем мол, бірақ экспертизадан мұндай қорқынышты деректерді көрмеппін. Мұндай қатыгездік пен салқынқанды әрекетті кездестірмеппін. Салтанаттың туыстарын ойлап, қылмыстық іс жайлы айта алмаймын, — деп жазды адвокат Instagram парақшасына. 

 

Жанна Оразбахова іс бойынша қамауға алынған Бишімбаевтың ағасын «аса ауыр қылмыстың дайындалып жатқанын біле тұра хабарламау» бабы бойынша тергелу қажеттігін айтты. 

 

2023 жылы 9 қарашада Астанадағы ресторандардың бірінде бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова ауыр соққыдан қаза тапқаны жөнінде ақпарат тараған. 11 қарашада Бишімбаев сот шешімімен күдікті деп танылып, екі айға қамауға алынған.

 

Бұл оқиға қоғам наразылығын туғызып, белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніндегі заңды қатайтуды талап етіп, петиция жариялаған. Оған 150 мыңнан астам адам қол қойған. 15 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігіне Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істі «ерекше бақылауда ұстауға» тапсырма берген. 

 

Бишімбаев 2018 жылы жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталған. Кейін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев оған кешірім берген. 2019 жылы қазанда Бишімбаев шартты түрде қамаудан шыққан.

Бөлісу

Пікірлер жоқ.

09/01/2024 10:22
9935 0

Уведомление